Жалпы жүректерді рухани жағдайларына қарай үш түрге бөлуге болады:
- а. Жаратылыс мақсаты мен қасиетін сақтап қалған жүректер
- ә. Мөр басылған және өлі жүректер.
- б. Науқас әрі ғапыл жүректер.
Жаратылыс мақсаты мен қасиетін сақтаған жүректер.
Бұлар - зікірдің арқасында надандықтан оянған зікіршіл жүректер. Нәпсілері рухани байып, жүректері иман нұрына толған. Бұлар төмендегі аят кәрималардың шартын орындауға қол жеткізген адамдар:
«Ей, иман етушілер! Алланы өте көп зікір етіңдер!» (Ахзаб сүресі 41)
«Раббыңның есімін зікір ет! Барлық жан дүниеңмен соған бет бұр!» (Мүзәммил сүресі 8-аят)
«Сондай салих адамдар бар. Оларға Алланы зікір етуге, намазды лайықты түрде оқуға және зекет беруге саудагерлігі де, сауда-саттығы да бөгет емес. Олар жүректер мен көздер қорқыныштан мың құбылатын бір күннен қорқады» (Нұр сүресі 37-аят).
Осы қасиеттегі жүрекке ие құлдарда Хақ Тағаланың жамалдық (көркемдік) сипаттарының көрінісі - жалалдық (айбындылық) сипаттарының көріністерінен басым болады. Және осындай жүрегі барлар - Алла (жәллә жәләлүһү), Расулұллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) және Құран Кәрімнің ахлағын бойына сіңіріп, кемелденген адамдар. Бұлар - Алла пен Расулына деген сүйіспеншілік, құлшыныс пен махаббаттың арқасында нәпсілік құмарлықтардан арылып, «мә-сиуәға» (Алладан басқасына) көңіл бұрмайтын жүректер. Мұндай жүректер Құран Кәрімде «қалб-и сәлим (таза жүрек)», «қалб-и мүниб (шынайы жүрек)» және «қалб-и мұтмайн (қанағатты жүрек)» деген сипаттарымен мадақталады. Алла Тағаланың алдында ұнамды болған жүректерді қысқаша былай түсіндіруге болады.
Қалб-и сәлим – нәпсінің құмарлықтарынан және олардың шабуылынан қорғана білген немесе арылған жүрек.
Қалб-и мүниб – үнемі Хақ Тағалаға бет бұрған жүрек. Ол фәни байлаулардың тұтқынынан құтылып, сүйіспеншілікпен әрі шабытпен мәңгілік әлемнің ләззаттарын алады. («Қаф» сүресі 32-33 аяттар).
Қалб-и мұтмайн болса, иман шаттығына бөленіп, жақсы ахлақтың кемелдігіне қарай бет алған жүрек. («Рағд» сүресі 28-аят).
Сәлим, мүниб және мұтмайн сипатына ие жүректердің белгілері: көңілшек, жаратылысқа мейірімді, көзі мен көңілі жасқа толы, өз халіне риза болу, хақ пен жақсылыққа қызмет, жамандықтан қашу, насихат пен дұрыс жолға ұмтылу, иләһи сүйіспеншілікке ынтық болу.
Шынайы ниетпен «дұға және истиғфар» айтумен қатар, «адал тамақтануға» көңіл бөлу осы жүрек дәрежесінің қоры болып табылады. Бұл қорды сақтау тек салих амалдар жасаумен ғана мүмкін болады. Адам болғандықтан күнәлардан үнемі аулақ болу мүмкін емес. Күнәлар жүректің сезімталдығын (қасиетін) азайтып, оны ақиқат алдында рухани соқыр әрі саңырау ететіндіктен, жүректің жағымды көріністерге ие болуы үшін шынайы истиғфар мен дұғаға жүгіну шарт.
Мөр басылған өлі жүректер
Бұл топқа жататын жүректер - зікір етуші тірі жүректерге қарамақарсы, иман нәсібінен құр алақан және үстіне мөр басылған өлі жүректер. Мұндай жүректердің тозақ шұңқырының бір шұңқырындай болған қабірлерден айырмашылығы жоқ. Бұл жүректер - пайғамбар, әулие және салихтардың жүрегіне кереғар жүректер. Нәпсі құмарлықтан басқа талабы жоқ жүректер. Осындай жүрекке ие болғандардың – дүниеде ішіп-жеуден, өткінші құмарлықтармен өмірін өткізуден басқа мақсаттары жоқ. Өмірлік мақсаттары хайуандардан артық емес. Кейде олардан да төмен. Алла Тағала аят кәримада былай баяндайды:
«Иман етіп, изгі амал еткендерді, сөзсіз Алла Тағала астынан өзендер аққан жәннаттарға кіргізеді. Кәпірлер болса дүниеден пайдаланады және хайуандар сияқты жейді. Олардың барар жері от» (Мұхаммед сүресі 12-аят).
Басқа бір аят кәримада былай делінеді:
«Ей, Расулым! Әлде олардың көбі ақиқатты естиді немесе түсінеді деп ойлайсың ба? Олар тек қана хайуандар сияқты. Негізінде жағдайы одан да төмен дәрежеде» (Фұрқан сүресі 44-аят).
«Олар саңырау, сақау әрі соқыр. Сол себепті олар алған беттерінен қайтпайды» (Бақара сүресі 18-аят).
«Әлбетте, сен өлгендерге естірте алмайсың. Теріс бұрылып кетіп бара жатқан, шындыққа қарсы құлақтарына мөр басылған саңырауларға ол шақыруды естірте алмайсың!.. Сен ақиқатты көрмейтін соқырларды да түскен азғындықтарынан шығарып, тура жолға сала алмайсың! Сен тек қана аяттарымызға сеніп, мойынсұнғандарға ғана тыңдата аласың» (Нәміл сүресі 80-81 аяттар).
Бұндай адамдардың жүректері құлыптаулы әрі оған мөр басылғандығы осы аяттарда баяндалады:
«Алла олардың жүректері мен құлақтарына мөр басқан. Олардың көздеріне де перденің бір түрі ілінген. Және олар үшін үлкен азап бар» (Бақара сүресі 7-аят).
Осы жерде көңіл бөлерлік жәйт: Құран Кәрімдегі жүрегіне мөр басылғандар дегенде көбінесе «зұлымдық», «күпірлік» және «пасықтық» сияқты күнәләрды істеушілер айтылады. Осы сипаттағы адамдарға байланысты Құран Кәрімнің жиырма алты жерінде «Алла оларды һидаятқа бөлемейді» делінген. Бұл аяттардың он екісі залымдар, сегізі кәпірлер және алтауы пасықтар хақында түскен. Бірақ бұл күнәлардан бас тартып, шын көңілмен Аллаһқа бет бұрған құлдарға һидаят есігі ашық....
Науқас және ғапыл жүректер
Бұлар сау жүрек пен өлі жүректің ортасындағы дәрежеде. Мұндайлардың халі науқас адамдардың азапқа толы өміріне ұқсайды. Не өмірінде үйлесімділік жоқ, не ішкі дүниесінде тыныштық жоқ. Ішкі жан дүниесіндегі құбылмалылық сыртқы дүниесіне, ал сыртқы дүниесіндегі күйзеліс болса, ішкі жан дүниесіне жағымсыз әсер етеді. Санасындағы тұрақсыздық барлық іс-әрекеттеріне кері әсерін тигізеді. Шүбә мен сан құбылушылықтың толқынында малтыған мұндай науқас және ғапыл жүректерге - надандық, құмарлық және ашкөздік себепті қашан да болса, жаппай жамандыққа бату қаупі төніп тұрады. Сондықтан бұлар тез арада рухани ауруға шалдығатын жүректер.
Аят кәримада бұл адамдар хақында Алла Тағала былай деген:
«Олардың жүректері науқас, Алла да олардың ауруын арттырады. Айтқан өтіріктері үшін, оларға ауыр азап бар» (Бақара сүресі 10-аят).
Шүбә. Бір ақиқатты ұстана алмай, нұрлы рухани өмірден құр қалу ауруы. Ол жүрекке рухани өлім азабын әкеледі. Жүректі қанағаттандырарлық имани табандылықтан мақрұм етеді. Оларды үнемі беймазалық кеселіне душар етеді.
Надандық. Ақиқаттан құр алақан қалудың азабын да сезбейтіндей дәрежеде соқырлық, бейшаралық, қараңғылық пен ауыртпалыққа толы хал. Бұл жағдай оларды тұтастай орап алып, тағдырларының соңы қасірет пен пәлекетке апаратын жолға жүргізеді.
Құмарлық пен ашкөздік. Жүректің жұмсақтығынан айырылып, қатаюының кесірінен, тоймайтын қалаулардың айтқанымен жүру ауруы. Бұл сияқты түрлі астамшылықтар - тек қана қабірстанның қара топырағында ғана дамылдайды.
Әдепсіздік. Жүректің рухани дерті. Уақытында емделсе, Аллаһтың қуатымен шипа табады.
Жүректің тағы бір қорқынышты ауруы - қаттылық. Ол пәк әрі нұрға толы шаттықты, адами сезімдердің және рухани көріністердің нәзік байланысын сезе алмаушылық болып табылады. Мұндай жүректер бас июді білмейді. Тура жолға шақыруды тыңдамайды. Қайғы-уайымды сезінбейді. Мейірім мен сүйіспеншіліктің не екенін білмейді. Мұндай жүректерге қарағанда тас - жұмсақ әрі әлдеқайда сүйкімді көрінеді. Алла Тағала бұл ақиқатты Құран Кәрімде былай баяндайды:
«…Өкініштісі, осылардан кейін жүректерің тағы қатайды. Енді жүректерің тас сияқты, бәлкім, одан да қатты. Өйткені, кейбір тастардан бұлақ ағады. Кейбіреулері бар жарылып, су атқылайды. Кейбір тастар бар Алла қорқынышынан жоғарыдан төмен құлайды. Алла істегендеріңнен бейхабар емес» (Бақара сүресі 74-аят).
Бұл аяттан түсінетініміз: жүректің қатты болуы Алланы еске алмау мен иләһи ақиқаттан ұзақ уақыт бойы аулақ болудың кесірі екендігі.
Екінші бір аятта Ұлы Раббымыз былай ескертеді:
«Алланы зікір етіп тұрып жүректері қатайғандарға қандай өкініш! Міне солар айқын адасушылық ішінде» (Зүмәр сүресі 22-аят).
Науқас әрі ғапыл жүрекпен жасалған амалдың Хақ алдында құны жоқ. Жүректер Хақ нұрымен нұрланбаса, қарайып, сезімталдығын жоғалтады. Әлемдегі иләһи сырларды паш етіп тұрған мыңдаған нақыш-өрнектер мен жаратылыстағы иләһи құдіреттің белгілерін көре алмайтын болады. Аят кәримада Алла Тағала:
«Ей, Хабибім! Саған қарсы шыққандар жер бетінд еш кезбей ме? Егер ғибрат назарымен қыдырған болса ойлана алатын саналары, еститін құлақтары болар еді. Шындығында, соқыр болатын көз емес, кеудедегі жүректер соқыр болады» - (Хаж сүресі 46-аят) деп, ғибратты назардың жүрекке жан беретін ескертуші дәрежесінде екендігін баяндайды. Жүрек нұрымен қарамайынша, көздің пайдасы жоқ. Өйткені, бұлыңғыр әйнектің арғы жағынан айқын көріністі тамашалау мүмкін емес.
Жүректің ескерілмеген кішкентай ауруларының өзі орны толмас қайғыларға, тіпті оның рухани өліміне себеп болуы мүмкін. Жүрек иманның нағыз орталығы болғандықтан, оны асқан ұқыптылықпен иманға керағар нәрселерден сақтап, Алланың қалауына бағындыру аса зәрулік жағдай. Алла Тағалаға лайықты түрде бағынған адамды Жаратушысынан басқа басқаратын ешқандай күш жоқ. Мына бір хадис жүректі сақтаудың қажеттігін қандай тамаша баяндайды:
«Біліп алыңдар, адамда бір жапырақ ет бар, ол жақсы болса барлық дене жақсы болады, ол бұзылса барлық дене бұзылады. Ол - жүрек» (Бұхари, Иман 39).
Бұл дүние - Алла Тағаланың сынақ алаңы. Үстінде әр түрлі сынақ желі соғып, адам жүрегін әр түрлі әсерге бөлеп, біресе ана жаққа, біресе мына жаққа ұшырады.
Дүние сынақ орны болғандықтан осының табиғи нәтижесі ретінде туындаған қарама-қарсы оқиғалардың бораны жүректі қураған жапырақтай ұшырмасы үшін оны жағымсыз әсерлерден қорғау қажет. Сол себепті жүректі Алла Тағаланың жәрдемі мен көмегі жақтан соққан жанға жайлы самалға бұру керек. Бұл болса, тек Аллаға ғана жалбарынып, Оның әмірі мен тыйымдарына мойынсұну арқылы болатын жағдай[1].
[1] Осман Нұри Топпаш: «Иманнан ихсанға ТАСАУУФ». «Хикмет» баспа үйі. (Жоғарыдағы мақала аталмыш кітаптан ықшамдалынып алынды).