Кірерде есікті қағу сахабалардан қалған үрдіс
Кірерде есікті қағу сахабалардан қалған үрдіс
1 ай бұрын 4932
А. Қасым

Көршінің үйіне болсын, дос-жаран, туған-туыстың үйіне болсын немесе кеңседегі басшылардың кабинетіне, тіпті үй ішіндегі жеке бөлмеге болсын есік қағып кіру - әдеп ретінде саналатындығы және мәдениеттіліктің кішкене бір нышаны боп есептелетіндігі бәрімізге мәлім. Керісінше, рұқсатсыз баса көктеп кіру көп жерде дөрекілікке және бассыздыққа баланып жатады.

Кірерде есікті қағу, осылайша рұқсат сұрау өте жақсы әдет екендігі даусыз. «Мен көркем мінезді толықтыру үшін келдім» деген ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у.) шәкірттері саналатын саңлақ сахабаларының да есікті қағып кіру әдеті болғанын білетін бе едіңіз? Сахабалар да Алла елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үйіне кіргенде есікті қағып кіретін болған. Жалпы о заманда мұндай әдеттің жаппай халыққа тән екендігін айтуға болады. О замандағы есіктерде арнайы есік қағар сақиналардың болғандығы соған дәлел. Дегенмен сахабалардың ондай әдетті бөтен санамауы, керісінше күнделікті өмірлерінде іске асырулары назар аудартарлық. Пайғамбарымыздың да ондай әдетті тыймауы – оны құптағандығын білдіреді және онысы «тақрири сүннет» үкімін тудырады.

Жалпы Құран Кәрімде Алла Тағала біздерге әлдекімнің үйіне барғанда рұқсат сұрауымызды бұйырған. «Нұр» сүресінде былай дейді:

«Ей, иман еткендер! Өздеріңнің үйлеріңнен өзге үйлерге рұқсат сұрамайынша, әрі үй иелеріне сәлем бермейінше кірмеңдер! Олай істеулерің сендер үшін абзалырақ. Мүмкін ойланып ұғынарсыңдар»[1].

Аяттың жалғасында ешкім болмаса немесе кіруге рұқсат етілмесе кірмеуді, тіпті «қазір қолым бос емес» немесе «кейінірек келсеңіз» деген сияқты үй иесі кіргізгісі келмеген жағдайда, онысына құлақ асуымыз керек екендігін білдірген:

«Егер үй ішінде ешкім болмаса, сіздерге рұқсат берілмейінше кірмеңдер. Егер сендерге «кері қайтыңдар» делінсе, кері қайтыңдар. Ол нәрсе сендер үшін тазарақ. Және Алла Тағала не істеп жүргендеріңді жақсы білуші»[2].

Риуаяттарға қарағанда Кәлдәту ибн Ханбал (كَلَدَة بْنِ حَنْبَلٍ) есімді бір сахаба Пайғамбарымыздың (с.а.у.) үйіне рұқсат сұрамай кіргенде, Алла елшісі (с.а.у.) оған: «Кейін қайт. Сосын: «Әссәләму ғалейкум! Кірсем бола ма? де» - деп айтқандығын аталмыш сахаба өз аузымен жеткізген. Алла елшісінің (с.а.у.) бұл әрекеті әрине сахабаны мәдениеттілікке баулу екендігі айтпасақ та белгілі.

Хош. Ислам діні келісімен мұсылмандарға рұқсат сұрап кіруді үйретті. Яғни, Исламда әлдекімнің үйіне барғанда рұқсат сұрап кіру мәдениетінің барлығы анық.

Онымен бірге Пайғамбар (с.а.у.) кезінде есікті қағу үрдісі де бар болғанын риуаяттардан байқауға болады. Мәселен, Жәбір ибн Абдулла (радияллаһу анһ) былай деп әңгімелейді:

«Мен Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әкемдегі қарызы себепті келген едім. Есікті қақтым. Алла елшісі: «Кім бұл?» - деді. Мен: «Мен ғой» - дедім. Сонда Алла елшісі: «Мен ғой. Мен ғой» - деп жақтырмаған сияқтанды»[3].

Сахабаның «жақтырмаған сияқтанды...» деген сөзінің мәні – Алла елшісі келген сахабаның өзінің есімін айтпастан жай ғана «мен ғой» деуін жақтырмағанын білдіреді. Өйткені Исламның үйрететін тағы бір әдебі - кіруге рұқсат сұраушы кісіден үй егесі «кім бұл?» деп сұраған жағдайда, келуші аты-жөнін айтып, өзін таныстыруы тиіс.

Ал, сахабаның «есікті қақтым...» деуінен – есікті қағып кіру үрдісі Исламда бар іс екендігін көрсетеді. Алла елшісі (с.а.у.) тыймаған, керісінше іштей мақұлдаған әдет. Сол себепті оны «тақрири сүннет» десек те болады.

Сахабалар есікті қалай қаққан?

Риуаяттарға қарағанда сахабалар есікті тырнақ ұштарымен қаққандығын ұғынамыз. Имам Бұхаридің «әл-Әдәбуль Мүфрәд» кітабында сахаба Әнәс ибн Мәликтің мынадай сөзі келтіріледі:

«Алла Расулінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) есіктері тырнақтармен қағылатын»[4].

Сахаба Әнәстің «тырнақтармен қағылатын..» деген сөзі – тырнақ ұштарымен, дәлірек айтқанда төрт саусақтың ұшымен қағатын болған деп түсіну керек. Әрине бұндай есік қағу әдісі шартты түрде емес. Жұдырықпен де, қолды жұмып та, алақанмен де қағуға болады. Әдепке қайсысы жақынырақ болса, солай қаққан дұрыс. Сахабалардың олай қағуларының себебін, Алла елшісінде арнайы есік қағар сақинаның болмағандығымен түсіндіреді кей ғалымдар. Яғни, есікте арнайы құрылғы болғанда сол арқылы қағатын еді деген сөз.

Бүгінде көп үйлерде арнайы қоңыраулар орнатылғаны белгілі. Сондықтан да, қоңыраумен жабтықталған есіктерді қаққаннан гөрі, қоңырауды басқан әлдеқайда оңтайлы.

Әлхамдулилләһи раббиль аләмин!


[1] «Нұр» сүресі, 27 аят.
[2] «Нұр» сүресі, 28 аят.
[3] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари». №5896.
[4] Имам әл-Асқалани: «Фәтхуль Бәри». №9336 хадис түснідірмесі.

0 пікір