Жүніс пайғамбар және оның азаптан құтылған елі
Жүніс пайғамбар және оның азаптан құтылған елі
3 жыл бұрын 8188
Қалмахан Сейтұлы

Жүніс пайғамбардың есімі Құранда төрт жерде кездеседі[1]. Екі жерде «Зин-нун», «Сахибул-хут», яғни «Киттің иесі» деген лақап атымен кездеседі. Жүніс пайғамбардың кімнен тарағаны туралы айқын пікір жоқ. Теқ қана оның Жүніс ибн Мәтта екенін бәрі бірауыздан мақұлдайды. Алайда «Мәтта» сөзі оның әкесі емес анасының есімі екендігі айтылады. Пайғамбарлардан тек осы Жүніс пайғамбар мен хазірет Исаның аты анасымен аталады. Алайда Ибн Аббас «Мәтта» Жүністің әкесінің аты екенін айтып кеткен. Әһл кітап оның Исрайыл ұрпағынан Бүнияминге барып жалғасатынын жеткізеді.

Жүніс пайғамбар Ирак жақтағы жүз мыңдай халқы бар Нинова қаласына пайғамбар етіп жіберіледі. Пайғамбар болудың алдында да ол халық арасында сенімді, қамқор, иненің жасуындай да арамдығы жоқ шыншыл адам ретінде танылған. Ол сол елге пайғамбар етіліп жіберілгенде, небәрі отыз жаста еді. Нинова халқы көп жылдар бойы пұтқа табынып кеткен еді. Көп өтпей басқа арсыздық белең алды. Оларды тура жолға салу үшін, Жүніс пайғамбар елін отыз жыл бойы хақ жолға, туралыққа, тәубаға шақырды. Әйтсе де халқы оған «сенікі жөн» деп, сөзіне құлақ аса қоймады. Сірә, жеке басының пайдасын күйттеп жүр деп ойлады. Сол себепті оның сөздерін жоққа шығарды. Осылардың басында, әрине сол елдің басшылары мен байлары тұр еді.

Құранда:

«Бір елге ескертуші жіберген болсақ, әсіресе, олардың байлары: «Рас, сендер арқылы жіберілген нәрселерге қарсымыз». Сондай-ақ олар: «Біздер көп малмен, балаларға иеміз. Сондықтан да азапқа душар болмаймыз»,–деді» деп,солардыңкөрсоқырлықтарын баян еткен[2].

Отыз жыл дін уағыздағанда, оған бар болғаны екі кісі ғана иман келтірген. Қалған дүйім жұрт тура жолға түспей табандап тұрып алды. Ақырында, оларды мың жыл уағыздаса, дінге кірмейтінін сезіп, үмітін үзген Жүніс (а.с.) көп кешікпей оларға Аллаһтың азабы келетінін айтты. Өзі халықтың көзінен тасаланып, алыс жақтарға тентіреп кетті. Халқына ашуланғаны сонша-олардан аулақ кету үшін теңіз жағалауын бетке алды. Бірақ ол Хақ тағаладан рұқсатсыз кеткен еді. Ол елге көп ұзамай пәлекет келетіні туралы Хақтан хабар алған соң, алысқа кетуіме Хақ тағала ашу танытпас деп ойлаған еді. Алайда пәлекет сол күні келсе де, Хақ тағаладан «сол жерден шығыңдар» деген жарлық келмейінше, пайғамбарлар ол жерден кетпеулері тиіс еді. Осылайша Жүніс пайғамбар өз «ижтиһадында» яғни тұжырымында жаңсақ кетті. Егер пайғамбарлардан өзге жандар, атап айтқанда, ғұламалар осылай қателескенде, үлкен сауапқа кенелер еді. Әйтсе де пайғамбарлардың орны қашан да бөлек.

Ол теңіз жағалауына келсе, жолаушы кеме жүргелі тұр екен. Еш бөгелместен соған мінді де, басы ауған жаққа кете барды. Пәлекет пен азаптың мезгілі де толған еді. Халық алғашқыда оның сөзіне сенбегенмен, сол күні қаланы тұтастай қара бұлт торлап, қалың тұман түскенін көргенде, естері шығып абыржи бастады. Әркім өз басын, бала-шағасын ойлап сасып жан-жаққа жүгірді. Ақырында, естерін жиып бәрі жиналып Пайғамбарларын іздеуге кірісті. Бірақ шарқ ұрып қанша іздегенмен, ат шаптырып аласұрғанмен, Жүніс пайғамбарды таба алмай қатты састы. Ол табылмаған сайын, көздері шарасынан шығып, жүректері дүрілдей түсті. Қаланың байлары мен сорпа бетінен шығар көсемдері де, халықпен етене араласып астамсыған кеуделері басылып, жүндері жығыла қалды. Барлығы жапа-тармағай бала-шағасын алып, қаладан аулаққа қашты. Жиған дүниесі, байлығы, дүкендері, зәулім сарайлары – бәрі де жұртта қалып қойды. Ешбір адам «дүнием артта қараусыз қалды-ау» демеді. Әсіресе, бәрінен ардақты пұттары сол қалада иттен қадірсіз қала берді. Жайшылықта қаладағы үлкен пұт-ескерткіштерінің алдына барып тағзым етіп, тілек тілеуші еді. Дәл бүгін пұттарын ойлаған тірі жан болмады. Біреуі шығып:

«Әй, біз пұттарымызды ұмытып барады екенбіз ғой. Біздің тәңіріміз осы емес пе еді? Осыдан неге көмек тілемейміз?» – демеді. Қайта дереу тәубаға келіп, Пайғамбарларының айтқандарын естеріне түсіріп, тілдерін кәлимаға келтіріп, Хақ тағалаға жалынып егіліп жылады. Өз араларында «Жүніс не деп еді, айтқан дінінің сенімдері қандай еді, мұсылмандықтың шарттары қалай деген еді?» – деп, өз білгенінше хақ дінді үйрене бастады. Оларды Рақым пайғамбар хақ дінге отыз жыл бойы шақырып, сол дін туралы терең мағлұмат берсе де, олар еш бойсұнбаған болатын. Әйтсе де отыз жыл бойы айтылған сөздердің біршамасы естерінде жатталып қалыпты. Бүгін, міне, соның айдасы тиді. Олар кәлима, тәухид, ақырет, намаз секілді діни мәселенің бәрін білетін. Бірақ мойындамай қырсығып келген еді. Ал бүгін басына нәубет төнгенде, дереу іске көшті. Барлығы бірдей сапқа тұрып, Хақ тағаладан кешірім тілеп, тәуба етті. Кейбір деректе олар:

«Ей, Раббымыз! Біздің күнәларымыз тым көп. Бірақ сен бәрінен де үлкенсің, ұлысың. Ендеше, Сен бізге өзіңе жарасар ғана үкім бер. Мына қылығымызға лайықты үкім бере көрме!» деп жалбарынды. Алла тағала олардың күнәларын кешіріп, тәубаларын қабыл етіп, пәлекетті кері қайтарды[3].

Аталмыш оқиға Құранда:

«Расында, өздеріне Раббысының қарғысы лайық болғандар иман келтірмейді. Сондай-ақ күйзелтуші азапты көргенге дейін (олар иман келтірмейді). Жүністің елінен басқа (азаптың келгенін көріп) иман келтірген әрі имандары пайда берген еш бір ел болмаған. Олар иман келтірген кезде өздерінен дүние тіршілігіндегі қорлықты айықтырдық та, оларға тағы біраз өмір бердік»[4], – деп баяндалады.

Ендеше адамзат тарихында өздеріне азап келгенде, тәуба етіп, иманға келуі арқылы азаптан құтылған бір ел ғана бар, ол – осы Жүніс пайғамбардың елі.

"Пайғамбарлар тарихы" атты кітаптан.


[1] «Ниса», «Әнғам», «Жүніс», «Саффат» сүрелері
[2] «Сәбә» сүресі, 34-35.
[3] Таббара, Маал-әнбия фил-Қуран, 313-бет
[4] «Жүніс» сүресі, 96-98

0 пікір