«Адам өз бойындағы ең көркем нәрсені — балаға сіңіре алғанда ғана ұрпақ шын мәнінде бақытты болады»
Баланың рухы — көзге көрінбейтін, алайда бүкіл болмысын анықтайтын нәзік әлем. Бұл әлемнің тыныштығы, сенімі мен сәулесі — ата-ананың жүрек жылуына, сөзіне, көзқарасына тәуелді. Тәннің азығы тағам болса, рухтың азығы — үміт, сүйіспеншілік пен қолдау. Заманауи психология осыны үндестікпен дәлелдеп келеді.
Жаралы рух — үнсіз бала
Америкалық психолог Карл Роджерс былай дейді: «Баланы түсінуге тырыспайтын тәрбие — тек әрекетті бағындырады, жүректі емес». Шынында да, сырттай тәртіпті болып көрінетін кей балалардың ішінде терең жара бар. Себебі оларды үнемі сынап отырған, кемшілікке ғана мән берген ата-ананың сөзі баланың өзін қабылдауына кесірін тигізеді.
Ал зерттеуші Дэниел Голман (эмоционалды интеллект ұғымының авторы) «рухани тұрақтылық — өмірлік табыстың басты факторы» деп есептейді. Яғни, рухы биік, ішкі сенімі мықты бала — оқуда да, өмірде де табандылық танытады. Сондықтан баланың рухына бірінші күннен бастап көңіл бөлген жөн.
Рухты тірілтетін үш сөз: "Сенің, қолыңнан, келеді"
Рухты көтеретін — мотивация емес, махаббат. Бала өзіне сенуі үшін үлкендердің сенімін сезінуі керек. Мұны Батыс ғалымдары "mirroring" (айна эффектісі) деп атайды: бала өзіне ата-ананың көзімен қарай бастайды. Егер үнемі «Сен неге осындайсың?» деген сөз естіп өссе, рухы тұйықталып, өз мүмкіндігіне шектеу қояды. Керісінше, «Сен ақылдысың», «Сенің талпынысың күшті» деген сөздер оның болмысын гүлдендіреді. Бұл — жай ғана мақтау емес, тұлғаны оятатын сөздер.
Балаңыздың кішкентай ғана жетістіктерін де елемей өтпеңіз. Оның салған суретін, айтқан тақпағын, мектептегі жақсы бағасын мақтап, оған сенетініңізді білдіріңіз. "Сен мұны жақсы жасадың!", "Мен сенің қолыңнан бәрі келетініне сенемін!", "Қандай ақылдысың!" сияқты қарапайым сөздердің өзі баланың өзіне деген сенімін арттырып, жаңа жетістіктерге қанат бітіреді. Қиындыққа тап болған кезде де оның жанында болып, "Бұл жолы болмаса да, келесі жолы міндетті түрде сәтті болады", деп жұбатып, қолдауыңызды көрсетіңіз.
Уақыт бөлу
Бала үшін «махаббат» деген сөздің мағынасы көбіне назар және уақыт ұғымдарымен астасады.
Балаңыз сіздің бір сағат назарыңызды бір күндік ойыншықтан артық көреді. Бірге ойнау, бірге отыру, тыңдау — оның рухына: «Мен маңызды адаммын» деген сенімді береді.
Психолог Джон Готтман «эмоционалды байланыс — баланың жүрек қуатын толықтыратын энергия көзі» дейді. Әкесімен бірге велосипед теуіп, шешесімен ертегі тыңдаған баланың рухани иммунитеті күшейе түседі.
Құран тәрбиесі: Рухты мейіріммен суғару
Исламда да рухты тәрбиелеу — жүрекке жол табумен байланысты. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) балаларға айқайлап сөйлеген емес. Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисте ол немересін сүйіп тұрған кезде бір кісі: «Менің он балам бар, ешбірін сүйіп көрмедім» дегенде, Пайғамбар (с.ғ.с.): «Сенде мейірім болмаса, мен не істей аламын?» деген.
Бұл — рухты тәрбиелеу жүрек мейірімімен ғана мүмкін екенін білдіреді. Баланы намазға, дұғаға үйрету де — оның рухын Жаратушыға жақындатады. Күнделікті «Алла сені қорғайды», «Дұғаң қабыл болады» деген сөздер — бала жүрегінде сенім дәнін егіп, үміт гүлін өсіреді.
Қателік – тәжірибе:
Балаға қателік жасау – бұл қалыпты жағдай екенін түсіндіріңіз. Қателіктері үшін оны жазғырмай, керісінше, одан сабақ алуға көмектесіңіз. "Бұл сен үшін жақсы тәжірибе болды", "Келесі жолы қалай жақсырақ жасауға болады, соны ойлайық", "Қателіктер арқылы біз үйренеміз" деген сөздер баланың қателіктен қорықпауына және одан сабақ алуына ықпал еткен абзал.
Үлгі болу
Балалар ата-анасының мінез-құлқынан, өмірге деген көзқарасынан көп нәрсе үйренеді. Өзіңіздің позитивті, оптимистік көзқарасыңызды, қиындықтарды жеңу қабілетіңізді көрсетіңіз. Егер сіз өзіңізді сенімді ұстасаңыз және қиындықтарға мойымасаңыз, балаңыз да соған ұмтылады.
Қорытынды: Кішкентай жүрек — үлкен сенімге лайық
Бала — әлсіз емес, сенімге зәру. Оған үлкен сөздер емес, шынайы қарым-қатынас керек. Екі рет мақтап, бір рет ренжітсеңіз, жүрегі соны мәңгі есте сақтайды.
Сондықтан, әрбір сөзіңіз — оның болашағын сомдайтын іргетас екенін ұмытпаңыз.
Рухы мықты бала — ел болашағы. Ол бір күні ата-анасының өзіне берген үмітін қоғамға қайтаратын тұлғаға айналады.
islam.kz