«Толибуль илм»нің сәләфизмнен кетудегі қажырлы да, ұзақ сапары – 1-бөлім
Мен бұл мақаланы жазуды бұрыннан ойлап жүр едім. Оның мақсаты — өзгелерді салафизмнен бас тартуға үгіттеу емес, қайта исламды түсіну адамның өмірлік тәжірибесі мен ізденісіне қарай қалай өзгеретінін көрсету. Сонымен қатар, шетелде оқып жүрген кезімде көзқарасымның не себепті өзгергенін түсінгісі келетіндер бар, бірақ олар ешқашан менің нұсқамды тыңдаған емес. Кейбіреулер менің шешімімді эмоциямен немесе «санасын улап» қойғандармен байланыстырып жатады. Бұл шындыққа сәйкес келмейді. Бұл шешім біртіндеп, білімге, зерттеуге және ұзақ ойлануға негізделіп қабылданды.
Сапардың алғашқы кірпіші
Бәрі қайдан басталды десек, мен Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өскенмін, онша дінді ұстанбайтын мұсылман отбасында тәрбиелендім. Кейде жергілікті мешітке барып намаз оқитынмын, ол жерге қатысты жылы естеліктерім де бар. Бірақ сондағы құтпалар мен дәрістерді түсінген емеспін, өйткені бәрі араб тілінде болатын. Мен халықаралық мектепте оқыдым, онда исламтану пәні мүлдем болған жоқ. Сол себепті исламды жүйелі түрде ешқашан оқымадым.
Дегенмен мен бала кезімнен кітап оқуды өте жақсы көретінмін. Әкемнің үйге сатып алып берген энциклопедияларын сағаттап оқитынмын, кейде жерге жатып, оқып отырып ұйықтап қалатынмын. Сол кезде бізде интернет болмаған. Қазіргілерге түсінікті болу үшін айтайын: бұл – Википедияның 30 томдық қағаз түріндегі нұсқасы сияқты. Менің оқуға және білім алуға деген құштарлығым — Алла әкемді жарылқасын — соның еңбегімен қалыптасты.
Орта мектепте оқып жүргенде ата-анам маған Құран оқып үйрететін және жаттауды үйрететін егде жастағы ұстаз жалдады. Кенеттен, мен тоғызыншы сыныпта, 13 жас кезімде, отбасым Канадаға көшетін болды. Кетерде Құран ұстазым маған Мұхаммед ибн Абд әл-Уаһһабтың «Китаб ат-Таухид» атты кітабының ағылшынша аудармасын сыйға берді. Мен оның не екенін білмедім және ол кітапты оқымадым. Келесі бірнеше жыл бойы ол кітап қорапта тұрып қалды.
Бірінші асырасілтеушілік: Постколониялдық иммигранттық арман
Канадаға көшкен соң, менің басымнан мұсылман елдерінен Канадаға барған көптеген иммигранттардың басынан өтетін жағдай өтті. Голливуд қалыптастырған постколониялық арман, яғни, батыста ақ адамдармен өмір сүру арманы – ақиқатқа айналып, мен оны өз бойыма тез сіңіріп алдым.
Ислам мен үшін алыста қалған естелікке айналды. Жоғарғы сыныптарда жүріп, мен дін туралы мүлде ойламайтын, сөйлемейтін болдым. Мектеп бітірер кезде мен тіпті ештеңеге сенуден де қалған едім. Жасөспірім кезде мен тек қыздарға, видеойындарға, фитнеске және оқуға қызықтым. Бір қызығы, мектебімде мұсылмандар өте көп болғанымен, маған ең көп әсер еткен – христиан достарым болды. Олар мені жақсы адам болуға, өзімді дамытуға шабыттандырды.
Ақыры 17 жасымда университетке түскенде, өмірдің шынайылығымен бетпе-бет келдім. Отбасылық мәселелер мен оқу бағаларына қатты уайымдай бастадым. Сол кезде мен фитнеске қатты беріліп кеттім. Сол уақытта мен мынандай маңызды қабілет қалыптастырыппын: бос даурығудан арылып, ауыр атлетика мен тамақтану саласындағы шынайы мамандардың кеңесін таба білу.
Фитнес әлемінде көп адам жалған ғылым мен жеке тәжірибесін «шындық» деп көрсетеді. Сондықтан ол жердегі шын білімді тану – үлкен еңбек. Нағыз білікті жаттықтырушылар – спорт физиологиясы бойынша ғылыми дәрежесі бар не кәсіби спортшылармен көп жыл жұмыс істеген адамдар, олар көбіне жұртқа танымал емес, бірақ олардың беретін кеңестері ғылымға негізделген, тексерілген және шынымен де пайдалы.
Мен исламнан толықтай бас тарттым ба, әлде жоқ па – оны өзім де нақты білмеймін. Бірақ университеттің бірінші жылында, мен бұрынғы діни және мәдени болмысымнан іштей алыстап, нәпсі қалауларының соңынан кеткенім рас. Жұма намазға баруды бірнеше айға тоқтаттым. Бірақ Аллаға шүкір, зина жасап не арақ ішкен жоқпын – бірақ бұған өте жақын болыппын.
Осы сәтте Алла Тағала араласты. Оның кейбір оқиғаларға қатысты шешімі, менің көзқарасымды өзгертуге септігін тигізді. Атап айтқанда:
Біріншіден, менің көп достарым – мұсылман балалар, олар күнә істерге толы өмірді сүре бастады және діннен сырттай алыстап кетті. Олардың бұл тірліктері маған өте оғаш, орынсыз көрінді. Сондықтан, олармен жиі ұрысып жүретінмін.
Екіншіден, мен өзімнің өзгеріп кеткенімді байқадым – анамды жиі ренжітетін болдым, ал бұл маған ұнамайтын. Өзімді сондай адам ретінде көргім келмейтін.
Үшіншіден, тек нәпсіге, бұл дүниеге құрылған өмір – ішінде бос тұрған, қуыс бір тіршілік екенін түсіндім. Университеттегі достарым да сондай боп көрінді – бос, мәнсіз адамдар. Кейбіреулерінің жасап жүрген, не мақұлдап жүрген азғын әрекеттерінен жиіркенетін болдым.
Соңғысы – екінші курста мен космология мен эволюциялық биология пәндерін оқи бастадым. Осы кезде мен шынайы ойланатын адамға айнала бастадым. Ғалам туралы шындықты іздедім. Бұны – Алланың қорғауы деп түсінемін: себебі сол пәндер мені атеизмге итермелегеннің орнына, керісінше – мен Алла туралы көбірек ойлай бастадым. Кейде тіпті жүрегімді біртүрлі қорқыныш пен таңданыс билейтін.
Екінші асырасілтеушілік: Мадхализм
Сол сәттерде мен ислам туралы қайта оқи бастадым. Алғашқы қадам – ислам философиясын зерттеу болды. Сейид Хусейн Наср, Карен Армстронг сияқты авторлардың кітаптарын оқыдым. Интернеттен де көп іздедім, бірақ ол кезде сенімді діни ақпараттар өте аз еді. Осылай жүріп мен «құранизмге» (тек Құранмен шектелетін бағытқа) бет бұра бастадым. Бұл жол маған түсінікті әрі жеңіл көрінді: біз, мұсылмандар, ең алдымен Аллаға және Оның Кітабына мойынсұнуымыз керек деп ойладым.
Дәл осы кезеңде Батыста салафизм бағыты қайтадан күшейіп келе жатқан еді (оның бұған дейін 90-жылдары бір толқыны болған). Менің алғаш әсер алған адамдарым – сол кездердегі АҚШ-та танымал болған салафит уағызшылар еді. Солардың ішінде доктор Ясир Қади ерекше есте қалды. 2007 жылы мен алғашқы рет оның ақида курсына қатыстым.
Сабақта ол да өзге көптеген салафиттер секілді Исламның бастапқы дәуірінің қарапайымдылығын, ал суфизм, философия мен калам ғылымының (теологиялық ойлар жүйесі) Исламды қиындатып жібергенін, бұлар — бидғат пен адасушылық екенін баса айтатын.
Доктор Ясир Қади ол кезде классикалық салафит болатын. Кейіннен оның салафизмнен қалай кеткені жайлы видеоларын YouTube желісінен көруге болады. Оның сол курсы менің исламға деген көзқарасымды төңкеріп жіберді. Бұрын мен исламға өз түсінігімді теліп келсем, енді Құран мен Сүннет негізінде, өз нәпсімнен емес, дәлелмен түсінуге тырыстым.
Сол жылдары интернет-форумдар танымал еді. Қазіргі Z ұрпағы үшін айтайын – бұл әлеуметтік желілерден бұрын болған пікір алмасу алаңдары. Сол форумдарда салафизм — ең кең таралған исламдық бағыт еді. Мен де сол форумдардан ислам үйрене бастадым.
Бірден Сауд Арабиясындағы балалық шақ еске түсті. Маған ол жақтағы ислам – культуралық ауытқушылықтан таза, шынайы ислам болып көрінетін. Бұған қоса, Мекке мен Мәдинадағы балалық естеліктерім жүрегімді елжірететін. Бұл жолды (сәләфизмді) ұстанатын атақты ғалымдардың көбі Сауд Арабиясынан екенін білгесін, менің сенімім одан сайын арта түсті.
Кішкентай кезімде Құран ұстазым сыйға берген «Китаб ат-Таухид» кітабын тауып алдым. Қолыма алып, бұл бекер емес, Алланың маған бұрыннан ашып қойған жолы шығар деп түйдім. Бұл жол – таухид жолы, таза сенім жолы сияқты көрінді.
Бірақ көп ұзамай, осы жаңа табылған діни құштарлығыма жақын туыстарым қарсы бола бастады. Мен болса, тәкаппар, қасарысқан болдым. «Олар – мұнафиқ, ал мен – ақиқат жолындамын» деген түсінікпен жүрдім. Бірақ ол кезде олардың алаңдауларының орынды екенін түсінбеппін.
Бұл дүниені тек ақ пен қараға бөліп, «менікі дұрыс, басқалар қате» дейтін көзқарас — менің жас кезімдегі фанатизмнің көрінісі болды. Кейінірек, отыздан асқанда, мен бұл әрекетімнің дінге емес, ішкі ашуға, қоршаған ортаға қарсылық екенін түсіндім. Бұл негізінде – шынайы ізденіс емес еді.
Жастар – жүрегі нәзік, ақылы қалыптасу үстіндегі шыншыл әрі шынайы жандар. Олар радикалдық, зиянды идеяларға бейім келеді. Мұны жақсы білетін кейбір пиғылы бұзық адамдар осы сезімталдықты өз пайдаларына пайдаланып, жастардың ақылын тұмандатып, оларды бағытынан жаңылдыруға тырысады.
Мен соңғы он төрт жыл бойы жасөспірімдер мен жастарға білім беріп келемін, сондықтан бұл шындықты өте жақсы білемін. Расында, жастарға шын жаны ашитын адамдар – олардың жүрегіне жүйелі білім арқылы жарық түсіреді. Ал ниеті бөтендер – олардың санасын ашу-ызаға толы, мәні жоқ дау-дамаймен улап, ақ пен қараны ажырата алмайтындай күйге түсіреді.
«Бидғат полициясы» және ішкі өзгерістер
Жаңа көзқарастарымды қабылдаған соң, мен әп-сәтте фанатқа айналдым. Бұрынғы Құран мен философияға қызыққан кезеңдер артта қалды. Енді менің дінім – тек Құран, Сүннет және сәләфтәрдің түсінігі болды.
2007 жылдың жазында мен Канаданың ТРОИД (TROID) орталығындағы мадхалистік жазғы курстарға қатыстым. Бұл ескі мектептегі салафизмнің базасы еді. Мен «Китаб ат-Таухидті», шейх Албани жазған «Пайғамбардың намазы» атты еңбегін (салафиттердің бастаушы кітабы секілді), және Билал Филипстің «Фиқһ эволюциясы» кітабын оқыдым. Бұл кітаптар мені тіптен радикалдандырды.
Менің сол кездегі ойымша, үмбет қазіргі халге түсуінің себебі – суфилердің ширкке баруы, ашарилер мен мазхаб ұстанушылардың бидғаттарға бой алдыруы еді. Ал Мұхаммед ибн Абд әл-Уаһһабтың еңбегі – осы адасқан жолдарды түзетуге келген шынайы жаңғырту болатын.
Университетке 2007 жылғы жаздан кейін қайта оралғанда, мен өзімді «бидғат полициясы» сияқты сезіндім. Бұл – менің өмірімдегі ең ыңғайсыз кезеңдердің бірі. Университеттегі MSA (мұсылман студенттер ассоциациясы) ортасында мен бидғат немесе жеңілдік мәселелерімен айғайлап, дөрекі түрде күресетін адам ретінде танылдым. Өзімді дұрыс санап, өзгелерді шын жүректен «түзеп» жүрдім.
Неліктен мұндай радикализм қауіпті?
Сол себепті әлеуметтік желілер аса қауіпті. Жаңа мұсылман болған немесе дінге жаңа бет бұрған адам бірден жұрт алдына шығып, ислам жайлы сөйлемеуі керек. Өйткені сіз әлі ештеңе білмейсіз. Сізді әлі ұзақ оқу жолы күтіп тұр. Жетерліктей білім алмай тұрып, дін жайлы көпшілікке сөйлеу – өзіңізді де, басқаларды да адастырады.
Егер мен сол кезде әлеуметтік желіде белсенді болып, басқа ештеңе білмейтін, бірақ мені мақтаған мұсылмандардың пікірлерін оқысам – мен өстіп, сол мақтаулармен адасып кететін едім. Бәлкім, ешқашан өзімнің қателіктерімді түсінбес едім. Сондықтан жалған мақтау – өте қауіпті нәрсе. Біз адамдарды жақсы жаққа жетелеуіміз керек, ал олардың қателікке құрылған көзқарасын қуаттау – жояр қате әрекет.
Екі кеңес және ішкі өзгеріс
Менің дөрекілігім мен мінезім айналамдағы адамдарды шаршатып, мазасын ала бастады. Сонда екі жақын бауырым маған өте маңызды кеңес айтты.
Біріншісі – менің тәжуид ұстазым. Ол өте жұмсақ, сыпайы түрде маған «жамағатшылдықтың» зиянын түсіндірді. Әр жамағаттың дұрыс жөні де, бұрыс жөніде болады деді. Бірақ бір жамағаттың бағытымен ойлау – бізді соқыр етеді. Шындық көп жағдайда осы екеуінің ортасында болады, деді. Бұл сөздерді мен өмір бойы ұмытпадым.
Екіншісі – қазіргі таңда теология саласында зерттеулермен айналысып жүрген білімді бауырым. Ол кезде ол MSA-дағы ең білімді адам еді. Ол мені оңаша шақырып алып, қатты сөкті. Сен өз әрекетіңмен мұсылмандарды исламнан алыстатып жатырсың деді. Сол кезде мен ішімдегі тәкаппарлықты сезіндім. Мен барлық жөннен өзімдікі ғана дұрыс деп ойлаппын. Мен үйренуге, өзгеруге ашық болуым керек екен.
Осы екі кеңес маған қатты әсер етті. Сөйтіп мен радикал мадхализмнен бас тартып, «байсалды салафизмге» ауыстым.
Ізденіс, ұстаздар мен мазхабқа қарай бетбұрыс
Келесі үш жыл бойы, яғни 2010 жылға дейін, мен университетті тәмамдаған соң да исламды ағылшын тілінде үйренуді жалғастырдым. Әкем менің кішкентай ғана кітапханама жиі кіріп шығатын. Ондағы менің өздігінен ислам жайында оқып, бұрынғы тәкаппар, шектен шыққан мінезімнен арылып келе жатқанымды көріп: «Жалғастыра бер. Оқуыңды тоқтатпа», – деп кеңес беретін.
Мен бар ақшамды кітап пен курстарға жұмсадым. Жергілікті ұстаздардан сабақ алуға тырыстым. Осылайша мен бұрын үлгі тұтқан Ибн Таймия, Ибн әл-Қайим, Мұхаммед ибн Абд әл-Уаһһаб және қазіргі саудиялық ғалымдардың барлығы негізінен ханбали мазхабында болғанын білдім. Бұл мен үшін жаңалық еді.
Шейх Салих әл-Фаузанның ханбали мәзхабы туралы жазылған «Әл-Мулаххас әл-Фиқһи» атты кітабының аудармасын бірнеше айда оқып шығып, амал жасауға тырыстым. Сонымен қатар, Ұлыбританиядан келген бір ұстаздың сабағына қатысып жүрдім. Ол: «Мазхаб ұстану — салафиттер үшін де маңызды», – деп үйрететін. Осы арқылы мен мазхаб ұстануға жұмсақ көзқараспен қарай бастадым. Бірақ әлі де өзімді ханбалимін деп есептемедім.
Мен әлі де өзімді: «Құран, Сүннет және сәләфтар жолын ұстанатын адаммын» деп есептейтінмін. Бірақ бұл жолдың өзі күрделене түсе бастады.
«Фиқһ усуль» ғылым саласына қызығушылық
Мен «Фиқһ негіздері» (усул әл-фикх) деген ғылымға қызыға бастадым. Себебі ұстаздарым Батыс елінің жағдайларына қарай фиқһ икемделуі тиіс екенін айтатын. Бұл мені ойландырды. Осы кезде мен Хашим Камалидің «Исламдық құқық принциптері» және Ахмад ар-Райсунидің «Мақасид аш-Шариа» атты кітаптарын оқыдым.
Бірінші кітапты оқығаннан кейін мен алғашқы оқытқан ұстаздарымның ілімінде үлкен қайшылық бар екенін байқадым.
Мысалы: маған салафит ұстаздарым фиқһта ханбали мазхабына құрметпен қарау керек екенін айтатын, бірақ ханбали мәзхабындағылардың фиқһта «мутаватир» (көпшілік жеткізген) және «ахад» (жеке жеткізілген) хадистердің бөліп жарады дейтін. Және сол салафит ұстаздар маған «ақидада хадистерді бұлай бөлуге болмайды, өйткені бұл мұғтазила ағымынан шыққан әдіс» дейтін.
Сонда сұрақ туды: неге бұл қағида фиқһта дұрыс, бірақ ақидада дұрыс емес? Осы сұрақты мен үш түрлі батыста танымал (сәләфит) ұстазға қойдым. Олардың үшеуі де: «Біз білмейміз», – деп жауап берді, мен оларды ақидада және фиқһта сенімді деп есептейтінмін. Сосын түсіндім, бұл ұстаздар өздерінің ілімдерінде соңғы жүгінер адамдар емес екен.
Мен қатты таңғалдым: соншалықты сәләфизді терең оқып жүрсе де, осыншалықты маңызды қарамақайшылықты қалай білмейді?! Мен бұл сұрақ жайында ойландым, бірақ көп емес. Бұл сұрақтың жауабы «усулуль фиқһ» саласында жатқандығы анық еді, бірақ мен араб тілін білмей және шетелдегі үлкен ғалымдардан оқымай бұл проблема жайында көп біле алмайтынымды түсіндім.
Усулуль фиқһ жайында көп оқыған сайын түсінгенім: Құран мен хадисті шынайы тұрғыду ұғу үшін араб тілі қажет екен. Осы себепті мен исламды шын мәнінде түсіну үшін араб тілін үйрену қажет екенін толық түсіндім.
Эр-Риядқа көшу – «Уәде етілген жерге» жету
Фиқһ іліміне деген өзімнің көзқарасымды жұмсарта бастадым. Өйткені, бұрын «мынау ақ, мынау қара» деп жүргендерімнің көбі, әсілінде оңай шаруа емес екен. Ислам дінінің мен ойлағаннан әлдеқайда жұмсақ екенін қабыл еткеніммен, ол «жұмсақтықтың» шегін анықтауым үшін фиқһ ілімін және усулуль фиқһ ілімін білуім керек, осы шындықты біле тұра, осы жолымды (сәләфизмді) жалғастыра бергенімде, мен антидәстүрші модернистке айналар едім.
Алайда 2010 жылы Алла маған үлкен мүмкіндік беріп, Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласына көшуге жол ашты. Бұл – өзін сәләфит санайтын студенттің арманы.
Жеткен бойда-ақ, мен қатты қуандым. Ақыры мақсатыма жеттім ба дедім. Мен «таухид еліне» келіп отырмын (сәләфиттер солай айтады). Бізге достарымыз арқылы тапқан мұғаліммен күн сайын араб тілін оқи бастадым. Мен дін ғалымы болуы үшін араб тілін білудің қаншалықты маңызды екенін түсінгендіктен, тіл үйренуден өзге нәрсеге алданбадым. Тіл, Құран және тәжвид оқыдым. Біз күні бойы жұмыс істейтінбіз, сосын күнде араб тілі сабағына баратынбыз. Бұл әрине шаршататын. Бірақ пайдалы еді.
Менің достарым, «Имам Мұхаммад ибн Сауд» атындағы университетке құжаттарын тапсырып түсті. Келесі жылы үйленуім керек болғандықтан мен, құжаттарымды тапсырмадым. Бірақ араб тілін университетсіз де жақсы меңгеруге болатындығын тез түсіндім. Уақыт өте келе Алланың жәрдемімен менің тілім жақсарды, сөйтіп саудиялық ғалымдардың ашық сабақтарына қатыса бастадым.
Тікелей ұстаздардан ілім алу
Мен шейх Абдур-Рахман әл-Баррактың Мұхаммед ибн Абд әл-Уаһһабтың кітаптары бойынша жүргізген сабақтарына қытысып жүрдім. Сондай-ақ шейх Фахд әл-Айбаннан «Аль-Варакат» пен «Акидат ул-Уаситыйяны» оқыдым. Ханбали фиқхын шейх Абдур-Рахман әз-Зикриден үйрене бастадым.
Осы кезде мен өте білімді бір жас ғалым жігітпен таныстым (Судиядағы білімді жігіттердің қатарында). Ол маған мынадай кеңес берді:
«Қазіргі ғалымдардың емес, бұрынғы ұлы ғалымдардың кітаптарына көңіл бөл. Себебі олар – шын білім иелері, дінді тереңірек түсінген адамдар, қазіргілер бұрынғыларға қарағанда әлсіз» деді. Ертеректегі ғалымдар білімдірек әрі дінді жақсы түсінетін. Мәселе осында жатыр. Ибн Усеймин, Ибн Баз жазғандарды зерттеу, үйренудің не қажеті бар..? деді.
Мен сабаққа қатысып жүрген саудиялық ұстаздардың көбі – үнемі қазіргі ғалымдарды (мысалы, шейх Усаймин, шейх Бин Баз) ғана мысалға келтіріп, тек солардың пікірін айта беретін. Бұл маған ұнамай қалды. Мен бұл ұстаздардың пікірін емес, бұрынғы ғалымдардың не дегенін білгім келді... (Жалғасы бар).
Аударып, дайындаған: islam.kz
"Мен неліктен «сәләфизмнен» кеттім? (2-бөлім)"