Намаз – Алла Тағала мен пенденің арасындағы ең ұлық байланыс көпірі. Ол – иманның сәулесі, рухтың азығы, жүректің тыныштығы. Намаз арқылы адам өз Жаратушысымен сырласады, мұңын шақырады, шүкірлік етеді. Сол үшін де намаз мұсылманның өміріндегі ең қасиетті парыздардың бірі.
Намаз тек рухани шипа ғана емес, ол адамның денсаулығына да мол пайда әкелетін теңдессіз ғибадат. Адам тәні мен жанының саулығы үшін намаздың тигізер игілігі орасан.
Намаздың рухани пайдасы
Намаз – жүректі тазартып, жанды жадырататын құлшылық. Пенде күн сайын бес мәрте Раббысының құзырына шығып, тәубесін айтып, кешірім сұрап, шүкірлік білдіреді. Бұл – адамның ішкі дүниесін күшейтіп, сабыр мен қанағатқа тәрбиелейді.
Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді:
"Расында, намаз адамды арсыздық пен жамандықтан тыяды..." (Анкәбут сүресі, 45-аят).
Яғни, намаз оқыған адамның жүрегінде жамандыққа орын қалмайды. Оның көзі де, тілі де, қолы да тек игілікке ұмтылады. Намаз – рухтың тәрбиешісі.
Намаз оқыған адам Жаратушысына тәуекел етуді, үміт пен қорқыныш арасында өмір сүруді үйренеді. Бұл сезімдер жүректі күнәдан сақтап, Алланы ұмытпауға жетелейді.
Сонымен қатар намаз адамның жан дүниесіне сабырлық, төзімділік сыйлайды. Қиын сәтте сабыр етіп, қуанышта тасымай, әрбір жағдайда Алланы есіне алады. Намазсыз өткен өмір – мәнсіз әрі мазасыз, ал намазбен әр сәт мағынаға толады.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) намазды рухани демеу ретінде сипаттай келе:
«يا بلال، أقم الصلاة، أرحنا بها.»
"Ей, Біләл! Намазды басташы (азан, қамат айтшы), бізді намаз арқылы тыныштандыр!"(Сунан Әбу Дәуіт, 4985) деген. Бұл да намаздың бейнебір рухани рақаттық пен жан тыныштығын берер құлшылық екендігін көрсетеді.
Намаздың физикалық пайдасы
Намаз – тек рухты емес, тәнді де сауықтыратын ғибадат. Оның әрбір қимылы – адам денесінің табиғи қажеттілігіне сай жасалған ерекше дене жаттығуы.
Сәжде кезінде адамның басы жерге тигенде, миға қан айналымы жақсарады. Бұл ойлау қабілетін арттырып, сергектік сыйлайды. Қиямда тік тұру, рукуғта иілу, сәждеде маңдайды жерге тигізу – бұлшық еттерді ширатып, омыртқа мен қан тамырларының қызметін реттейді.
Ғылыми зерттеулер көрсеткендей, намазды тұрақты оқитын адамдарда қан қысымы қалыпты болады, жүрек жұмысы жақсарады, буын аурулары сирек кездеседі. Сонымен бірге, намаз оқу барысында тыныс алу да реттеледі, бұл адамның жүйке жүйесін тыныштандырып, күйзелістен қорғайды.
Әсіресе сәжде – адамның физикалық және рухани әлемін бірдей тыныштандыратын ғажайып құлшылық. Бас пен жүрек деңгейінің теңесуі арқылы қан айналымы жақсарып, дененің шаршауы басылады.
Намаз – күн тәртібінің тәрбиешісі
Намаз адамның өміріне тәртіп пен үйлесімділік әкеледі. Күннің әр бөлігінде белгілі бір уақытта Раббысына бет бұру – уақытты бағалауға, ұқыпты өмір сүруге үйретеді. Намазбен жүрек те, күн тәртібі де реттеледі.
Бес уақыт намаз – адамның әр сәтін қасиет тұтуға үйретеді. Таң намазы – күннің шуағымен бірге оянып, сергек өмір сүруге итермелейді. Бесін мен екінті намаздары – күннің ең қызу кезінде де Раббыны ұмытпауға тәрбиелейді. Ақшам мен құптан намаздары – кештің тыныштығында жүректі сабырлы күйге бөлейді.
Қорытынды
Намаз – иманның жүректен шыққан сәулесі. Ол – пендені күнәдан сақтап, рухына күш-қуат береді. Намаз оқыған адам Алланың мейіріміне бөленіп, екі дүниеде де бақыт табады.
Намаз тәннің де рухтың да тазалығын қамтиды. Ол адамның денесін сауықтырып, жанын нұрландырады. Сондықтан намазды тек парыз болғаны үшін ғана емес, жан мен тәннің шипасы ретінде де орындалады, Алланың ризалығына бөлену үшін атқарылады.
Алла Тағала баршамызды намазды көздің қарашығындай сақтап, жүрек шынайылығымен оқитын құлдарынан етсін!