Ата-анаға көзі тірісінде дұға ету
Ата-анаға көзі тірісінде дұға ету
1 ай бұрын 4045
Әкім Алымуддинұлы

*Дұға ету – Құдайдан жақсылық тілеу, сұрау.

Ата-ананың көзітірісінде баласының міндеттерінің бірі – олардың бұл дүниеде жақсы өмір сүруі үшін қолынан келгенін жасауымен қатар ақыретте де бақытты болуы үшін тырысып бағу. Өйткені адам баласы үшін тура жолды табудан асқан ұлық сый жоқ. Ал бұл сыйға қол жеткізуге кейде жақсы кісілер, рухани ұстаздар себеп болғаны сияқты өзінің баласы да себепкер болуы мүмкін.

Қазіргі таңда өздері иманның шырын дәмін татқанымен, әке-шешесі руханияттан мүлдем бейхабар қаншама жандар бар. Ата-анасы иманның ләззәтін татып көрмеген. Жаратушыға бас иіп құлшылық жасау мен ораза айында оразаның берекетін сезбеген жандарға Аллаһ тағаланы  танытып, иман нәрін татқызу – баланың ең басты міндетерінің бірі болса керек.

Иә, дәл осылай Ибраһим пайғамбар да пұтқа табынатын әкесінің Аллаһқа иман келтіріп, шынайы бақытқа қол жеткізуі үшін қолынан келгенін жасап баққан-ды. Мәриям сүресінде осы ұлы  пайғамбардың ынтасы былай баяндалады:

«Кітапта Ибраһимді де есіңе ал! Ол шындығында өзі де, сөзі де тура бір пайғамбар еді. Бір күні ол әкесіне былай деді: «Әкешім! Неліктен сараң, көр, саған ешқандай пайдасы жоқ нәрсеге табынасың? Әкешім! Ақиқатында сен бұрын-соңды естіп-білмеген бір ілім маған берілді. Олай болса, менің айтқандарыма құлақ сал, сені тура жолға бастайын. Әкешім! Шайтанға құлдық ете көрме. Себебі шайтан өте мейірімді Аллаһқа қарсы келді. Әкешім! Аллаһтың азабы басыңа келіп, шайтанға жақтас болып кетесің бе деп қорқамын»[1].

Атақты сахаба Әбу Һурайраның (р.а.) да анасының мұсылман болу үшін жасағандары да ерекше үлгі боларлық. Ол анасының қалай мұсылман болғанын былайша жеткізеді:

«Меніңанампұтқатабынатынмүшірікеді.Меноны Аллаһ тағалаға иман етуге үгіттейтінмін. Бір күні осы өтінішімді қайталағанымда ол Пағамбарымыз жайлы құлаққа жағымсыз сөздер айтты. Бұған шыдай алмай, екі көзім жасқа толып, булығып Пайғамбарымыздың қасына бардым да: «Уа, Аллаһтың елшісі! Үнемі анамды мұсылман болуға шақырамын. Бірақ ол менің бұл тілегіме әрдайым қарсылық танытады. Бүгін тағы да мұсылман болыңыз деп өтінгенімде ол сіз жайлы жағымсыз сөздерайтыпкөңілімді қалдырды.Өтінемін, анамның мұсылман болуы үшін дұға жасаңызшы!» – дедім.

Пайғамбарымыз менің бұл ынтамды көріп:

 «Уа,Ұлы Аллаһ! Әбу Һурайраның анасына тура жол нәсіп ете гөр!», – деп қол жайып дұға етті. Бұл сүйінші хабарды жеткізейін деп анамның қасына құстай ұштым. Үйге келсем есік жабық тұр екен. Есіктің арғы жағынан анамның аяғының дыбыстарын естідім. Ол маған: «Күте тұр, Әбу Һурайра, қазір келемін»,– деді. Үйдің ішінен судың салдырлаған даусы естілді. Ғұсыл құйынып, киімдерін киіп, орамалын асыға тағып анам есікті ашты да маған: «Әй, Әбу Һурайра! «Әшһәду ән лә иләһә иллаллаһ уә әшһәду әннә Мухаммадан әбдуһу уә расулуһу» деп мұсылман болғандығын жария етті. Мен бұл жолы қуаныштан көз жасымды тыя алмай, Пайғамбарымыздың қасына құстай ұштым. Пайғамбарымызға «Сүйінші, уа, Аллаһтың елшісі! Аллаһ тағала дұғаңызды қабыл алды. Анама тура жол нәсіп етті», – деп қуанышты хабарды жеткіздім.

Мұны естіген кезде Пайғамбарымыз Аллаһқа мадақ айтып, ұлықтады. Тағы да жақсы нәрселер айтты. Мен Пайғамбарымыздан қайтадан: «Уа, Аллаһтың елшісі! Анам мен мені мұсылмандар жақсы көрсін және бізге де оларды жақсы көргізсін деп дұға етсеңіз екен!», – деп қиыла өтіндім. Сонда пайғамбарымыз: «Уа, Аллаһ тағалам! Мына құлыңды және анасын мұсылман құлдарыңа жақсы көргіз. Олардың жүрегінде де мұсылмандарға деген сүйіспеншілік отын жаға көр!», – деп дұға жасады. Осы дұғадан кейін мені көріп атымды естіген мұсылмандардың бәрінің мені жақсы көргендігіне куә болдым»[2].

Иә, Пайғамбарымыздың дұғасының қасиеттілігін қараңыз! Сол кезде Әбу Һурайраны  ұсылмандар қалайша жақсы көрген болса, қазіргі таңда да мұсылмандар Адамзаттың мақтан тұтар тұлғасы, ғаламның рақым нұры ардақты Пайғамбарымыздан ең көп хадис жеткізген осы қастерлі тұлғаны жақсы көріп құрмет тұтуда және қиямет қайымға дейін де осылай болмақ. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) хадисінде:

«Менің сахабаларым көктегі жұлдыздар іспетті. Қайсысының соңынан ілессеңдер де тура жолды табасыңдар», – деп мадақтайды. Хазірет Әбу Һурәйраның анасы үшін шыр-пыр болып, жатса-тұрса оның мұсылмандықты қабылдауын тілеуі бізге де бойымызға серпін беріп, осы жолда қажырлы еңбек етуге жетелейді. Ата-анамызға жасаған дұғамызда табандылық көрсетуді үйретеді.

«Жұмақтың кілті жаныңда (ата-ананың қадірі)».


[1] «Мәриям» сүресі, 41-45-аяттар
[2] Муслим. Фәдаилус-сахаба. 158; Ахмад ибн Ханбәл. Мүснәд. II, 319-бет

 

0 пікір