Құраннан насихат: Біреуді мазақ қылу – күнә!
Құраннан насихат: Біреуді мазақ қылу – күнә!
1 ай бұрын 2716
Нұғман Тұрғын

 

وَيْلٌ لِّكُلِّ هُمَزَةٍ لُّمَزَةٍ ﴿١﴾ الَّذِي جَمَعَ مَالًا وَعَدَّدَهُ ﴿٢﴾ يَحْسَبُ أَنَّ مَالَهُ أَخْلَدَهُ ﴿٣﴾ كَلَّا ۖ لَيُنبَذَنَّ فِي الْحُطَمَةِ ﴿٤﴾ وَمَا أَدْرَاكَ مَا الْحُطَمَةُ ﴿٥﴾ نَارُ اللَّهِ الْمُوقَدَةُ ﴿٦﴾ الَّتِي تَطَّلِعُ عَلَى الْأَفْئِدَةِ ﴿٧﴾ إِنَّهَا عَلَيْهِم مُّؤْصَدَةٌ ﴿٨﴾ فِي عَمَدٍ مُّمَدَّدَةٍ ﴿٩﴾

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

«Мал-дүние жиіп, оны (тоқтаусыз) санайтын, адамдарды шағыстырып, қас және көзімен ишара ете отырып келеке қылатын адамға нендей өкініш. Негізінен малы, оны мәңгі жасатады деп ойлайды. Олай емес, әлбетте ол «Хұтамаға» тасталады. «Хұтаманың не екенін қайдан білесің?» Ол, Алланың жағылған оты. Сондай жүректерді шалатын. Расында олар, ол отқа қамалады. Ұзын діңгектерге байланады». (Құран Кәрім: «Һүмәзә» сүресі, 1-9 аяттар).

Мазақ ету әдеті адамның өзін өзгеден жоғары санаудан басталады. Кейін қарсы алдындағы адамды ешкім деп санап, оған жоғарыдан қарауға дейін алып келеді. Мұсылмандардың қасиетті кітабы Құран Кәрім, мүміндердің бір-біріне бауыр екендігін баяндай келе, осы бауырластық сезіміне қаяу түсірер әртүрлі сөз бен әрекеттерді тыйған. Мәселе, мазақ етуші адам өзін жоғары санап, тәкәппарлануымен қоса, мазақ етуі арқылы мұсылман бауырын ренжітіп, оған қолайсыздық тудырары хақ. Тәкәппарлану қалай харам болса, мүмін бауырына жапа шектіру де соншалықты харам. Тәкәппарлық пен мазақтаудың нәтижесі – мұсылман қоғамында бауырмалдық байланыстың әлсіреуіне әкеп соғады. Өйткені, мазақтау адамдар арасында ғадауат пен жеккөрушілік сезімін тудырары шындық, сондықтан да, мазақтау ісінің залалы тек екі адам арасында ғана қалып қоймайды, әлеуметтік қарым-қатынастың әлсіреуіне де себеп болады.

Осы айтқандарымызды «Хужурат» сүресінің мына бір аяты әдемі түсіндіреді:

«Ей иман еткендер! Бір қауым, екінші қауымды мазақ қылмасын. Бәлкім олар бұлардан жақсы шығар. Сондай-ақ әйелдер, әйелдерді келемеждемесін. Бәлкім олар бұлардан жақсы шығар. Бір-біріңді міндемеңдер; жаман ат тағыспаңдар. Иман келтіргеннен кейін сүркей ат нендей жаман! Ал кім тәубе қылмаса, міне солар залымдар»[1].

Осы тұрғыда, сөзімен болсын, ісімен болсын мүміндерді ғана ренжіту күнә саналмайды, өзге де дін өкілдеріне тіл тигізіп, оларды нақақтан нақақ ренжіту күнә. Себебі, дінімізде қорғалуы керек болған бес негіз – дін, жан, ақыл, нәсіл және мал-дүние, бұл бес негіз барлық адамдар үшін маңызды дүниелер. Сондықтан да, осы бес негіз Исламда қорғалады. Дәлірек айтқанда, Ислам дінінде әр жеке бастың ар-намысы мен қадіріне қол сұғылмайды. Адамның ішкі жан-дүниесінің негізін құрайтын ар-намысы мен қадір-қасиетіне дақ түсірілмеу керек. Сол себепті болса керек, Ислам дінінде өзге дін өкілдерінің сенім мен қасиет тұтқан құндылықтарын мазақтауға жол жоқ. Бұл жайында Құранның мына бір аятында былай делінеді:

«Олардың Алладан өзге сиынғандарын тілдемеңдер. Олар да білместіктен шектен шығып, Аллаға тіл тигізетін болады. Осылайша әр топқа өз істерін әдемі көрсеттік. Сонан соң қайтар орындары Раббылары. Сонда оларға не істегендерін білдіреді»[2].    

Бәріне белгілі болғандай, қоғамдық өмірдегі қарым-қатынастар адалдық пен ақжүректілікке сүйенеді. Адалдықтың және шынайылықтың деңгейін өлшейтін құрал – жүрек. Әзіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір сөзінде: «Алла Тағала сендердің түр-сипаттарыңа да, мал-дүниелеріңе де қарамайды. Ол жүректеріңе қарайды»[3] - деген. Адамдар әрдайым сыртқы көріністен ғана хабардар, ал адамның ішкі әлемін білуі мүмкін емес. Алла Тағаланың құзырында таразға тартылатын адамның сыртқы бейнесі емес, жүрегіндегі тақуалығы. Сондықтан, ешкім ешкімді қорлауға қақы жоқ. Келеке қылу арқылы Құдайдың назары түсетін жүрекке қаяу түсіруіне қақы жоқ.

Жазбамыздың басында келтірген суреде айтылғандай, дүниедегі қадірді мал-дүниемен өлшейтін, байлығымен өзін күшті санайтын, соның нәтижесінде өзінен басқаларды келеке, мазақ қылатын адамдарды Құран Кәрім сынға алып, былай дейді:

«Мал-дүние жиіп, оны (тоқтаусыз) санайтын, адамдарды шағыстырып, қас-көзімен ишара ете отырып мазақ қылатын адамға нендей өкініш»[4].

Қорыта айтқанда, біреуді мазақ қылып, келекеге айналдыру Қасиетті Кітабымыздың бірнеше аятында тыйым салынған әбес іс. Олай болса, Ислам дінінің «бауырмалдық» байланысты қорғау мақсатында «келеке-мазақты» тыйғанын білелік. Аллаға және ақырет күнінен сенетін мұсылманның адамдарды келеке-мазақ қылуы және оны көңіл көтеру нысанасына айналдыруы, мүлдем болмайтын тірлік. Оның үстіне, Алланың алдында кімнің кімнен артық екендігін білуші де, бір Алла ғана!


[1] Құран Кәрім: «Хужурат» сүресі, 11 аят.
[2] Құран Кәрім: «Әнъам» сүресі, 108 аят.
[3] Имам Мүслім: «Сахих Мүслім».
[4] «Һүмәзә» сүресі, 1,2 аят.

0 пікір