Құрандағы «расул» және «нәби»ұғымдары
Құрандағы «расул» және «нәби»ұғымдары
2 жыл бұрын 4600
Қалмахан Сейтұлы

Қасиетті Құран Кәрімде «расул» мен «нәби» ұғымдарының қолданылуында біршама айырмашылық бар екендігін байқаймыз. Мәселен,

«...Ол расул әрі нәби еді»[1];  

«Сенен бұрын ешбір расул да, нәби де жіберген жоқпыз...»[2], – деген аяттарда «расул» мен «нәби»сөздерінің жеке-жеке айтылуы олардың бір келкі мағына бермейтіндігін түсінуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар пайғамбарымыз Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) да:

«Хабаршылық пен елшілік менен кейін тоқтайды. Енді нәби де, расул да келмейді»[3], – деген болатын. Бұл да біз қарастырып отырған екі ұғымның арасында айырмашылық бар екенін көрсетеді.

Олай болса, әрбір расул нәби болғанымен, әр нәби расул бола алмайды[4].

Мәселен, Мұса (а.с.) нәби әрі расул еді. Өйткені оған уахи арқылы кітап (Таурат) келген әрі ол бір дінді уағыздады. Ал оның бауыры Харун (ғ.с.) нәби ғана. Оған уахи келгенімен, кітап түсірілмеген. Ол Мұсаға (ғ.с.) келген шариғат негізінде әрекет еткен. Ал соңғы пайғамбар Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) нәби әрі расул. Өйткені оған (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Құран түсірілген һәм жаңа әрі соңғы дінді уағыздаған.

Пайғамбарлар бүкіл ғұмырын осы «сиратул-мустақим», яғни, Хақ тағаланың тура жолына арнаған. Ал бұл жолдың бүкіл расулдар мен елшілерге ортақ атауы – Ислам. Пайғамбарлар насихаттаған сенім негіздерінің арасында ине жасуындай да айырмашылық жоқ. Өйткені олардың барлығы бір ғана сенімге шақырды. Оны Құрандағы мына аяттардан көруге болады:

«(Мұхаммед) Сенен бұрын бір пайғамбар жіберсек оған: «Күдіксіз Менен басқа ешбір тәңір жоқ. Онда Маған ғана құлшылық етіңдер» деп қана уахи етіп жібердік»[5].

Нұх (а.с.):

«Раббыларыңнан жарылқау, кешірім тілеңдер. Өйткені Ол өте кешірімшіл»[6].

Һұд (а.с.):

«Уа, халқым! Аллаһ тағалаға құлшылық қылыңдар. Одан өзге ешбір құдай жоқ. Серік қосып, Хақ тағалаға жала жабудасыңдар»[7].   

Салих (а.с.):

«Уа, халқым! Аллаһ тағалаға құлшылық қылыңдар! Одан басқа ешбір тәңір жоқ. Ол сендерді топырақтанжаратып әрі сонда өмір сүргізді. Ендеше, сол Жаратқаннан қолдарыңды жайып жалынып, жарылқау тілеңдер. Һәм тәубе етіңдер. Сөзсіз Ол құлдарына өте жақын, олардың тілеген тілектеріне сөзсіз жауап береді»[8].

Жүсіп (а.с.):

«Уа, менің бір қапастағы жолдастарым! Бөлек-бөлек тәңір жақсы ма? Әлде әр нәрсеге өктем жалғыз Аллаһ жақсы ма? Сендердің де, аталарыңның да табынып келгені ойдан шығарылған бос тірліктер. Аллаһ оларға табынуға қатысты ешбір дәлел түсірмеген. Үкім Аллаһ тағалаға тән. Ол өзіне ғана құлшылық жасауды бұйырған. Міне тура дін осы. Бірақ адамдардың көбі білмейді»[9].

Шұғайып (а.с.):

«Уа, халқым! Аллаһ тағалаға құлшылық қылыңдар. Сендердің Одан өзге ешбір тәңірлерің жоқ. Сондай-ақ өлшемнен, таразыдан жегенді қойыңдар. Расында қазір молшылықтасыңдар. Бұлай кете берсеңдер, азапқа ұшырайтын күннен қорқамын»[10].

Мұса (а.с.):

«Ей, елім! Егер Аллаһқа иман келті ген болсаңдар, сондай-ақ мұсылман болсаңдар онда Аллаһқа тәуекел қылыңдар» деді[11].

"Пайғамбарларға иман". 


[1] «Мәриям», 19/51.
[2] «Хаж», 22/52
[3] Тирмизи, Сүнән, ІІ/51; Ахмад ибн Ханбал, Мүснәд, ІІІ/267
[4] Абдулкаһир әл-Бағдади, Усулуд-дин, Бейрут. 1981. 154-б.
[5] «Әнбия», 21/25
[6] «Нұх», 71/10.
[7] «Һұд», 11/50.
[8] «Һұд», 11/61.
[9] «Жүсіп», 12/39-40.
[10] «Һұд», 11/84.
[11] «Жүніс», 10/84-86

0 пікір