"Қайтыс болып кеткендерге тіл тигізбеңдер!" (Хадис тағылымы)
"Қайтыс болып кеткендерге тіл тигізбеңдер!" (Хадис тағылымы)
4 жыл бұрын 12448
Хамза Мұхаммед Қасым

Айша анамыздан риуаят етілген хадисте Алла елшісі (ғалейһиссаләту уә сәлләм) былай деген:

عَنْ عَائِشَةَ ، قَالَتْ : قَالَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ : لاَ تَسُبُّوا الأَمْوَاتَ ، فَإِنَّهُمْ قَدْ أَفْضَوْا إِلَى مَا قَدَّمُوا

«Қайтыс болғандарға тіл тигізбеңдер! Шынында олар (онсызда) істеген (жақсылы не жаманды) істерінің нәтижесін көріп жатыр». (Имам Бұхари: «Сахих Бұхари»).


Түсіндірме:

«Қайтыс болып кеткендерге тіл тигізбеңдер...», яғни, хадисте Алла елшісі (с.а.у.) о дүниелік болып кеткен мұсылмандарға тіл тигізуден қатаң тыюда. Өйткені, Исламда мұсылмандардың ар-намысы тірі кезінде қалайша қорғалған болса, өлгеннен кейін де онысын таптауға жол жоқ. Пайғамбарымыз (ғ.с.) басқа бір сөзінде: «Бір мұсылманның, екінші мұсылманға жаны, малы және ары харам», - дей келе, тіріні де, өліні де қамтып өтетіндей жалпылама айтқан. Тіпті, бақилық болған мұсылманның өзіне қарасты айтылған сөздерден өзін қорғауға дәрмәнсіз екендігін ескерсек, оның ары құрметтелуді және қорғалуды тіріге қарағанда көбірек қажет етеді.

Әрі қарай жоғарыдағы хадисте Алла елшісі: «Шынында олар (онсызда) істеген (жақсылы не жаманды) істерінің нәтижесін көріп жатыр», - дейді. Яғни, олар тірі жүргендерінде жамандық жасаған болса да оларға өлгеннен кейін тіл тигізудің қажеті жоқ. Себебі, олар онсыз да жақсы болсын, жаман болсын, істеген істерінің жазасын әділ түрде көріп жатыр. Оның ісі соттаушылардың соттаушысына (Аллаға) жетті. Оларды о дүниелік болғаннан кейін де балағаттайтындай, істеген істерінен жауапты емеспіз. Құранда былай делінеді: «Ол үмбет - өтті кетті. Оның істегені өзіне, сендердің істегендерің өздеріңе. Олардың істеген нәрселерінен сендер сұралмайсыңдар». («Бақара» сүресі, 134 аят).

Хадистен шығар үкімдер:
  • Бақилық болып кеткен мұсылмандарға тіл тигізудің және оларды балағаттаудың харам екендігін аталмыш хадис ашық білдіруде. Оның үстіне, тірі кезінде оны ғайбаттау харам болып есептелетін болса, өлген кезінде ғайбаттаудың харам болуы әбден орынды.
  • Ислам әдебінде өлгеннің жақсылығын айту дұрыс көрілген, ал оның жамандығын айту құп көрілмеген. Сахаба Абдулла ибн Омардан жеткен хадисте былай делінеді: «Өлгендеріңнің жақсылығын еске алыңдар, жамандығын айтудан тартыныңдар». (Имам  Тирмизи: «Сүнән»; Имам Әбу Дәуід: «Сүнән»).
  • Мұсылмандардан өзге, кәпір боп өткендерді, яғни, мұсылман еместердің өлгеннен кейін де жамандықтарын айту харам емес. (Мысалы, өзін құдай санаған Перғауынның жаман жағын еске алу, мұсылмандарға және Пайғамбарымызға түрлі жамандық жасаған Әбу Ләһәбтің жаманшылығын еске алу т.б. бұлар күнә емес). Алайда, олардың жамандығын айту өзге (оның жақыны болып саналатын) мұсылманның көңіліне тиетін болса, онда тіл тигізбеу керек. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) заманында Мединелік ансарлардың бірі Алла елшісінің атасы Абдульмүтәліпке тіл тигізеді. Сонда Алла елшісі: «Өлгендерімізге тіл тигізбеңдер. Тірілерімізге ауыр тиіп жатыр», - деп оның әрекетін хош көрмеген. (Имам Нәсәи кітабында риуаят еткен). (Сондай-ақ, Пайғамбарымыздың мұсылман болған Утбаның көзінше әкесі Әбу Ләһәб жайында сөз қозғаудан тыйғандығы да хадис кітаптарында келтіріледі - ауд.). 

 

«Манаруль Қари Шарху Мұхтәсари Сахихиль Бұхари».

Арабшадан аударып, дайындаған: А. Қасым.

0 пікір