Неге Құранда "Біз аспанды үнемі кеңейтудеміз" делінген?...
Неге Құранда "Біз аспанды үнемі кеңейтудеміз" делінген?...
4 жыл бұрын 21275

Біз мекен етіп отырған ғарыштың үнемі кеңеюде екенін білесіз бе? Ол кеңею сонау «Үлкен жарылыс» (Big Bang) кезінен жалғасып келеді. Ал осы кеңеюді телескоп жоқ, ғылым-білім, астрономия әлі дамымаған ғасырда Құранның білдіруі таңғаларлық. Қасиетті Құран Кәрімде ғарыштың кеңеюде екендігі былайша білдіріліпті:

وَالسَّمَاءَ بَنَيْنَاهَا بِأَيْدٍ وَإِنَّا لَمُوسِعُونَ

«Аспанды құдіретімізбен біз тұрғыздық (жасадық) әрі оны үнемі кеңейтудеміз». ("Зарият" сүресі, 47 аят).

Қазақшаға «Күмәнсіз, Біз кеңейтудеміз (кеңейту үстіндеміз)» деп аударылған арабша «иннә ләмуусиъуун» деген сөйлемдегі «муусиъуун» сөзі «кеңейту» мағынасын білдіретін араб тіліндегі «әусаъа» етістігінен түрленген. Ондағы «Лә» қосымшасы «сөзсіз» деген күшейтпелі мәнді үстемелеп тұр. Яғни, «Біз аспан әлемін үнемі кеңейтудеміз» деуде.

ХХ ғасырдың басына дейінгі ғылымда қабылданған бір ғана көзқарас «Ғарыштың қалыптасқан формасынан, болмысынан өзгермейтіндігі және оны ежелден (басталу мерзімсіз) келе жатқандығы» еді. Алайда, орыс физигі Александр Фридман мен Белгиялық ғарышты зерттеуші ғалым Джордж Лимайтр ХХ ғасырдың басында ғарыштың ылғи да қозғалыс үстінде әрі кеңеюде екендігін теория жүзінде есептеді.

1992 жылы Америкалық астроном Эдвин Хаббл үлкен телескоп арқылы жұлдыздар мен галактикалардың ұдайы бір-бірінен алыстауда екендігіне көз жеткізді. Бұл астрономия тарихындағы ең үлкен жаңалықтардың бірі ретінде бағаланады.

Хаббл осы зерттеу барысында бір-бірінен алыстаған сайын жұлдыздардың қызғылтым сәуле тарататындығын анықтады. Өйткені, физикалық шарттар бойынша, бақылау жасалған нүктеге қарай қозғалса, сәулелердің спектрі күлгін түске, ал бақылау жасалған нүктеден алыстаса, сәулелердің спектрі қызылтым жаққа қарай ойысады. Хабблдың бақылауы кезінде жұлдыз сәулелерінде ылғи да қызғылтым түске қарай тартылу байқалған. Бір қызығы, жұлдыздар мен галактикалар бізден ғана емес, өз араларында да бір-бірлерінен алыстауда. Жарық жылдамдығымен есептегенде, бізден миллион жылдай қашықтықта орналасқан жұлдыз бізден сағатына 168 шақырым жылдамдықпен, екі миллион жыл ұзақтықтағы жұлдыз екі есе жылдамдықпен, үш миллион жыл ұзақтықтағы жұлдыз үш есе жылдамдықпен тоқтамастан алыстайды екен.

Бұл шындық ХХ ғасырдың ең үлкен ғалымдарының бірі Альберт Эйнштейн тарапынан да теория жүзінде анықталған көрінеді. Алайда, Эйнштейн сол дәуірдегі «ғарыш өз пішінін өзгертпейді» деген пікірге қайшы келмеу үшін бұл жаңа теориясын жасыра тұруды жөн көрген. Эйнштейн кейіннен ол қылығына өкініш білдіріп, оны «мансап (карьера) жолындағы ең үлкен қателігім» деп атаған.

Құранда осы секілді ғылыми шындықтар өте көп. Бұл солардың біреуі ғана. Ғарыштың кеңеюін Құранның білдіруі – оның құдірет иесі Алла Тағаланың сөзі екендігінің бір дәлелі[1].


[1] «Аңсар» журналы, 2006 №3.

0 пікір