Қазақ әйелінің бас киімі
Қазақ әйелінің бас киімі
4 жыл бұрын 7629 Фото: joyday.me
АБАЙ МАУҚАРАҰЛЫ, жазушы-журналист.

Сахнадан ән шырқаған қазақ қыздарын көргенде сонау жырақ жылдардың бұлдыр сағымынан халқымыздың сағынышты көріністері елес береді. Бір кезде сахнада емес, өмірдің өзінде осындай едік қой деп ойға қаласың. Кең дала төсіндегі ақ отаулардың арасынан қызылды-жасылды киінген қыз-келіншектердің сылаң бейнелері көлбеңдеп, сыңғыр үндері құлаққа жетеді.

(1). Міне, мынау шашын талдап өргізіп, үкілі кепеш киген қарақат көзді – әлі балиғатқа толмаған қыз бала. Ол пәк, сәби, әлі біреуге атастырылғанынан да бейхабар. Оның қасында бейәдеп сөз айту көргенсіздік.

(2). Қолаң шашын қос бұрып ғып өріп, шолпы тағып, құндыз бөрік киген жас сұлу – бір үйдің бұлғақтатып өсіріп отырған бойжеткені. Ол – тотыдайын таранып, бой түзеп жүрген ауылдың еркесі. «Қызға қырық үйден тыю» деген құлаққа естілмейтін, көзге көрінбейтін көшпенділер заңы әлгі еркені күндіз-түні қалт жібермей бағады. Өзіне тең бір серінің көзі түсіп, құласқанша қыз шіркінге қырдың қоңыр желінен бөтен біреу тиюге қақы жоқ.

(3). Мынау басына сәукеле киіп, көзін төмен сап, сызыла басып жүрген сылқым – біреудің қалыңдығы. Төбесі күн шалғандай биік, айнала таққан меруерт-моншақтары жалт-жұлт етіп, көз жауын алған әсем сәукеле енді бұл бойжеткеннің иесі бар, көрінген көз салуға болайды деген айқын белгі.

(4). Ауыл арасынан басына қызыл желек жамылған қыр сұлуы көрінсе, ол жас отаудың иесі, бір мырзаның жан жары. Аз күн бұрын жүз жігіттің арманы болған, бүгін біреудің бақытына айналып, ақ некелі төсектің қызық-шыжығын жаңа татқан оқшау жан деп ұғасыз. «Қыз», «қалыңдық» деген ат ұмыт қалып, «келін» деген таңсық атты тағынған.

(5). Ай артынан ай өткенде, әлгі келін «келіншек» болады. Ол некелі жардан нәресте сүйгенінің белгісі. Бұл шақта бастан желек алынып, қызыл шиедей шым кестемен тігілген кимешек киіп, алтын-сары шашақты, зер тебелдірікті шылауыш (жаулық) салады. Кимешек-шылауышқа сылқымдары не түрлі теңге, моншақ тағып, кешегі өткен қимас күндерін еске ала жүрмек.

(6). Жыл артынан жыл өткенде, жас келіншек әйел атанады. Ауыл арасы «сары қарын бәйбіше» болды дер. Тұрғыластары мен күйеуі «қатын» деген қатқыл атқа да үйір етеді. Бұл уақта әлгі кексе әйел айшық-кестесі айқын, алтын оқасы көз тартарлық кимешек, кең-мол ұзын шылауыш киеді. Бұл да иесінің серілігіне сәйкес болмақ.

«Соғады сірекшеңді шылауышың
Қалмапты әлі дағы қыз дауысың», -

деген өлең жолдары қазақ қатынының сылқымдығынан сыр шертіп тұрғанын пайымдарсыз. Қазақ даласының әр өңірі бөрікпен сәукеленің не түрін жасағандай кимешек жаулықтың да мол үлгісін қалдырған.

(7). Күндердің күнінде баяғы жас әйелдің жүзін әжім торлап, басына әшекей кестелер бір өңді кимешек салып отырғанын байқарсыз. Бұл шақта ол әже атанып, немере сүйгені. Сонда да кимешек-шылауышы ақ шатырдай болып, өзінше басып тік ұстап, сәнмен отырады. Қазекем «сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» деген сынды сөзді ыдысқа емес, осындай өздерінің асыл сымбатын сындырмаған әйел затына арнаған, сірә!

(8). Өмірдің күні батар шақта, шүйкедей болған ақ әженің басынан кесте-өрнексіз шымқай ақ кимешек-жақ көрсеңіз, ол құдай қосқан жарының о дүниелік болғанының куәсі.

Асыл халқымыз адамның алтын басын осылай ардақтап, тек әйелдің бас киімінің өзінен осындай өнегелі мәдениет жасап кеткен.

Әсілі, бұндай ізгілікке жетуге мұсылмандық ғұрыптың әсер еткені күмәнсіз. Ислам шариғатында әйелдердің жалаңбас жүруі, шашын көрсетуі күнә болып саналады. Кәмелетке толған қыздардың шашын, мойны мен құлағын, тамағы мен бұғағын ашық ұстауы ұятты жерлерін көрсетумен тең. Мұсылмандық әдепті әуелден болмысына сіңіріп үйренген қазақ әйелдерінің бас киімдерінен осы тыйымдарды анық байқауға болады. Сәби қызға тақия, кепеш кигізіп үкі тағуының өзі – жас басынан жалаңбас жүруге үйретпеу, шашын үрпитпей, кішкентайынан көзге жылы, көңілге жұғымды, әдепті болуға баулу екенін ұғу қиын емес. Ал, кәмелетке толған бойжеткен мен келін болып түсіп, нәресте көргенге дейінгі бас киімдер де осы кезеңге сай ойластырылған. Сәбиін емізіп отырған сәтте, омырауы мен көкірегін жасырып тұратын кимешек аталатын сәнді киім киюі де асқан әдептіліктің кемел үлгісі. Осындай жетістікке жеткен елдің қыздары бүгін қандаймыз? Сол алыс жылдардың әсем елестерін бүгінгі әйелдердің қырыққан бас, дудар бас, келте шаш, кірпі шаш, қызыл бас, қылаң бас, жалаң бас, тіпті, тақыр бас... бір өңкей келеңсіз кескіндері алмастырғаны қалай![1].


[1]  "Аңсар" журналы, №2. 2006 ж.

0 пікір