Мысыр патшасы жолдаған дәрігерге Пайғамбарымыз (с.а.у.) не деді?
Мысыр патшасы жолдаған дәрігерге Пайғамбарымыз (с.а.у.) не деді?
6 күн бұрын 4767
А. Қасым

Мысырдың патшасы патриарх Александрийскийдің жолдаған дәрігерге Пайғамбарымыз (с.а.у.) не деді?

Пайғамбарымыз (ғалейһиссәләм) Медине қаласына көшкеннен кейін, көршілес елдердің патшаларына хат жолдап, оларды Исламға шақырды. Соның бірі сол замандағы Мысыр өлкесін басқарып отырған, Мұқауқис есімді патша. Мұқауқисты тарихшылар Патриарх Кирус, Патриарх Александрийскийдің арабша атауы деп санайды. Ол Византия империясының Мысыр жеріндегі соңғы өкілі.

Сонымен, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хатын алған Мұқауқис Исламды қабылдамаса да, хаттағы шақыруды құрметпен оқып, Алла елшісіне илтипатпен жауап жазады. Оған (пайғамбарымызға) сыйлықтар жолдайды. Сыйлықтардың ішінде Мария мен Сирин атты екі апалы-сіңлілі күңдер болады. (Мария мен Сирин жол-жөнекей мұсылмандықты қабыл етеді).

Сондай-ақ, сыйлықтар арасында бір дәрігердің болғандығы да кейбір «Сиира» (пайғамбар тарихы) кітаптарында айтылған.

Сол дәрігер Медине қаласына келіп орналасқаннан кейін, оның жергілікті мұсылмандар арасында ауырғандарды емдейін деген ойы болыпты. Алайда, сырқатына шағымданған бірде-бір адам келмеген екен. Сонымен, қанша уақыт өткені белгісіз, ақыры ешкім келмей қойғаннан кейін, ол Алла елшісінің (с.а.у.) алдына барып, ешкім келмегенін, енді оның бұл жерде қалуының мәнісі жоқ екендігін айтқанда, Алла елшісі (с.а.у.) дәрігерге:

 نحن قوم لانأكل حتى نجوع، وإذا أكلنا لا نشبع

«Біз - қарнымыз ашпайынша тамақ ішпейтін, тамақ ішкенде де тойып ішпейтін қауымбыз»

- дейді. Осылайша, көп аурудың басы - көп тамақ ішу екенін де меңзеп өтеді.

(Мұқауқис патшаның дәрігер сыйға тартқандығын әрі Алла елшісі оған осылай айтқандығын кейбір хадистанушылар жоққа шығарған).

Ал, енді, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) Мысырлық дәрігерге әлгіндей сөз айтып, кейін оны Мысырға қайтаруы - Исламның «емделуге қарсы» екенін көрсетпейді. Ол сөзді – дәрігерге ешкімнің келмеуінің себебін түсіндіру үшін айтылған дүние деп қабылдауымыз керек. Әйтпесе, ол заманда да жергілікті араб халқының өзінде ем-дом жасау шаралары жасалатын. Мысалы, хижама жасау, тмин ішу, бал жеу т.б. табиғи дәрі шөптермен, өсімдіктермен емдейтін дәрігерлер бар еді.

Мысал ретінде, «Тәимур Рабаб» (تَيْم الرَّباب) тайпасынан шыққан Ибн Хизям деген араб дәрігерін атасақ болады (ابْنِ حِذْيَمٍ). Ибн Хизям - сол дәуірде өмір сүрген араб қоғамындағы дәрігерлік саласын жақсы меңгерген ұста адам еді. Оны «Араб ұлтының ең мықты дәрігері» дейтін. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) көзін көрген.    

Сондай-ақ, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) заманында әл-Хәрис ибн Кәлдә әс-Сәқофи деген атақты дәрігер өмір сүрген. Тайыф қаласының тумасы. Әл-Хәрис өзінің дәрігерлік мамандығын Йемен жерінде және Парсы жерінде жүріп үйренгендігі айтылады. Оның емдеу шаралары мен жасаған дәрілері халықтың қажеттілігін қамтамасыз етіп отырған. Ислам діні келгеннен кейін, мұсылман болып, Исламдағы ең алғашқы дәрігер атанады.

Тағы да басқа сол сияқты дәрігерлер Ислам келмей тұрып та, Исламның алғашқы жылдарында да араб қоғамында болды. Пайғамбарымыз қайтыс болғаннан кейінгі ғасырларда Ислам әлемінде медицина саласы қатты дамып, ауруханалар соғыла бастады. Көптеген әлемдік деңгейдегі мұсылман дәрігерлер бой көрсетіп, әлі күнге дейін құнын жоғалтпаған трактаттар жазылды.

 islam.kz

0 пікір