Дінмұхамед Қонаевтың "мүзей-үйіне" сапар (фоторепортаж)
Дінмұхамед Қонаевтың "мүзей-үйіне" сапар (фоторепортаж)
3 жыл бұрын 9227
Ақжарқын Қыдырханова

Ол - дүние-мүлік жинамаған, меншігінде көлігі де болмаған қарапайым басшы. Леонид Брежнев Алматыға алғаш келгенінде Дінмұхамед Қонаевтың үйіне тоқтайды. Пәтерін ары-бері аралап: "Бар дүниең осы ма?"- деп таңданыпты. Бұл сөзді Алматы төрінде тұрған музей-үйдің қонағы да айтар еді. Дегенмен Дінмұхамед Қонаевтың үйіндегі әр зат оның қандай басшы, қандай отағасы болғанынан сыр шертеді. Архив материалын қайта жариялап отырмыз, - дейді baribar.kz/ сайты.

Бұл үйде Дінмұхамед Қонаев 24 жыл тұрған. Бір қызығы, мұндағы барлық зат осы күнге дейін орнынан қозғалмаған. Құдды үй иелері әлі де бар тәрізді. Біз кіргенде қоңырау сағаттары шырылдай бастады. Музейдегілердің айтуынша, сағаттар Дінмұхамед Қонаев қайтқалы қуатталмаған. Кейде өздігінен қосылып кететіні де содан екен.

Дінмұхамед Қонаевтың үйіДінмұхамед Қонаев үйінің подъезі. Фото: Айгүл Хожантаева 

Үйдің кіреберісінен оң жақта Бірінші хатшының кітапханасы тұр. Музей қызметшісінің айтуынша, үйдегі ең бағалы бөлме – осы. Дінмұхамед Қонаев уақытының көп бөлігін кітапханасында өткізген. Мұнда кітап та оқитын, жұмыс та істейтін. Сөресіне қазақ, орыс, шетел авторларының 5 мыңға жуық кітабы жинақталған. Үй иесі олардың барлығын оқып шыққан. Кейбірін бірнеше мәрте парақтаған екен.

Cтудент кезінен өмірінің соңына дейін күніне 200 бет оқуды әдет еткен. Жексенбі күндері бұл сан 300-ге де жетіп отырған. Техника мамандығын игерген соң басым бөлігі – осы салаға қатысты ағылшын, латын тіліндегі кітаптар. Сөресінен 29 Құран кітапқа да орын берілген. Оның ішінде діндар әкесі Меңліахмет пен жары Зухраның да жинағаны бар. Кей дерек бойынша Дінмұхамед Қонаев өмірінің соңында намазға жығылған екен.

Дінмұхамед Қонаевтың кітапханасы.Дінмұхамед Қонаевтың кітапханасы. Фото: Айгүл Хожантаева 

Меңліахмет Қонаев ұлын бес жасынан бастап жұма намазынан қалдырмаған. Осы жасынан бастап қолына кітап ұстатқан. 70 жылға жуық отасқан Қонаевтар отбасы 11 баланы дүниеге әкеп, барлығын адалдыққа, білімге, еңбекке баулыған. Содан болар ұядан түлеп ұшқанның барлығы білім, ғылым саласының үздігі болып, әр салада қызмет еткен.

Дінмұхамед Қонаев – өмірінде аузына арақ-шарап алып көрмеген жан. Бірақ темекі шеккен. Оттық жинаған коллекционер. Қоржынында 467 оттығы бар. Олардың барлығы істеп тұр. Арасында әр елдің басшылары сыйлыққа бергені, өзі сатып алғандары да тұр. Ұлыбритания Премьер-министрі “Ромео-Джульетта” кітабының мұқабасы тәрізді оттық сыйлаған. Түрлі дизайндағы оттықтардың қатарында Джон Кеннеди, Саддам Хусейн, Леонид Брежнев тәрізді тарихқа белгілі тұлғалардың сыйға тартқаны да бар.

Қазақстан басшысы көлемі кішкентай кітаптарды жинауды да ұнатқан. Олардың арасында ең кішкентайы – Сәкен Сейфуллиннің “Сыр сандық” кітабы, көлемі адам бармағындай ғана. Бір қызығы, мұндай кішкентай кітаптардың барлығы оқуға жарамды.

Дінмұхамед Қонаевтың жұмыс үстеліДінмұхамед Қонаевтың жұмыс үстелі. Фото: Айгүл Хожантаева 

Дінмұхамед Қонаевтың жалғыз мемуары, көпшілікке белгілі “Ақиқаттан аттауға болмайды” атты кітабы бар. Үстелінде соның екінші бөлімі аяқталмаған күйінде жатыр. Ол – бірнеше кітаптың авторы, көбі – ғылыми еңбектерінің, мақалаларының жинағы. Ол білікті басшы ғана емес, ғалым да болған. Қорында жүздеген ғылыми еңбегі бар. Кезінде құндылығы сонша – кітабына Кеңес үкіметі “құпия” деген штамп басқан.

Дінмұхамед Қонаевтың "Құпия" штампы басылған ғылыми еңбегіДінмұхамед Қонаевтың “Құпия” штампы басылған ғылыми еңбегі. Фото: Айгүл Хожантаева 

230 шаршы метр болатын төрт бөлмелі пәтерде кезінде небір ірі басшылар, саяси қызметкерлер қонақта болған. Жоғарыда атап өткеніміздей, мұндағы заттардың барлығы сол күйінде тұр. Оған ескірген диван, орындықтар дәлел. Бір айта кететіні, Дінмұхамед Қонаев пен жары Зухра Шәріпқызы дүние жинағанды ұнатпаған. Үйдегі стенд пен теледидар, тоңазытқыштан өзгесінің барлығы сыйға келген. Отандық шеберлер мен шетел басшылары Дінмұхамед Қонаевтың өзі қаламаса да, оны сый-сыяпаттан құр қалдырмаған. Содан да Қазақ КСР-і басшысының үйі сән-салтанатқа толы.

Дінмұхамед Қонаевтың үйіндегі стенд.Дінмұхамед Қонаевтың үйіндегі стенд. Фото: Айгүл Хожантаева 

Кеңес Одағының барлық әйелі тәрізді Зухра Шәріпқызы ыдыстарды сәндеп жинауды ұнатқан. Тоқығанды жақсы көрген. Әр ыдыстың астына төселген тоқыма үй иесінің қолынан шыққан. Асханадағы жинақылық та оның талғамы ерекше болғанын аңғартады. Үйде аспазы болса да, көбіне тағам даярлауды Зухра Шәріпқызы өз міндетіне алған.

Дінмұхамед Қонаевтың үйіДінмұхамед Қонаевтың үйі. Фото: Айгүл Хожантаева 

Дінмұхамед Қонаев арнайы диетада болған. Дегенмен жұбайы жасаған тоқаш, чак-чак, бәліш, палаудан бас тарта алмаған.

Дінмұхамед ҚонаевҚонаевтар отбасының асханасы. Фото: Айгүл Хожантаева 

Әр таңғы асқа бәліш жегенді ұнатқан. Бұл үй иесінің ең сүйікті тағамы еді. Дінмұхамед Қонаев қашан да әйеліне қолғабыс болуды құрмет санаған. Екеуі тұшпара түюден жарысқан деп те айтады.

Дінмұхамед Қонаев пен Зухра ШәріпқызыДінмұхамед Қонаев пен Зухра Шәріпқызы бәліш жасап жатыр. Фото: Айгүл Хожантаева 

Зухра Шәріпқызы дүниеден өткенде жолдасы кітап арнап, онда жарын алғаш көргеннен ғашық болғанын, өмірінің соңына дейін жақсы көріп өткенін жазды. Мемуарында “Біз 50 жыл, алты ай, екі күн бірге тұрдық” дейді. Дінмұхамед Қонаевтың жары ағылшын, француз тілдерін еркін меңгерген, мамандағы бухгалтер болған. Бірақ тұрмыс құрғаннан кейін бар өмірін Қонаевтар әулетіне арнаған. Күні бүгінге дейін Зухра Шәріпқызы атасы Меңліахметке жылы суын қалай әзірлеп, Дінмұхамедтің бауыр-қарындастарына қалай қызмет көрсеткенін жұрт таңдана айтысады.

Дінмұхамед Қонаевтің трофейлеріДінмұхамед Қонаевтың трофейлері. Фото: Айгүл Хожантаева 

Дінмұхамед Қонаев аңшылықты да сүйген. Қабырғада тұрған 77 келі болатын қабанның басы мен бес жасар марал – өзінің трофейі. Ол барлығын заң жүзінде орындаған, аңшылыққа тек күз айында рұқсат етілген аң-құсқа шыққан. Көбіне үйрек, қырғауыл тәрізді кішкентай құстарды атып алған. Оның осы хоббиі туралы білген басшылар суық қару түрлерін сыйлап отырған. Кейіннен “Суық қаруды үйде сақтауға болмайды” деген заң шыққанда ешқандай уәжсіз барлық қаруын өткізген. Музей ұйымдастырылғаннан кейін Дінмұхамед Қонаевтың туыстары оны арнайы алдыртқан.

Қазақстан минералдарыҚазақстан минералдары. Фото: Айгүл Хожантаева 

Дінмұхамед Қонаев басшы болып тұрған кезде Қазақстанда 43 қала, 19 облыс, 64 аудан орталығы пайда болды. Мұнай өнеркәсібі, түсті металл өндірісі, машина жасау, басқа да салалар оның билігі тұсында қарқынмен дамыды. Мысалы, ол басшылыққа келген жылы Қазақстанда алты ғана химия элементі белгілі еді. 1982 жылға қарай олардың саны 70%-ке артты. Бұрын нан пісірмеген қазақ Дінмұхамед Қонаевтың тұсында бүкіл КСРО-ның жартысын астықпен қамтамасыз ететін үлкен державаға айналды. Қазақстан сол кезде Ресей мен Украинадан кейін астық өндіруден үшінші орында болды.

Дінмұхамед Қонаевтың музейіДінмұхамед Қонаевтың музейі. Фото: Айгүл Хожантаева 

Дінмұхамед Қонаев Қазақстан жерінің тұтастығын сақтауға көп үлес қосқан. Себебі Никита Хрущев КСРО ішіндегі шекараларды тезірек жойып жіберуді қалаған. Мысалы, Маңғыстауды Түрікменстанға қоспақ болған. Сонда оған Дінмұхамед Қонаев қарсы шығып, Геология министрі Андрей Сидоренконың көмегімен Маңғыстауды алып қалған. Осы әрекеті Никита Хрущевке ұнамай, оны орнынан түсіріп тастайды. Кейін Никита Хрущев айыпталып, орнына Леонид Брежнев келгенде қазақ басшысы қайтадан Бірінші хатшы қызметіне тағайындалады.

Дінмұхамед Қонаевтың музейі.Дінмұхамед Қонаевтың музейі. Фото: Айгүл Хожантаева 

Дінмұхамед Қонаев бармаған бір де бір облыс, бір де бір аудан орталығы болмаған екен. Көбіне “Чайка” көлігімен жүрген. Себебі оған жеті-сегіз адам еркін сыятын еді. Ол осы көлікке қызметке жауапты мамандарды отырғызып, жиналыс өткізе берген.

Дінмұхамед Қонаевтың музейіДінмұхамед Қонаевтың музейі. Фото: Айгүл Хожантаева 

Музейдегі Дінмұхамед Қонаевтың ұзын үстелі де келген қонақтарды таңғалдырады. Оның креслосы да қарапайым ағаштан. Бұл оның “Басқалар менің алдыма келгенде өзін тең ұстасын” деген ниетпен таңдағаны екен. Есіктен кірген адамды өзі қарсы алып, қолын алған, үй-ішінің хал-жағдайын сұрауды сыпайылық деп түсінген екен. Одан кейін өзінің орнына емес, келген адамға қарама-қарсы орындыққа отырып сөйлескен. Бұл алдындағы адаммен арадағы барьерді жояды деп сенген.

Дінмұхамед Қонаевтың жұмыс кабинетіндегі үстелДінмұхамед Қонаевтың жұмыс кабинетіндегі үстел. Фото: Айгүл Хожантаева 

1982 жылы Леонид Брежнев қайтыс болды. Осыдан кейін Дінмұхамед Қонаев үшін сәтсіз күндер басталады. Юрий Андропов пен Константин Черненкодан кейін басшылыққа келген Михаил Горбачев айналасына жас кадрларды жинауды мақсат етеді. Ұзақ жыл Қазақ КСР-ін басқарған Дінмұхамед Қонаевты қызметінен кетіру үшін оның жемқорлыққа қатысы бар-жоғын тексереді. Бірақ “Ақиқаттан аттауға болмайды” мемуарында айтылған дерек бойынша оның атына қарсы бір де бір құжат табылмайды. Ақыры зейнетке шығарып жібереді. Бұл 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына себепші болды. Осыдан кейін Дінмұхамед Қонаевқа “Жастарды көтеріліске шығуға үгіттеді” деген айып тағылып, 1986 жылдан 1991 жылға дейін үй қамауына отырғызылды. Тіпті, үйі орналасқан Мұқан Төлебаев көшесінің бойымен жүруіне де тыйым салынған. Арасында қала сыртындағы саяжайына барып тұрған. Оның өзінде Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің мамандарының бақылауында болды. Осы оқиғадан соң достары да Қонаевтар отбасымен араласпай кеткен. Үй қамауын көтере алмаған Зухра Шәріпқызының денсаулығы сыр беріп, 1990 жылы 20 сәуірде дүниеден өтті.

Дінмұхамед Қонаев пен Зухра ШәріпқызыДінмұхамед Қонаев пен Зухра Шәріпқызы. Фото: Айгүл Хожантаева 

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Дінмұхамед Қонаев үй қамауынан босатылды. Содан кейін ол бірден ел ішіне саяхат жасауды бастап кетеді. Сондай саяхаттың бірі өзінің бала кездегі кумирі Мұхамеджан Тынышпаевтың 115 жылдығына баруы еді. Бұл оның соңғы сапары болды. Халық ортасында қазақтың тұңғыш инженерінің туған күнін тойлағаннан кейін ол ұйқы үстінде төртінші инфаркт алып, дүниеден озды. Сол кезде оның жанында тек көлік жүргізушісі мен жеке дәрігері болған еді. Дәрігері Ахат Әминұлы бұл сапарға бармауға кеңес берген. Бірақ Дінмұхамед Қонаев мұндай әрекетті кумиріне адалдық емес деп түсінген.

Ол дүниеден өткен кезде газеттер тек екі  сөйлем жазған – “Дінмұхамед Қонаев дүниеден өтті. Қош бол, ұлы адам”. Оны соңғы сапарға шығарып салу рәсімі Алматыдағы театрлардың бірінде өтті. Халықтың да, полицияның да қарасы өте көп болды. Алматы көшелері сол күні миллиондаған гүлге толып қалған.

Дінмұхамед Қонаевты еске алып, музей-үйіне келіп тұратындар аз емес. Егер жолыңыз түссе, Алматының Мұқан Төлебаев көшесі, 117 мекенжайы бойынша Қазақ КСР-і басшысының үйіне Сіз де қонақ бола аласыз.

0 пікір