УАҒЫЗ АЙТУ МӘДЕНИЕТІ
УАҒЫЗ АЙТУ МӘДЕНИЕТІ
14 күн бұрын 1495 islam.kz/ Фото: ЖИ

Қасиетті дініміз – Ислам адамзатқа тура жолды көрсетумен қатар, көркем мінезге, әдеп пен инабатқа үндейді. Ал осы асыл дінімізді халыққа жеткізуші, жүректерге иман нұрын себуші жандар – уағызшылар. Уағыз айту – тек ақпарат жеткізу емес, бұл – рухани тәрбие беру, жүректерге үміт, санаға сілкініс ұялату өнері. Сондықтан да «уағыз айту мәдениеті» мәселесі аса маңызды, терең мән беруді қажет ететін тақырып.

1. Уағыз – жауапкершілігі мол міндет

Уағыз – Алланың сөзі мен Елшісінің (с.ғ.с.) сүннетін халыққа жеткізу аманаты. Бұл істі мойнына алған адам ең алдымен өз жүрегін тәрбиелеп, сөзін амалмен бекітуге тырысуы тиіс. Құран Кәрімде Алла Тағала:
«Неге өздерің істемейтін нәрсені айтасыңдар?» – деп (Сафф сүресі, 2-3 аяттар) ескерткен. Демек, уағызшы алдымен өзі айтқанын өмірімен дәлелдеуі керек.

2. Жұмсақтық пен даналық – негізгі ұстаным 

Құранда Алла Тағала Мұса мен Харун пайғамбарларға Перғауынға барып былай деуді бұйырады:
«Оған жұмсақ сөз айтыңдар, бәлкім, үгіт алар немесе қорқар» (Таһа сүресі, 44-аят).

Мұндағы «жұмсақ сөз» – уағыз айтуда негізгі қағидалардың бірі. Кейбір уағызшыдар "бетке айтқанның жөні осы екен" деп дөрекілікке салынып, оның арты әдепсіздікке жетелейді. Қатқыл сөз, қорқыту немесе менсінбеу және бейнебір банды секілді дөрекі тонмен сөйлеу – жүректі жауып, тыңдаушыны кері итереді. Ал көркем үнмен, мейірімділікпен айтылған әрбір насихат жүрекке жол табады.

3. Тыңдаушыны тану – маңызды мәдениет 

Нағыз уағызшы – аудиторияны танитын, халықтың деңгейі мен көңіл-күйіне сай сөз таба алатын адам. Бір ауыл қарияларына айтылатын сөз бен жастар жиналған ортада айтылатын уағыз бірдей болмауы керек. Алла Елшісі (с.ғ.с.) әр адамның түсінігіне, рухани дайындығына қарай сөз айтатын. Бұл – шынайы даналықтың белгісі.

4. Қорқыту емес, үміт сыйлау

Ислам – тек тозақпен емес, жұмақпен де тәрбиелейді. Құранда Алла Тағала:

«Құлдарыма Менің – аса Кешірімді, ерекше Мейірімді екенімді хабар ет» (Хижр сүресі, 49-аят) – деп бұйырады.

Уағызда тек азап туралы айту – тыңдаушыны түңілуге жетелеуі мүмкін. Ал адам баласы үмітпен ғана өмір сүреді. Сол себепті насихатта үмітке толы аяттар мен хадистер басым болғаны абзал. Әрине, күнәнің о дүниедегі жазасын да орнымен айтқан дұрыс.

5. Мақсат – әсер ету, сөзіңді тыңдату емес

Кейде уағыз айту өзін көрсетуге, шешендігін дәлелдеуге айналып кетуі мүмкін. Бұл – үлкен қателік. Уағыздың мақсаты – өзгеге әсер ету, тыңдаушыны ойландыру, жүрегіне Аллаға деген сүйіспеншілік ұялату. Сөзді емес, шындықты сөйлету керек. Айтылған сөз адамның ішкі жан дүниесінде жаңғырық тудырса – нағыз уағыз сол болмақ.

Қорытынды
Уағыз айту – үлкен өнер әрі аманат. Ол терең білімді, шынайы ықыласты, көркем мінезді, сабыр мен даналықты талап етеді. Әр уағызшы – Алланың елшісін үлгі тұтып, оның жұмсақтығын, әділетін, мейірімін бойына сіңіруі керек. Сонда ғана сөз жүрекке жетіп, қоғам рухани түлей түседі.

 

 

0 пікір