Доңыз еті неліктен харам?
Доңыз еті неліктен харам?
10 жыл бұрын 22044

Доңыз ең әуелі бүкіл әлемдердің Раббы Алла Тағала «жемеңдер» деп тыйғаны үшін харам. Мұсылмандар Алла Тағаланың тыйған тыйымдарының астарлы хикметін, зиянын  білмесе де «неліктен, неге?» деместен дереу бойұсынуға тиіс. Себебі, оны бұйырып тұрған ұлы иеміз Алла Тағала. Мына дүниеге біздер сынақ үшін жіберілгенбіз. Алла Тағаланың адал еткен нәрселері шексіз, санасаң санап бітіре алмайсың. Ал, керісінше,  харам еткен нәрселері санаулы әрі шекті. Солай бола тұра, кейбір адамдар осыншама адал нәрселерді ысырып қойып, Алла Тағаланың сынақ үшін харам еткен санаулы нәрселеріне барып ұрынады. Құдды ол харамды жемесе яки ішпесе аштыққа ұрынатындай. Бойұсынудың ең ұлысы һәм ең сауаптысы – істің зияны мен пайдасын есепке алмастан, тек бүкіл әлемдердің раббы – Алла Тағала бұйырғаны үшін ғана орындау. Мұнымен қоса, Алла Тағаланың тыйған кез-келген тыйымдарында бұл дүниелік һәм арғы дүниелік пайдалар бар екені де сөзсіз.  Доңыз етінің харам болуының да әр түрлі хикметтері бар. Оларды қысқаша қайыратын болсақ:

1. Доңыздың денесінде улы заттар бар. Доңыз еті өте майлы келеді. Бұл май жеген адамның қанына сіңеді. Сөйтіп, қан май түйіршіктеріне толып қалады. Қандағы өлшемінен көп бұл май артерия тамырларының қатаюына, қан қысымының көтерілуіне және  жүрек талмасына себеп болады. Бұған қоса, доңыз майының құрамында (sutoksin) «сутоксин» делінген улы зат бар. Денеге енген бұл улы заттың сыртқа шығарылуы үшін лимфа бездерінің шамадан тыс жұмыс істеуі қажет. Ал бездердің бұлай шамадан тыс жұмыс істеуі, әсіресе,  жас балалардың лимфа бездерінің асқынуына және ісінуіне әсерін тигізеді. Ауруға ұшыраған баланың тамағы қатты ісігендіктен, доңыз кейпін елестетеді. Міне, сондықтан бұл ауруға медицина тілінде «доңыз ауруы» (skrofuloz) делінеді. Ауру қатты асқынған жағдайда лимфа бездері жарақатқа айналып, қатты ісінеді. Аурудың ыстығы көтеріліп, қатерлі жағдайға душар етеді.

2. Доңыздың денесінде көп мөлшерде күкірт болғандықтан оны жеген адамның организмінде өлшемнен тыс күкірт пайда болады. Ал организмдегі өлшемнен тыс күкірттің болуы шеміршек, бұлшық ет және сіңірлерге сіңіп, буындарда тұз жиналу және омыртқаның жылжуы сияқты ауруларға себеп болуы әбден ықтимал. Доңыз еті жиі желінген жағдайда денедегі қатты шеміршектер сол доңыз етінен келетін бөлшектердің әсерінен тым жұмсарып, дене ауырлығына шыдамайтын халге келеді. Бұл буындардың босаңсуына әкеліп соғады. Доңыз етін жейтін адамдардың қолдары ісіп, денелерінде май қабаттары пайда болады. Мысалы, ол адам спортпен айналысқан күннің өзінде жалқау, жайбасар халге енеді.

3. Доңызда өсу гармоны да көп мөлшерде кездеседі. Бірнеше жүз грамдық салмақпен ғана туылған торайлар алты айдың ішінде жүз килоға жетеді. Торайлардың мұншалықты тез өсіп, үлкеюі доңыздың денесіндегі өсу гармонының өте көп мөлшерде болуына тікелей байланысты. Бұл гармондар доңыздың етін жеген адамдардың денесіне де өтетіндіктен, ол адам организміне кері әсерін тигізеді. Денедегі тканьдардың ісіну мен қабынуына әкеп соғады. Мұрын, жақ, қол, аяқ сүйектерінің табиғи қалыптан тыс үлкейіп, өсуіне және жалпы дененің майлануына себеп болады. Гормандардың ең үлкен зияны – денеде қатерлі ісіктің (рактың) пайда болуына жағдай жасайды. Мал дәрігерлері еркек доңыздардың белгілі бір жастан кейін қатерлі ісік ауруына көптеп шалдығатындықтарын айтуда.

4. Доңыз етінің құрамындағы хистамин (histamine) және имидазол (imidazole) делінетін заттар адамның терісінде қышу тудырады, есекжем, бөртпе (экзема), дерматит сияқты тері ауруларға себеп болады. Бұған қоса, бұл заттар соқыр ішек, өт жолдары, тамыр ауруларына да көп жағдайда себеп. Сондықтан дәрігерлер жүрегі ауыратын адамдарға доңыз етін жемеуге кеңес береді.

5. Доңыздың етін жеу салдарынан адамда пайда болатын тағы бір ауру – трихина ауруы. Доңыздар бұл ауруды трихина атты құрттары бар  тышқандарды жеу арқылы өздеріне жұқтырады. Доңыздардың денесінде бұл құрт көптеп кездеседі. Бірақ трихина ауруы доңыздарға қатты әсер етпейді. Ал адамдар үшін бұл ауру өміріне қауіп төндіретіндей қатерлі ауру болып саналады. Трихина құрттары асқазан және ішектер арқылы қанға өтеді. Сосын барлық денеге тарайды. Трихина құрттары, әсіресе, жақ, тіл, мойын, жұтқыншақ және көкірек бұлшықтарының тканьдарында орналасады. Сондықтан осы мүшелердің бұлшықтарының тартылып қалуына (сал болуына) себеп болады.[1] Бұған қоса, қан тамырларының бітелуіне, менингит және мидың асқынуына әкеп соғады. Трихина ауруы кей жағдайда адам өліміне де себеп. Бұл аурудың тағы бір жаман жағы нақты емінің болмауы. Трихина көбінесе батыс елдерінде кеңінен етек алған. Мал дәрігерлерінің қатты қадағалауына қарамастан, Швейцария, Англия және Польшада трихина ауруы кең тараған. Ал, мұсылман елдерінде бұл ауру жоқтың қасы.

Медицина ғылымы дамығаннан кейін ғана доңыз етіндегі трихина сияқты зиянды құрттар мен микроптардың, улы заттардың бар екенін білудеміз. Ал Құран сан ғасыр бұрын доңызды «харам» деп кесіп үкім берген. Сондықтан доңыздың денесінде әлі де біз біле білмейтін, ғылым дәлелдей қоймаған зиянды нәрселердің жоқ екендігіне кім кепіл?![2]

6. Адамдар мен жан-жануарлардың табиғаты мен мінездерінің қалыптасуында жеген қоректерінің де рөлі бар. Мысалға, арыстан, қасқыр  сияқты етпен қоректенетін аңдар жыртқыш болып келсе, керісінше сиыр, қой, қоян сияқты шөппен қоректенетін жануарлар жуас болып келеді. Көбіне көкөністермен қоректенетін адамдардың табиғаты жұмсақ, биязы болып келетіндігі, ал етті көбірек жейтін адамдардың табиғатының қаттылау болып келетіндігі анықталған. Қазақта адам мінезін суреттеген кезде жылқы мінезді, қой мінезді деуі де осы айтқандарымызды айқындай түседі. Доңыз – өзінің ұрғашысын қызғанбайтын,  мейірімсіз хайуан. Сондықтан доңыз етін көптеп пайдаланатын адамдарда жарына, тіпті анасына деген бөгде еркектердің арам пиғылына қарсы намыс,  қызғаныш сезімдері әлсірейді екен.  Мұнымен қатар, мейірім, қанағат секілді қасиеттеріне айтарлықтай қаяу түсетіні байқалған. Француз ойшылы Саворин қоректенудің маңыздылығын түсіндіре келе «Маған немен қоректенгеніңді айт, сенің кім екеніңді айтайын» деген екен.

[1] Мустафа Зарқа, Фәтәәуа, 221-бет. «Дарул-қалам» баспасы, Димашқ. 2001 ж.
[2] Махмуд Хамди Зақзуқ, Хақайқул-Ислам фи муажаһати шубуһатил-мушаккикин, 649-бет. Каир қаласы, Мажлисул-ағла ли шуунил-Исламия. 2004 ж.

0 пікір