Мұхаммед пайғамбар (с.а.у.) неліктен көп әйел алған? Мұны нәпсіқұмарлыққа жатқызатындарға не деуге болады?
Мұхаммед  пайғамбар (с.а.у.) неліктен көп әйел алған? Мұны нәпсіқұмарлыққа жатқызатындарға не деуге болады?
10 жыл бұрын 98065
Қайрат Жолдыбайұлы

Ежелден күні бүгінге дейін адамзат тарихына қарасақ, қарама-қайшы пікірде екі қоғам бар екенін байқаймыз. Бұлардың біріншісі – Ұлы Жаратушыға иман келтірген жандар  болса, екіншісі иман келтірмей күпірлік жолын ұстанғандар. Иманнан мақұрым қалғандар  әрдайым иманды жандарға сан түрлі жолдармен шабуыл жасап, олардың қастерлеген киелі ұғымдарын тілдеп келген. Осылайша олар өздерінің ішкі дүниелеріндегі арам пиғылдарымен қоғамдағы пәк адамдардың санасын улауға тырысуда. Ендеше, бүгінгі таңда да арам пиғылды қара ниеттілердің болуы табиғи нәрсе. Өйткені, әркім өзінің ішкі дүниесіне қарай әрекет етеді. Осылайша Ұлы Жаратқанның «Уа,  пайғамбарым, әркім өз мінез-құлқына қарай әрекет етеді-де»[1] деген баянының туралығын растайды.

Міне, сондықтан бүгінгі таңда пайғамбарымыздың толық өмірбаянын былай қойғанда, аты-жөнін де дұрыс білмейтін жандардың Оның (с.а.у.) көп әйелмен некелескенін қозғай беруі – дін дұшпандарының жайған жалған жалаларының нәтижесі екені сөзсіз. Мұндай пікірлерді жаюға тырысқан адамдар ешбір дінге сенбейтін имансыз жандар да болуы мүмкін. Ал, бұл адамдар пайғамбарымыз жайлы қоздатып келген бұл қитұрқы істі өздері ешбір шектеусіз, ешбір заңсыз жасырын түрде істеуде. Енді осы әйелдермен бірге болу мәселесінде осыншалықты нәпсілерінің құлақкесті құлдарына айналған бұл кісілердің пайғамбарымыздың әр түрлі мақсаттар мен хикметтер үшін Алла қосқан ақ некелілері турасында оны қаралап, айыптауға, одан есеп алуға ешбір арлары да, беттері де жоқ.  Яки бұл тақырыпта Оны (с.а.у.) қасақана қаралауға тырысқандар исламға жаны қас еврей және христиан дінін ұстанатын кейбір адамдар. Ал, бұл дінге сенетін адамдардың да бұл әрекеттері ақылға да өздері сенген Тәурәт, Інжіл секілді кітап ұстанымдарына да қайшы. Себебі, олардың өздері қастерлейтін бұл кітаптарда көптеген пайғамбарлардың көп әйелмен некелі екендіктері баяндалған. Мысалы, Тәуратта Ибраһим, Дәуіт, Сүлеймен сияқты пайғамбарлардың көп әйелмен шаңырақ құрғандығы айтылған. Ендеше, өздері сенетін пайғамбарлардың көп әйел алуына ешбір кінә тақпаған еврейлер мен христиандардың сонғы пайғамбар Мұхаммедке (с.а.у.) келгенде жалғаннан жала жауып, күйе жағуға тырысулары дұшпандықтан басқа ештеңе де емес. [2]

Сондай-ақ бұл жайлы күмәнді ой өрбітіп, тілдерін босқа бұлғап жүргендер – ислам дінін жетік білмейтін, пайғамбарымыз жайлы жазылған кітаптарды оқымастан, өзгелердің өтіріктен өрген өсек өрмегіне ілінген адамдар. Егер олар пайғамбарымыздың өмірбаянын бастан-аяқ дұрыстап оқып шығып, оның әрбір ісін зерделер болса, аталмыш күмәндарынан сейіліп, ақиқатқа көз жеткізер  еді.

Ғаламның рақым нұры – Мұхаммедтің (с.а.у.) көп әйелмен некелесуіндегі асыл хикметтер мен ұлы мақсаттарды түсіндірмес бұрын дін дұшпандары айтқандай Оның (с.а.у.) «нәпсіқұмар, әйелқұмар» емес екенін дәлелдеуіміз қажет. Ол үшін пайғамбарымыздың өмір сүрген дәуірі мен қоғамын жетік білуіміз ләзім.  Иә, ол дәуірдің  «на­дан­дық, қа­раң­ғы­лық» дәуірі делініп, та­рих­та қа­ра таң­ба­сы­мен орын теп­ке­ні бә­рі­міз­ге мә­лім. На­дан­дық пен қа­раң­ғы­лық үстемдік ет­кен бұл қо­ғам­да зи­на­қор­лық ашық­тан-ашық жа­сал­ды. Тіп­ті, зи­на жа­саушы осы ұят­ты ісі­мен ха­лық ал­дын­да мақ­та­нып, атақ-абы­рой­ға ке­нел­ді. Ата-тек, ше­жі­ре ша­та­сып, көп­те­ген ба­ла­лар өз әке­сі­нен бей­ха­бар-ды. Осыншалықты бұзылған қоғамда Пайғамбарымыз – өзінің ар-ұятын сақтай білген абзал тұлға. Ол өзінің алғашқы отауын жиырма бес жасында тіккен еді. Пайғамбарымыз күш-жігердің бойда тасып тұрған осы бойдақтық шағында да ұятты істерге маңайламады. Нәпсісін тежеп, өзінің ерік-жігеріне ие бола білді. Егер пайғамбарымыз осы жасына дейін әлдебір әйелмен заңсыз байланыста болған жағдайда, тырнақ астынан кір іздегіш дін дұшпандары мұны жерден жеті қоян тапқандай аттан салып күллі әлемге жар салар еді. Алайда, пайғамбарымыздың пәк өмірі мұндай кір істерден пәк болғандықтан, дін дұшпандарының діңкесі құрып, бұл туралы жақ аша алмауда. Демек, Мұхаммед (с.а.у.) – пайғамбарлық шағына дейін де нәпсіқұмарлық пен әйелқұмарлықтан аулақ болған, ар-ұятына қылаудай дақ түсірмеген абыройлы жан.[3]

Жиырма бес жасында өзінен он бес жас үлкен Хадиша анамызбен шаңырақ көтерді. Пайғамбарымыз Мекке қаласындағы, тіпті, дүниедегі ең сымбатты әрі ең сыйлы жан бола тұра өзінен он бес жас үлкен Хадиша анамызбен некелесті. Дін дұшпандары айтқандай, Пайғамбарымыз нәпсіқұмар біреу болғанда, өзінен он бес жас үлкен әйелге үйленер ме еді? Хадиша анамыз бай болғандықтан үйленді деген ой тіптім орынсыз. Себебі Пайғамбарымыз (с.а.у.) Хадиша анамызбен үйленгеннен кейін барлық байлығын дін жолында кедейлерге таратып, өздері күнкөрісі қарапайым халықтан да төмен жұпыны өмір сүргенін ұмытпайық. Байлық үшін үйленген адам өзі әрең жеткен байлықты мұқтаждарға осылай оңды-солды таратар ма еді?!

Хадиша анамызбен көтерген бұл киелі шаңырақтың дәм-тұзы жиырма бес жыл жарасты. Хадиша анамыз о дүниелік болғаннан кейін де пайғамбарымыз (с.а.у.) бес-алты жылдай бала-шағасымен жалғыз қала берді. Егер пайғамбарымыз әлгілер айтқандай әйел құмар болса, осыншама жыл қалай ғана ешбір ұятты істің көлеңкесіне де маңайламастан бойдақ жүре алды? Пайғамбарымыздың бұдан кейінгі  барлық некелесулері  әйелге деген құмарлық сезімнің азаятын шағында басталды. Яғни, 53-54 жасында. Бұған қоса,  Айша анамыздан өзге некелескен жарларының барлығы да үлбіреген жас қыздар емес, жастары әжептеуір ұлғайған жесір әйелдер еді. Тіпті, көбінің бұрынғы күйелерінен бірнеше баласы да өздерімен ере келген болатын. Ал енді пайғамбарымыздың барлық некелесулері әйел-құмарлықтан, нәпсіқұмарлықтан  туындаған болса, пайғамбарымыз қалыңдыққа жасы ұлғайған жесір әйелдерді емес, он екі де бір гүлі ашылмаған үлбірген жас қыздарды таңдар еді ғой.

Күн­нен-күн­ге өрістеп кең етек алып ба­ра жат­қан жа­ңа дін­ді тоқтату үшін  не іс­тер­ле­рін біл­мей аб­ды­ра­ған құ­рай­ыш­тықтар Пай­ғам­ба­ры­мыз­дың не­ме­ре аға­сы Әбу Тә­ліп­ке ке­ліп: «Біз оған қа­ла­ған бай­лы­ғын бе­ре­лік, қа­ла­са, Мек­ке­нің бар би­лі­гін қо­лы­на ұс­та­тай­ық, әйел қа­ла­са, ең әде­мі қы­зы­мыз­ға үй­лен­ді­рейік, ауруға шалдықса, дү­ниенің ең атақ­ты дә­рі­ге­рін ша­қыр­тып ем­де­тейік. Тек ата-ба­ба­мыз­дың ді­ніне қарсы шықпасын. Мы­на жа­ңа ді­нін тас­та­сын», – деп ұсы­ныс тас­та­ған еді. Әбу Тә­ліп құ­рай­ыш­тықтар­дың бұл ұсы­ныс­ын Алла Ел­ші­сі­не жет­кіз­ді. Пай­ғам­ба­ры­мыз ұсы­ныс­та­рын ес­тір-ес­ті­мес: «Алла Тағалаға ант етейін, егер ме­нің оң қо­лы­ма күн­ді, сол қо­лы­ма ай­ды ұс­тат­са да мен бұл ді­нім­ді уа­ғыздау­дан бас тарт­пай­мын», – деп жауап бер­ді. Егер нәпсісін тояттату үшін үйленер болса, Мекке мүшріктерінің бұл ұсыныстарына пайғамбарымыздың (с.а.у.) берер жауабы жоғарыдағыдай болар ма еді?!

Демек, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) көп әйелмен некелесуінің астарында нәпсіқұмарлық емес, басқа биік мақсаттар мен ұлы хикметтердің жатқаны есті адамға айдан анық. Бұл хикметтерді қысқаша түсіндірер болсақ:

1. Тәлім-тәрбие және үйретуге байланысты. 

Ислам діні – ең ақырғы дін. Сондықтан бұл дін күллі адамзаттың қажеттілігін өтейтіндей ерекшелікке ие болуы ләзім. Міне, сондықтан тіршіліктің қай қырын  болса да қамтитындай ереже-қағида, заңдар әкелуге тиісті. Адамзат көкейіндегі кез-келген сұрақтарына жауап таба алуы үшін Пайғамбарымыздың (с.а.у.) үй тіршілігі, жанұя өмірі, түнгі өмірі, үй ішіндегі қарым-қатынастары т.б. бөгде ешкім хабардар бола бермейтін іс-әрекеттерінің бәрі нақты түрде бүге-шігесіне дейін түсіндірілуі керек. Олай болмаған жағдайда қияметке дейін жалғасатын ақырғы бұл дін түсініксіз, жабық күйінде қалмақ. Ал ондай діннің әлемдік дін болуы әсте мүмкін емес.

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) көп адамға беймәлім жанұя тынысының толық білініп, адамзатқа жеткізілуі үшін Оның отбасында бірнеше жанның болуы ләзім. Міне, осындай ұлы мақсаттың жүзеге асуы үшін Пайғамбарымыз (с.а.у.) бірнеше әйелмен некелескен болатын.

Пайғамбарымыздың әрбір сөзі ғана емес, әрбір іс-әрекеті – үмбетіне темірқазық іспетті жол көрсетер ереже-қағида. Оның түнде тұрып оқыған намазын, мінәжат, ғибадаттарын бізге осы пәк жұбайлары жеткізбегенде, пайғамбарымыздың бұл тұстары үмбетіне мүлде беймәлім күйде қалар еді. Барлық хадис кітаптарына назар аударар болсақ, Хақ Елшісінің (с.а.у.) түнгі намазы, үйдегі қарым-қатынасы, басқа да бөгде адамдар көре бермейтін іс-әрекеттерінің бәрін Айша анамыз сияқты пәк жұбайлары риуаят еткеніне куә боламыз. Тіпті, Айша анамыз хадистерді жеткізіп қана қоймай, қай хадистің қандай жағдайда айтылғанын да жақсы білуші еді. Әбу Муса әл-Әшғари (р.а.): «Бізге (сахабаларға) бір хадис түсініксіз болса, оны Айшадан сұрап білетін едік»[4] -деп, пайғамбарымыздың пәк жұбайларының исламды түсіндірудегі ерекше орнын білдірген.

Әйел баласына қатысты сан алуан үкімдерді үйретуде пайғамбарымыздың ақ некелілері мұсылман әйелдер мен пайғамбарымыздың арасында дәнекерлік қызметін атқарды. Пайғамбарымыздың әйелдерінің бірнешеу болуының арқасында әйел заты өздеріне қатысты ислам үкімдерімен оңайырақ танысу мүмкіндігі туды. Ислам дініндегі әйелдерге байланысты хайыз, нифас секілді кейбір ұятты мәселелерді пайғамбарымыздың әйелдерге тікелей түсіндіруі дұрыс емес-ті. Міне, сондықтан пайғамбарымыздың ақ некелілерінің әрқайсысы  әйелдерге осы мәселелерді емін-еркін түсіндіретін. 

Алла Елшісінің жұбайларының арасында жас, орта жастағы және жасы егде тартқан әйелдер бар еді. Себебі,  әр жас мөлшерінің өзіне тән жеке мәселелерінің болатыны да сөзсіз.  Міне, осы мәселелер пайғамбарымыздың ошағында іс жүзінде, Алла елшісінің көз алдында болғандықтан, жауабы мен шешімдері де дер кезінде беріліп отырды. Пайғамбарымыздың әр жас ерекшелігіне тән мәселелерге берген жауаптары мен шешімдерін үмбетіне жеткізуі осы пәк жұбайларының арқасында жүзеге асты.

Пайғамбарымыздың шаңырақ көтерген ақ некелілері арабтың түрлі руларынан болатын. Тіпті, олардың арасында сол аймақтағы еврей сияқты басқа да ұлт өкілдері де бар еді. Олар пайғамбарымыздың көзі тірісінде әрі бақилық болғаннан кейін де өз рулары мен қауымдарына ислам дінін үйретуге атсалысты. Пайғамбарымыздың әр жұбайы өз руларының ортасында ұстаздық қызметін атқарды. Тәпсір, хадис секілді білім салаларының тарауында үлкен үлес қосты.

2. Қоғамға қатысты хикметтері:

А) Пайғамбарымыздың әйелдерінің басым көпшілігі пана тұтар ешкімі жоқ әрі жетім балаларымен жалғыз қалған жесір әйелдер болатын. Пайғамбарымыз жаңа дінді уағыздай бастағанда мұсылмандар мүшріктерден қатты жәбір көрді. Оларды сан алуан азаптарға душар етті. Ислам діні жаңа тарай бастағандықтан бір отбасында кейбіреулердің әйелдері мұсылмандықты қабылдағанымен күйеулері қарсы болатын, енді біреулерінің қыздары мұсылман болып, әкелері исламнан бас тартты. Мұсылман болған әйелдерге ең алдымен күйеулері, сосын әкелері қарсы шығып, жаңа діннен қайтуы үшін оларды аяусыз таяқтың астына алып, шырқыратып жан шыдатпас азаптарға салатын. Бір жолын тауып күйеулерінен қашқан қорғансыз мұсылман әйелдерді пайғамбарымыз кейде сахабаларына кей тұстарда  Алланың әмірімен, өзіне некелеп, оларды мүшріктердің азабынан құтқарып, оларға пана бола білді.

Бір жанұяда кейде әйелі де, күйеуі де мұсылмандықты бірдей қабылдап жатты. Ерлері түрлі себептермен о дүниелік болған мұсылман әйелдер әке-шешесінің, ағайын-туысының жанына барған жағдайда оны дереу өлтіретіні яки жан шыдатпас азапқа душар ететіндері сөзсіз еді. Осындай қорғансыз қалған жесір әйелдерді мүшріктерге қорлатпай аман алып қалу үшін пайғамбарымыз (с.а.у.) оларды өз ұсыныстары бойынша сахабаларға яки Алла Тағаланың әмірімен өзіне некелейтін. Міне, осындай қиын жағдайға тап болған мұсылман әйелдердің жаралы көңілдеріне медеу болып, жетімдерінің басын сипау үшін пайғамбарымыз үйлену сияқты қиын істі кейде өз жауапкершілігіне де алатын.

Пайғамбарымыздың ха­зі­ре­ті Сәуда, Хаф­са, Мәй­му­на ана­ла­ры­мыз­бен үй­ле­нуінің ас­та­рын­да осын­дай мақсаттар жатыр.

б) Алла Елшісінің көп әйелмен некелесуінде сол кездегі қоғамға тән кейбір ерекшеліктер назарға алынған. Мысалы, сахаба Әбу Бәкір, Омардың қыздарымен үйленуі арқылы Құрайыш руымен туысқандық  байланыс құрды. Арабтарда туыстық қатынастар өте қуатты еді. Міне, осы туыстық сезім, байланыс арқылы құрайыш руының жаңа дінге жақындай түсулеріне себеп болды.

3. Саяси мақсаттар:

Алла Елшісі Мұхаммедтің (с.а.у.) некелесуінің бір қыры саяси мақсатқа да сүйенді. Бұл арқылы пайғамбарымыз көптеген рулардың ислам дінімен танысуына себеп болды. Бір адам белгілі бір рудан яки ұлттан қыз алысып-беріскенде ол ру яки ұлтпен табиғи түрде жақындық байланысы күшейе түсетіндігі белгілі. Яғни, құдалық-құдандалық байланыс арқылы араларындағы ыза-кек, дұшпандық жойылып, сыйластық бой көтереді. Міне, адам табиғатының осы бір қырын жақсы білген пайғамбарымыз (с.а.у.) мұны ислам дінін жұртқа жеткізуде шебер  қолдана білді. Мысалы,  Харис қызы Жубәйра, Хуйай қызы Сафия және Әбу Суфиян қызы Рәмләлармен некелесуінде осындай астар бар.  Аталмыш үш анамыз да сол қоғамда әжептеуір ықпалы бар кісілердің қыздары еді. Жубәйра мен Сафияның әкелері еврейлердің басшыларының санатында болатын. Бұлармен некелескеннен кейін еврейлермен туысқандық қарым-қатынас орнап, көптеген адамдардың Исламмен танысып, мұсылман болуына мүмкіншілік туды. Ал, Рәмлә анамыздың әкесі Әбу Суфиян Мекке басшыларының бірі болумен қатар мұсылмандардың азулы дұшпаны еді. Мұсылмандарға көрсетпегені қалмаған Әбу Суфиян қызы Рәмланың Пайғамбарымызбен үйленуінен кейін әжептеуір жұмсарып, кейіннен Ислам дініне өз еркімен кірді. [5]

Құдаласу арқылы ара-қатынас, байланысты жақсарту тәсілі кейінгі ғасырларда да көп қолданылды. Мысалы, қазақ хандары қалмақтар секілді көршілес елдермен де қыз алысқан. Мақсат – қарым-қатынасты күшейту, олардың ішкі саясатынан хабардар болу, елге төнер қауіптің алдын алу болған. Бір өкініштісі, бұл тәсіл кейіннен мұсылмандарға қарсы да қолданылған. Тарихта кейбір үлкен мансапқа қол жеткізген мұсылман басшылардың жұбайларын зерттеген уақытымызда олардың да ағылшын, француз, неміс, еврей сияқты өзге ұлттардан болғандығын көреміз.

Алайда пайғамбарымыз бұл тәсілді игі мақсатта қолданған. Адамзаттың исламмен танысып, екі дүниеде  де бақытты болуын көздеген.

Иә, Пайғамбарымыз (с.а.у.) жасаған, тарихта бұрын-соңды болмаған әрі ескірмейтін, тозбайтын рухани, ғылыми, саяси, мәдени төңкерістерінің ешбірін елемей, Алланың бұйрығымен жоғарыда айтылған ұлы мақсаттар мен асыл хикметтер үшін Оның (с.а.у.) көп әйелмен некелесуін жамандыққа балап, жарықтан қашқан жарқанат тәрізді иләһи нұрдан, исламнан қашқан жандар үшін Алла Тағаладан тек қана тура жол тілеп, жүректерінің иман нұрымен нұрлануын қалаймыз!

[1] Исра сүресі, 84-аят.
[2] Мухиддин Акгүл, пейгамберимизин ханымлары ве евлиликлериндеки хикметлер – 1. Иени үміт журналы, №12, 31-бет. 1999 ж.
[3] Махмуд Хамди Зақзуқ, Хақайқул-Ислам фи муажаһати шубуһаатил-мушаккикин, 354-бет. Кайр қаласы, Мажлисул-ағла ли шуунил-Исламия. 2004 ж.
[4] Хадисті имам Тирмизи жеткізді.
[5] Мухиддин Акгүл, пейгамберимизин ханымлары ве евлиликлериндеки хикметлер–1. Иени үміт журналы, №12, 31-бет. 1999 ж.

0 пікір