Ислам ғалымы Имам Нәуәуидің қайтыс болып кеткен бір ғалымды түсінде көруі
Ислам ғалымы Имам Нәуәуидің қайтыс болып кеткен бір ғалымды түсінде көруі
2 жыл бұрын 2670

Миләди (григорян) жыл санауы бойынша ХІІІ ғасырда Имам Мұхиддин ән-Нәуәуи есімді Ислам ғұламасы өмір кешкен. Ол - хадис саласы мен фиқһ саласына жетік ғалымдардың бірі еді. Көптеген маңызды еңбектер жазып қалдырды. Қаншамасы күні бүгінге дейін басылып шығарылуда.

Имам Нәуәуи өзінің қаламынан шыққан «Бустануль Ъарифин» есімді еңбегінде мынадай бір оқиғаны әңгімелеп береді. Имамның айтысына қарағанда, ол түсінде қайтыс болып кеткен өзінің замандастары Иса әл-Күрди және Шәмсуддин Мұхаммедті көрген екен. Бұл екеуі де Шафиғи мәзхабының фиқһ ғалымдары болған. Имам Нәуәуи мен ол екі ғалым арасында о дүниедегі жағдайлар жайында диалог орнаған. Не жайында әңгімелескендері жайлы Имам Нәуәуидің өз аузынан тыңдайық:

«665 жылы (һижри), шатаспасам Шағбан айы болса керек, Шафиғи мәзхабының фиқһ білгірі Нәжмуддин Иса әл-Күрди - Алла Тағаланың рахымы мен ризалығына көш етті (қайтыс болды). Алла рахымына бөлесін! Дамаск шаһарындағы «Рауахия» медресесінде фиқһ маманы еді. Алла Дамаск қаласын панасына алсын, барлық жаман пиғилдыларды ол қаладан ұзақтатсын, өмірлікке Ислам жұртшылығы болып қала берсін және өзге де мұсылман қалаларын, халықтарын Алла панасына алсын.

Сонымен, Жұма күндерінің бірінде түнде мархұм Нәжмуддин Иса әл-Күрдиді түсімде көрдім. Түсімде оның қайтыс болып кеткендігін біліп тұрдым. Оған сәлем бердім де, артынан оған:

- Нәжмуддин, тіріліп келіп отырсың ба? – деп сұрадым, артынан сөзімді жалғап: «Имам Ғазали өзінің «Ихя улумиддин» атты кітабында, «өлім» тарауында айтқан екен: «Шынында өлім – үлкен іс. Өлгеннен кейін бізге ешкім келіп, өлімнің болмысы жайында хабар бермек емес. Және оның ақиқи болмысын тек өлімнің дәмін татқан ғана біле алады» деген екен. Уа, Нәжмуддин! Бізге өлімнің шын мәнісінде қандай екендігі жайында айтып берші! – деп сұрандым.

Сонда Нәжмуддин Иса әл-Күрди:

- Өлім – өте ауыр, бірақ, аз бір сәт қана жалғасып, аяқталады, - деді.

Мен:

- Өлгеннен кейін жағдайың қалай болды? – деп сұрадым.

- Ол жақта, яғни, Алланың қасында көптеген жақсылықтар бар, - деп жауап берді, ол осы сөзімен Алла Тағаланың кеңшілігінде - жағдайы жақсы екендігін меңзегендей болды.

Сол жылы тағы бір Шафиғи ғұламасы, фиқһ білгірі Шәмсуддин Мұхаммед ән-Нәуәуи де қайтыс болған тұғын (Алла одан разы болсын)  Оған хатым құран оқып бағыштадым. Артынша ол мархұм да түсіме кірді. Түсімде оның қайтыс болып кеткендігін біліп тұрдым. Арамызда әңгіме өрбіп, одан қал жағдай сұрадым:

-  Ай, Шәмсудин, жағдайың қалай? Пейіштесің бе? - дедім.

Ол:

- Қазір біз пейішке кірмейміз, бірақ басқа жерде нығметке бөлендік. Яғни, біз пейішке тек қиямет қайым болғаннан кейін ғана кіреміз, - деп жауап берді.

- Шыннан да солай. Қазіргі таңда Пайғамбарлар мен шейіттер ғана пейіште болады (оларға Алланың салауттары мен сәлемі болсын). Олардан өзгелері ақыретке дейін пейіштен басқа жерде нығметке бөленеді. Қиямет қайым болып, қайта тірілгеннен кейін ғана пейішке кіреді. Шариғатта солай.

Одан соң мен одан мына жайытты сұрадым:

- Дінімізде адам өлгеннен кейін, Мүнкәр-Нәкір сұрақ сұрайтынның алдында рухы денесіне қайта оралады делінген. Енді, маған мынаны айтшы: рухы денесіне қай кезде оралады, мәйіт қабірге қойылғаннан кейін бе, әлде қабірге қойылмай тұрып табытта алып бара жатқан кезде ме? – деп сұрадым.

Ол:

- Мәйіт қабірге қойылғаннан кейін (яғни, көмілгеннен кейін) рухы денесіне оралады, - деп жауап берді. Алла оны рахымына бөлесін. Және де мені, ата-анамызды, мәшәихтарымызды әрі барша мұсылмандарды Алла рахымына бөлесін[1], - деп Имам Нәуәуи әңгімесін аяқтайды.

А. Қасым


[1] Имам ән-Нәуәуи: «Бустәнуль Ъарифин».

0 пікір