Сыйлық
Сыйлық
10 жыл бұрын 3029
Қуанышбек Шарманов

- Анашым-ау, мынаның ішіне тас толтырып қойғансыз ба? – деймін шағын болса да салмақты сөмкені ауырсынып. Зейнет ақыңыздың бәрі осының ішіне түсіп кеткен-ау шамасы.

- Е-е, өкімет соны сендерге жұмсасын деп берді ғой, - деп жадырай күліп алды. Қыстай кенжесінің жанында болып, жаз жете ауылдағы үлкен ұлға жылжып кететін жылдағы әдетімен биылда жер аяғы кеңи бере ауылға асыққан. Менің жұмыс уақытым бұл жоспарға сәйкес келе бермесе де, «жат бауыр болып кетесіңдер» деген сөзі жиілеп кеткеннен кейін осы жолы ебін тауып қасына ерген едім.  

Таң сәріден ырғалған автобус, маңғол жылқысындай 14 сағатты бір қалапты желіспен басып өтіп, күн бата ауылға да тұмсығын тіреді. Пах шіркін! Ауыл исі кеудені кернеп, жан тербетеді. Тербеген сайын тереңнен тартып, сағыныштың жойқын күшін сездіргендей болады. Алдын ала хабарланып отырғандықтан біздің үйден ешкім жата қоймапты. Қара шаңырақтың қақпасынан ене бере сүріне-жығыла, алдыңғысы шаттана айғайлап, артқысы бақыра жылап бір топ қара домалақ алдымыздан лап қойды. Бұлардың соңын ала жадырай күліп, аңқылдап келе жатқан аға-жеңгемен құшақтаса қауышып, шұрқырай шуылдап үйге кірдік. Мал, жан амандығының әңгімесімен ас ішіліп, аз-маз ентігіміз басылған соң анам жеңгейге: «Мынаны қаладағы абысының беріп жіберді, ішінде не барын білмеймін», - деді бағанағы ауырлау сөмкені нұсқап. Кеше ғана өзінің алған заттарын бүгін білмеймін деп тұрған анамның жүзіне таңдана қарадым. Ажарлы жүзі айрықша нұрланып, шаттанып тұр екен. Ал жеңгей болса сөмке ішіндегі балалары мен өздеріне арналған түрлі сыйлықтарды көргенда қуанышын жасыра алмай, бұл іске қатысы жоқ абысынына алғысын ақтарып жатты.

Осыдан соң ауыл топырағында айға жуық аунап-қунап қалаға қайтатын тұста тағы да анам: «Сүр етіңнен де сал, құрт-майыңды молырақ қыл», - деп келінінің қасына еріп жүріп жол жабдығымды өзі қамдады да маған: «Мынаны әйеліңе, ауылдағы абысының берді деп апар» - деді. Ағайын арасында алтын көпір болып тұрған осынау дана жанның мейірімге толы құшағында көңілім толқып тұрып, ақыл-парасатының алдында үнсіз ғана басымды ие бердім...

Абысынының атынан келген ауылдың мол сарқытын көрген әйелім, әлдене есіне түскендей қызарақтап, қысылып қалғандай болды. Сәлден кейін көптен хабарласпай кеткен алыстағы абысынына телефон арқылы ықыласын білдіріп, әдемі шүйіркелесіп жатқандарын байқадым.

Төмендегі әлеуметтік желілері немесе сайтымызға <кіру> арқылы дауыс бере аласыз
Баға
3.1
7 дауыс
1 пікір
  • Шағын ғана әдемі әңгіме екен. осындай ақылды енелеріміз көп болса екен.
    10 жыл бұрын