Шұғыла
Шұғыла
10 жыл бұрын 4085
Арман Әлменбет

Күздің кезі. Қарғалар әлсін-әлсін аспанды азан-қазан етіп ұшатын уақыт.

Ұзынағаш маңындағы шағын ауылдарды аралап жүргендеріне бес-алты сағат болды. Машинада екі адам. Бірі оқуды енді бітірген жас журналист Әділет Түсіпбеков. Осы сапарға жауапты адам. Екіншісі рөлде отырған Данияр Мұхамбетов дейтін студент жігіт. Екеуінің танысқандарына да көп болмаған, әйтеуір төрт-бес күн бұрын кім-кіммен барады деп ақылдасқанда, машинасы бар еріктілердің ішінен осы жігітті Әділет өзі таңдап алған.

Жоспарлап шыққан он тоғыз үйдің біреуі ғана қалды. Қалған он сегізін аралап, жағдайларымен танысып шықты. Кей отбасылардың жағдайы шынымен төмен екен. Бір үйде жарты бөлке нанның ғана тұрғанын көрді. Ал арғы бөлмеден тетелес екі-үш бала сығалап қарап тұрды. Ылғал мен жас баланың кіші дәрет иісі тынысты бітеді. Бірақ Әділет ештеңені сездірмеуге тырысқан. «Шұғыла» қайырымдылық қорынан келгенін айтып, жай ғана амандық білісуге келген, өзі де осындай жағдайда тұратын адамша көңілді сөйлесті. Данияр болса сол уақытта үйдің ішін қарап, не бар екенін жазып алып жатты.

Өздері таңертең Алматыдан көңілді шықса да, бір-екі үйге кіргеннен кейін әңгімелері де үзіліп қалды. Келесі қай ауылға баратындарын ақылдасып, көшеде кездескен адамдардан мекен-жай сұраған кезде болмаса, көп сөйлескен жоқ.

Түс ауа бітіріп тастаймыз ғой деп ойлап еді. Бірақ қалай болса солай салынған, құралған, жамалған үйлерді табу оңай емес екен. Мекен-жай көрсетілмек түгілі, бірінен кейін бірі келуі тиіс бір көшенің үйлері ауылдың екі шетінде тұра береді екен. Енді, міне, сағат бестен кетті. Қарындары да ашты.

– Міне мына қырдан кейін оңға бұрылсаң кішкентай ауыл бар, нағашыларым сонда тұрады, – деді Данияр үлкен  жолдан бұрыла беріп. Ұзынағаш маңына барамыз деген күні-ақ, осында нағашылары бар екенін айтып, шаруа біткен соң бір ет жеп шығамыз деген еді.
– Соңғысы қалды енді, біржолата бітіріп тастайық, – деп қойды Әділет те үнсіз қалмайын дегендей.

Ауылдың шетіне машинаны қойып, екеуі жаяу іздемек болды. Қураған жапырақ пен сарғайған шөптің шаң араласқан иісі кешкі салқын ауаны жайлап тұр екен. Жол бойында өскен биік, жалаңаш теректердің арасынан еңкейіп бара жатқан күн көрінеді. Еңкейген сайын жылуы азайып барады.

Әбден отырған, тапал, ескі бір қораның артында жұмыс киімін киген бір кісі ағаш жарып жатыр екен. Әділеттердің өзіне қарай келе жатқанын көріп, балтасын жаңғырық ағашқа бір ұрып қадады да, анадайда жатқан сырт киімін жамылып, қалтасынан темекі алып тұтатты. Көзін сығырайта түсіп, қарап тұрды.

– Ассалаумалейкум.

– Әликісалам.
Әділет қол алысып жатып қағазына қарады да, «Мына бір үйді іздеп жүр едік» деп, мекен-жайды айтты.

– Е-е, ол үйді неге іздедіңдер, туыстарың ба еді? – деді ана кісі сұраулы жүзбен. Әділет түріне анықтап қарап еді, шашы ағара бастаған, көзінің үстіндегі жұқа терісі кірпігін жапқан, беті әжімге толған, елулерден енді асса да ерте қартая бастаған адам екен.
– Алматыдан, қайырымдылық қорынан келген едік. Өзіңіз неге сұрадыңыз? – деп Әділет қарсы сұрақ қойды.
– Ә, жәй... Ана көк трактор тұрған үйдің әр жағында, сырты әктелмеген үйді көріп тұрсыңдар ма? Сол.

Әділеттер алғыстарын айтып, көрсеткен жаққа қарай жүрді.

Көк трактордың жанынан өтті. Қорасына қара құлып салынған, сырты әк көрмеген үй екен. Жарықты әлі жақпапты. Кішкене терезезелерден ескі перделер ағараңдайды. Адам тұратын жай деп айтпайсың.

Қаңылтыр есікті қағып еді, іштен жауап болмады. Ақырын итеріп көрсе, ашық тұр екен. Әділет өзі бастап кірді. Дәліз қараңғы болса да, таза екені, заттар жиналып, орын-орындарында түр. Енді ортаңғы есікті де еппен ашып, ішке үңілді. Талдырмаш келген бір келіншек пешке ағаш салып жатыр екен:

– Кім керек? – деді де, арғы бөлменің босағасына таяп барып жарықты жақты. Не кірерін, не шығып кетерін білмей табалдырықта тұрып қалған Әділет:

– Бір жұмысымыз бар еді... – деп күмілжіді.

– Кіріңіз... кімді іздедіңіздер? – деді сұңғақ бойлы, қызыл шырайлы келіншек, сыртта тағы адам тұрғанын енді байқап.
– Сәлеметсіздер ме? – деп Данияр да ішке кірді.
– «Шұғыла» деген қордан келіп едік, осы маңайдағы ауылдарды аралап жүрміз, – деп Әділет сөзін жалғай беріп еді арғы бөлмеден «Папа» деген дауыс естілді де, екі-үш жасар ұл бала жүгіріп шықты.

– Папа!
Тыпыр-тыпыр етіп, жүгіріп келеді. Екі көзі Әділетте...

Келіншек теріс бұрылды да, түпкі бөлмеге кіріп кетті. Бала болса бір-екі қадам қалғанда кілт тоқтады да, қателескенін түсініп үндемей тұрып қалды. Бәрі әп-сәтте болды.

Тыныштық орнай қалған...

– Әй, ассалау, – деді Әділет содан соң, балаға жымия қарап. Тізерлеп отырды да:
– Бері кел, – деді.

Бала көзін жыпылықтатып, қарап тұрды да, кіп-кішкентай қолын шолтитып созды.

– Өй, азамат. Жігіт екенсің ғой өзің! Кел, бері кел.

         Басынан сипап, бетінен сүйді. Сөйткенше сырттан егделеу бір әйел кірді.

– Сәлеметсіз бе? – деп Данияр екеуі жарыса амандасты. Әлгі жағдайға куә болмаған адамның келгеніне екеуі де қуанғандай еді.
– Сәлемет пе. Әй, мына бала неғып тұр, тоңасың ғой, – деп баланың басын сипап өтті.
– Біз «Шұғыла» қоғамдық қорынан келген едік. Әкімшілік берген тізім бойынша, аз қамтылған отбасыларды аралап жүрміз.
– Иә... Кіріңіздер, мына жерде тұрмаңыздар.

Әйел сырт киімін шешті де, орындыққа отырды. Әділеттер де аяқ киімдерін шешіп, жер үстелді жағалай отырды. Данияр қағаздарын алып жазуға ыңғайланып отырды. Әділет баланы тізесіне отырғызды да, сұрақ қоя бастады:

– Үйде неше адам тұрасыздар?

– Негізі екеу. Мен бұнда тұрмаймын. Балам оқуға кеткен соң, сіңілімнің жанына келгенім ғой. Сол, сіңілім мен мына бала ғана...

– Сіңіліңіз жұмыс істей ме?

– Жоқ, әзірге істеп жүрген жоқ...

Басқа жайттарды сұрауға Әділет ыңғайсызданып қалды. Баланың әкесі қайда, отбасының табысы қанша, мал бар ма, басқа қандай мүлік бар... Үйдің іші таза, жайлы болғанмен, көп мүлік жоқ екені байқалып тұр. Есік алдындағы қораға құлып салынғанын көрді, демек мал да жоқ. Ал баланың әкесі не қайтыс болған, не тастап кеткен...
– Біз негізі күз мезгілі болғандықтан көмір түсіре алмайтын отбасылардың тізімін жасап жүр едік. Сіздерге көмір керек болатын шығар... Тізімге қосып қояйық.

– Көмір керек екені керек...

– Бұйыртса екі аптадан кейін көмір таратылады. Сіздерге екі тонна әкеліп тастайды. Үйде боласыздар ғой, – деп Әділет орнынан тұра бастады.

Онша сеніңкіремеген жүзбен әйел де орнынан тұрды. Әділет баланың басынан тағы бір сипады да:

– Жақсы, тағы кездесеміз, – деді. Әлі көп сөзді түсіне қоймайтын бала көзін тағы да жыпылықтатып, мұрнын тартып қойды. Өзі сүп-сүйкімді екен. Әйелмен қоштасып, бұлар шығып кетті. Жас келіншек сол күйі көрінген жоқ.

– Нағашыңның үйіне барайық, – деді Әділет Даниярға қарап. Данияр үндемеді. Машинаға мінгеннен кейін, ішкі жарық жанып тұрғанда Әділет көз қиығын салып қарап еді, Даниярдың көзі қызарып тұр екен, жаңа жылауға шақ қалған секілді. Үнсіздікті бұзғысы келген Әділет тағы сөйледі:

– Арғы жетіде көмір таратқанда осы үйге өзім келмесем... Данияр сонда да үндеген жоқ

Көз байланып қалған екен. Машинаның жарығы қараңғыны тіліп, жол бастап келеді. Жаңбыр бүркіп жауа бастады.

«Әзірге жаға тұратын көмірлері бар шығар» деп ойлады Әділет. Екі апта өткенін күтпей, келесі демалыста келіп, жағдайларын біліп кетуге бел буды. Жаңа ағаш жарып жатқан адамнан баланың әкесі туралы сұрап алуға да болады. Және де ұмытпай балаға бір ойыншық ала келу керек... 

Төмендегі әлеуметтік желілері немесе сайтымызға <кіру> арқылы дауыс бере аласыз
Баға
2.1
231 дауыс
6 пікір
  • MashaAllah. Keremet okigan denemde bir turli aserler berip turdi. Suretteuide tamasha eken. Alla razi bolsin. Kalaminiz ushtala bersin aga!..
    10 жыл бұрын
  • "– Көмір керек екені керек...– Бұйыртса екі аптадан кейін көмір таратылады. Сіздерге екі тонна әкеліп тастайды. Үйде боласыздар ғой, – деп Әділет орнынан тұра бастады.Онша сеніңкіремеген жүзбен әйел де орнынан тұрды." Бейiмбетте өз заманының кедей халiн жатық тілмен жазған. Арман да жалпыға таныс суреттi қарапайым тілмен шынайы жазған екен.
    10 жыл бұрын
  • Жаксы жазылган ангиме. Керемет. Ауылдын омири
    10 жыл бұрын
  • Әдемі жазылған, әдемі суреттелген. Маған ұнады. Шығармашылығыңыз өрлей берсін! Ауылда шынымен де осындай жай-күйі төмен отбасылар бар.
    10 жыл бұрын
  • Шұғыла десе, шұғыла екен...
    10 жыл бұрын
  • Жақсы жазылған,бірақ басқа атау қою керек сияқты. Жеке пікірім!
    10 жыл бұрын