Төле би соңғы өсиетінде не деді?
Төле би соңғы өсиетінде не деді?
7 жыл бұрын 21634
Сәрсенбі ДӘУІТ

   Төле би төсек тартып, қатты бір дертке душар болып, ауырып жатқан шағында оның бас жағында Әйтеке би, Қаз дауысты Қазыбек би, аяқ жағында Көкі би, Мәлік би, Ержан би отырса керек. Сол сәтте сәлем беріп, үйге ұқыпты, қызылды-жасылды әдемі киінген, үстеріне қару-жарақ асынған, егде тартқан үш адам кіріп келеді. Келгендердің біреуінің көзі шапыраштау, енді бірі шашы селдір қасқабас, ал үшіншісі доғал имектілеу, құс тұмсық екен деседі. Келгендер Төле биге қарап:

«Біз үшеуміз үш жүзден сіздің көңіліңізді сұрай келдік. Халқымыздың ендігі алдан күтер бақыты бола ма, аяулы еліңізге қандай өсиет айтып кетесіз?» – депті келген топтан ұшқырлық танытып сөйлеген құс тұмсық кісі. Төле би жөткірініп, басын көтеріп алып:

Жүзге бөлінгендердің жүзі қара,

Руға бөлінгендердің құруға асыққаны,

Атаға бөлінгендер адыра қалады.

Хан азса, халқын сатады,

Халық азса, хандыққа таласады, –  депті де, – қазақ бақыты бұрын өзара достық, бірлік, ынтымақта болушы еді, ендігі қазақ бақыты таздың басында, соқырдың көзінде, пұшықтың мұрнында қалып тұр», – депті.

Төле бидің қадір-қасиетін жоғары бағалаған Қазыбек бек Тауасарұлы: «Билік жүргізуді, адаммен сөйлесуді, адамға адамша қарауды Төле биден үйрендім. Төленің даналығына таңданбауға болмайтын еді. Ол ең тұйық жерден, туғылдан да шұғыл шығып кете алатын асқан ғақылдың кені болатын. Төледей ұлдың тууы жүз жылда біреу ғана болар. Өйткені оның көп даналығын көрдім», - депті.

 Төле би 1756 жылы Ташкент қаласының қасындағы Ақбұрхан деген жерде 93 жасында қайтыс болған. Денесі Ташкент қаласындағы атақты Бабырдың арғы аталары Юнус хан мазарының қасына қойылған.

2 пікір
  • Айтеке би мен Қазыбек би, Төле биден бұрынырақ дүние салса керек. Сонша білімсіз жазыла салған дүниені талғамай тарата бермейік.
    7 жыл бұрын
    • 1 1
      Дұрыс айтасыз, Төле биден бұрын бірнеше жылдар бұрын өткен Әйтеке би мен Қазыбек би дүние салған.
      мақаланы қайтадан дұрыстап жарияласаңыздар екен
      7 жыл бұрын