Аллаға сыйынған Баба Түкті Шашты Әзиздың шамандармен сайысқа түсіп, жеңуі
Аллаға сыйынған Баба Түкті Шашты Әзиздың шамандармен сайысқа түсіп, жеңуі
1 ай бұрын 1924

Өзбек ханның исламды қабылдау себебі жөніндегі хикаят. Оның исламды қабылдау себебі мынадай еді. Сол заманның әулиелерінің ішінде төрт әулиеге Алла тағаладан ілһам (шабыт, жүрекке білдірілу) болды: «Сіздер барып, Өзбекті исламға келтіріңдер» деген. Жаратушы Алланың әмірімен олар Өзбек ханның есігіне келіп, оның күренінің сыртында отырып, дұға қылды.

Мынадай аңыз айтады. Кәфір сиқыршылар мен кәфір каһіндер (шамандар) ханға кереметтерді көрсетеді. Олар ханның мәжілісіне субжақы әкеліп орнатады. Жоғарыға тостаған қояды. Сонда жоғарыдағы тостағанға бал түтік арқыыл өзі құйылып, өзі сүзіледі және тостаған кісіге өзі барады. Хан бұл сиқыршылар мен каһіндерді (шамандарды, бақсы-балгерлерді) өзінің шейхтары (пір) санап, өзінің жанына отырғызып, оларға үлкен құрмет көрсетіп, сыйлайды.

Бірде әлгі (әулие мұсылмандар) келіп, дұға оқып отырғандарында, хан әдеттегідей мәжіліс құрады. (Онымен бірге) шейхтары (шаман пірлері) да келіп, орналасты. Күндегі әдетімен олар өздерімен бірге бал құйылған ыдыс әкеледі. Жоғарыға тостаған қойылды. Бірақ біршама уақыт өтсе де, бал күндегідей түтік арқылы тостағанға сүзіліп құйылмайды. Сонда (Өзбек) хан шейхтарына: «Бұл жолы бал неге құйылмай жатыр?» - дейді. Шейхтары оған: «Осы араға мұсылман келген болар. Бұл соның белгісі», - деп жауап береді. Хан: «Олай болса, ауыл-ауылды аралап іздеңдер, мұсылман болса мұнда алып келіңдер», - деп әмір береді.

Мұлазымдар (қызметшілер) ауыл-ауылды аралап жүріп хан ордасының сыртында өзгеше киінген, бастарын төмен салып отырған, түрлері бөтен төрт адамды көреді. Мұлазымдар олардан: «Сіздер кімсіздер?» - деп сұрайды. Олар: «Бізді ханға алып барыңдар», - деп сұрайды. (Міне) олар келді. Ханның көзі бұларға түсті. Оларды көрген сәтте Алла тағаланың құдіретімен ханның көңіліне нұр құйылып, хақ жолына ықыласы ауып, жүрегінде оларға деген мейірім мен сүйіспеншілік пайда болады. Ол келгендерден: «Сіздер не қылған адамсыздар? Қандай іспен жүрсіздер? Қандай іспен бара жатырсыздар?» - деп сұрады. Олар: «Мұсылманбыз. Құдай тағаланың әмірімен Сізді мұсылман қылу үшін келіп тұрмыз» деп жауап берді. Осы кезде ханның шейхтары шулап қоя берді: «Бұлар жаман адамдар. Бұларды сөйлету емес, өлтіру керек» деп. (Сонда Өзбек) хан: (Мен бұларды) неліктен өлтірмекпін. Мен - патшамын! Менің сіздердің ешқайсысыңызда шаруам жоқ. Сіздердің қайсысыңыздың дініңіз хақ болса, мен сонымен бірге боламын. Бұлардың діні хақ болмаса, бүгін неге сендердің балдарың ақпай қалды. Бәсекелесіп көріңіздер. Қайсысыңыздың дініңіз хақ болса, мен соныңызбен боламын» дейді.

Екі жамағат бір-бірімен бәсекеге түсті. Ұзақ шуласып таласты. Ақыры екі жақ екі үлкен тандыр1 қазып, оның әрқайсысына он арба сексеуіл жағып, қызарғанша қыздырып, соның біреуіне сиқыршылардың, екіншісіне мұсылмандардың бірі кіріп шығатын болды, сонда кім күймей, аман-есен шықса, соның діні хақ болғаны. Осыған келісіп тоқтады.

Ертесіне екі үлкен тандыр қазып, оны әбден қызарғанша сексеуілмен қыздырды. Оның бірі - сиқыршыларға, екіншісі - мұсылмандарға арналған еді. Әулиелер бір-біріне мархабат қылып: «Қайсымыз кіреміз?» - деп сұрасты. Бұлардың біреуін Баба Түкті деуші еді: бар денесін түк басып кеткен болатын. Сол айтты: «Маған мүмкіндік беріңіздер, мен кірейін, (ал) сіздер маған бата беріңіздер» деді. Бұл әулиелер оған баталарын берді.

Баба (Түкті) айтты: «Менің сауытымды алып келіңіздер», - деп. Сауытын алып келгенде ол оны жалаң денесіне киіп, Аллаға сыйынып, тандырға беттеді. Айтушылар - бабаның түгі өре көтеріліп, сауыттың көзінен шығып тұрды дейді. Мұны барша жұрт көрді! (Осылай) барып, тандырға кірді. (Сонда) бір қойдың етін алдырып, тандырдың үстіне асып, ал (тандырдың) аузын бекітіп қойды.

Енді каһіндердің кісісіне келейік. Каһіндер өздерінің бірін зорлап, тандырға кіргізді. Ол қалай тандырға түсті, сол сәтте лап етіп жанып, күлі көкке ұшып, жалыны тандыр аузынан сыртқа шықты. Бұл жайды хан бастаған барша жұрт көріп, көңілдері кәпір дінінен қайтып, мұсылмандыққа ауды. (Екінші) тандырдан Аллаға сыйынған Бабаның дауысы тынбай естіліп жатты.

Қойдың еті піскен кезде, (жұрт екінші) тандырдың аузын ашты. Баба мүбарак жүзінен терін сүртіп: «Неге асықтыңыздар? Енді біраз уақыт шыдасаңыздар менің ісім тәмәм болатын еді» деп, тандырдан шықты. (Жұрт) сауыттың шоқтай қызыл болып кеткенін көрді, бірақ Құдай тағаланың құдіретімен Бабаның бір түгі де күймей шықты.

Бұл жағдайды көрген хан бастаған барша халайық шейхтардың (мұсылман әулиелердің) етегінен ұстап, мұсылман болды. Әл-һамдуллаһи әлә діні-л-ісламі! Солай.

Берке хан заманынан бастап өзбек тайпасы мұсылман болды. Бұдан соң олар және жолдан тайып, кәпір болды. (Бірақ) Өзбек хан мұсылман болған сәттен бастап, өзбек тайпасында ондай жолдан таю болған жоқ.

Айтушылар өзбек ханды жиырма жыл патшалық құрды дейді. Енді біреулер он сегіз жыл патшалық құрды дейді. Одан кейін Алланың аманатын берді. Бәріміз де бір Алланың пендесіміз, соған ораламыз.

«Қазақстан тарихы туралы түркі деректемелері»: Шыңғыснама. 1 том. 
Мәдени мұра. Алматы-2005.

  

 

0 пікір