Имам Мұхаммед (р.а.): «Алла ешқандай тұста емес және Оның мекені жоқ»
Имам Мұхаммед (р.а.): «Алла ешқандай тұста емес және Оның мекені жоқ»
8 ай бұрын 2376
Дайындаған Абдусамат Қасым

Имам Мұхаммед (Алла рахымына бөлесін, миләди 749-805 ж) - Имам Ағзам Әбу Ханифаның ең үлкен екі шәкіртінің бірі. Шариғат ғылымында «мүжтәһидтік» дәрежесіне жеткен ғұлама. Имам Ағзам Әбу Ханифа мен Имам Әбу Юсуфтың және өзінің мыңдаған пәтуаларын қағазға түсіріп кітап қылып, Ұлы Имам Әбу Ханифаның түрлі мәселелерге қатысты жасаған байламдарын кейінгі ұрпаққа бәз қалпында жетуіне үлкен еңбегі сінген. Жазған еңбектерінің бәрі Ислам ғылымында, соның ішінде фиқһ саласында ерекше құндылыққа ие. Соның арасында Имам Мұхаммедтің «әл-Хужжа» (айғақ) деген еңбегін ерекше атап өтуге болады. Онда Ол (р.а.) Әбу Ханифа мен Имам Юсуфтың пәтуаларын дәлелдерімен қоса көрсеткен. Имам Мұхаммед (р.а.) - бүкіл Ислам ғұламаларының назарында ерекше құрметке ие тұлға. Сондай-ақ, «әл-Әсәр» атты хадис жинағы да бар. Оның бұл хадис жинағы ең алғаш рет жазылған хадис кітаптарының бірі болып саналады. Ғұламаның толық аты-жөні: Имам Мұхаммед ибн Хасан әш-Шәйбәни (рахимаһуллаһ) 

Имам Мұхаммедтің фиқһ еңбектерімен қоса, ақидаға қатысты жазып қалдырған «қасидасы» да бар. Онда Имам Мұхаммед (р.а.) Исламның сенім-негіздерін өлең түрінде беріп өткен. Кейіннен оның бұл қасидасын кейінгі буын ғалымдар «Имам Мұхаммедтің ақидасы» деген атпен түсініктемелер жазған болатын. Бүгін сол қасидасынан бір үзінді беріп өтсем деп отырмын. Дәлірек айтқанда, Имам Мұхаммедтің «Алла аршқа истиуә етті» деген аятқа қатысты ұстанымымен таныстырғым келіп отыр. Имам Мұхаммед сынды мүжтәһид деңгейіндегі ғұламаның мұндай таласты мәселеге білдірген пікірі өте маңызды. Себебі Оның бұл ұстанымы алғашқы буын - «сәләф» ғұламаларының ұстанымын көрсетеді. Осы жөнінен алғанда да Оның тұжырымы, ұстанымы маңызды. Айта кету керек Имам Мұхаммедтің бұл қасидасы - Әһлу сунна уәл жамағат сенім-негізінде жазылған ең көне ақида жазбаларының бірі болып есептеледі.


Имам Мұхаммед (рахимаһуллаһ) өзінің қасидасында былай деп жырлайды: 

«Құдай (иләһ) истиуә етті аршқа

Ол жаратылыстардан ерек және дара.

Құдайды тұс қамтып тұрған жоқ әрі Оның мекені жоқ.

Аталмыш екі нәрсе онда болудан Ол - ұлы әрі асқақ.

Өйткені болмыс - жаратылған, ал менің Раббым - Жаратушы.
Ол - арштан бұрын да Құдай еді, әрі мырза!»

«Құдай (иләһ) истиуә етті аршқа

Имам Мұхаммед «Құдай аршқа истиуә етті» деген сөзімен Құрандағы «Рахман Алла аршқа истиуә етті» деген аятты көздеп отыр. («Тоһа», 5 аят). Имам Мәлік айтып кеткендей, Имам Мұхаммед те «аятқа иман етеміз әрі истиуә хақ дейміз, бірақ оған анықтама бермей, мағынасын Аллаға қалдырамыз» деп отыр. 

Алайда сөзін жалғап: «Ол жаратылыстардан ерек және дара..» дей келе «Истиуә» сөзіне жаратылыстарға тән мағына беруден де аулақпыз дейді. Анығырақ айтқанда бұрынғы замандағы Кәррәмия мен Мүжәссима ағымдары айтатыныдай және қазіргі сәләфизм-уахабизм бағытындағылардың айтатыныдай «Алла аршта орнықты, орналасты демейміз» дегісі келеді. 

 «Құдайды тұс қамтып тұрған жоқ әрі Оның мекені жоқ.

Әрі қарай Имам Мұхаммед Алла Тағаланың тұсы жоқ, тарапы жоқ екендігін ашық білдіре келе былай дейді: 

«Құдайды тұс қамтып тұрған жоқ әрі Оның мекені жоқ.
Аталмыш екі нәрсе онда болудан Ол - ұлы әрі асқақ». 

Әһлу сунна уәл жамағат сенімі бойынша, Алла Тағаланың тұсы жоқ. Ол - жоғарыда емес, төменде емес. Ол - оң жақта не сол жақта да емес. Оның орналасқан мекені жоқ. Демек, қазіргі сәләфиттердің айтып жүрген: «Алла аспанда, Алла жоғарғы тарапта» деген сенімдері Әһлу сунна уәл жамағаттың сенім негізіне қайшы екен. Әһлу сунна уәл жамағат сенімінде Алланың тұсы жоқ деп үйретеді. Мұны ұлы ғұлама Имам Тахауи де (Алла рахымына бөлесін) айтып кеткен. Имам Тахауи өзінің ақида кітабында: «Өзге жаратылыстар сияқты, Алла Тағаланы алты тарап қамтып тұрған жоқ!»1 деп анық айтады. Имам Тахауидің алты тарап деп отырғаны: алды, арты, үсті (жоғарысы), асты, оң, сол.

Демек, алдыңғы буын сәләф ғұламалардың сенімі бойынша Алланың тарапы, тұсы жоқ деп сенуіміз керек. Ал қазіргі сәләфиттердің «Алла жоғарғы тұста, аспанда» деп айтулары - сәләф ғұламаларының сеніміне теріс. 

Мұны қазақтың ағартушы ғалымы Ыбырай Алтынсарин де айтып кеткен. Ол өзінің «Мұсылманшылықтың тұтқасы» атты кітабында Алла Тағаланы сипаттай келе былай деп өтеді: «Жиһат сәттен» (жиһәту-ситтә), яғни алты түрлі тараптан: оңы, солы, алды, арты, асты, үсті болудан таза-ды»2. Алтынсаринның «жиһәт ситтә» дегені қазақша «алты тұс» деген сөз. Яғни, Алланың тұсы жоқ. Ол ешқандай тарапта емес. Алла Тағала тұсқа да, мекенге де, аршқа да мұқтаж емес. Ол оларды қажет етпейді. Алла тұсы, тарапы болудан пәк, таза.  

Имам Мұхаммед әрі қарай сөзін өрбітіп: 

Өйткені болмыс - жаратылған, ал менің Раббым - Жаратушы.
Ол арштан бұрын да Құдай еді, әрі мырза!
». 

Өйткені, тұстар да, арш та аспан да кейіннен жаратылған болмыстар болып табылады. Оларды жаратқан Алла еді. Алла Тағала оларды жаратпай тұрып та бар еді, олар жоқ кезде де мекенге, жерге орнығуға мұқтаж емес тұғын. Оларды жаратқаннан кейін де мұқтажсыздығы сақталады, ол еш нәрсеге мұқтаж емес, ол мұңсыз.

Имам Мұхаммедтің (р.а.) бұл сөзі - ұстазы Әбу Ханифаның мына қаулысына ұқсайды. Имам Ағзам былай деген еді: «Біздің сеніміміз бойынша, Алла Тағала «Аршқа истиуә етті». (Алайда) Ол Аршқа мұқтаж емес және онда орналаспады. Алла Тағала Арштың да, одан басқасының да қорғаушысы, (бірақ оларға) мұқтаж емес. Егер мұқтаж десек, өзге жаратылыстар секілді әлемді жаратуға және оны жүргізіп отыруға күші жетпес еді. Егер отыруға және тұрақтауға мұқтаж дейтін болсақ, онда Ол Аршты жаратпай тұрып қайда болған? Ондай (түсінік) Алланың ұлықтығына сай емес»3.

Қорыта айтқанда, көріп тұрғандарыңыздай Имам Мұхаммед те, оның ұстаздары Имам Әбу Ханифа мен Имам Әбу Юсуф та «Алла аспанда» немесе «Алла аршқа орналасқан» демеген. Қайта керісінше, Оның мекені жоқ, тұсы жоқ деп айтып кеткен. Олардың «истиуә» секілді «мүтәшәбиһат» айттарға қатысты ұстанымдары «тәфуид» ұстанымы болатын, яғни, ондай мүтәшәбиһ аяттарға мағына берместен, астарындағы мәнін Аллаға қалдыру еді, алайда, солай етумен қатар, олар ондай аяттарға «жаратылыстарға тән мағыналар» беруден де аулақ болған. Бұл - алдыңғы буын сәләф ғұламаларының ұстанымы.

Алайда қазіргі сәләфиттер қанша өздерін сәләф жолындамыз десе де, олардың ұстанымдары алдыңғы буын сәләф ғұламаларының ұстанымдарынан ауылы алыс екендігін көзі ашық, көкірегі ояу әркім мойындайды. Сәләфиттердің ешқайсысының білімі Имам Мұхаммедтен аса алмасы анық. Ешқайсысының діндарлығы мен тақуалығы Имам Ағзамнан артық емес. Бұл ғұламалар шариғатты жазған ғұламалар. Бұл ғұламалар - түпдерек (орысша айтқанда, первоисточник) болып есептеледі. Сонда біз осы түпдерек ғұламалардың ұстанымдарын елемей өтуіміз керек те, адасқан сәләфиттердің ұстанымын ұстануымыз керек пе? Осы сауалды әрбір сәләфит бағытындағылар өз-өздеріне қоюлары тиіс. Болмаса, ақыреттегі жағдайлары қиын. Тәуфиқ Алладан! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!

"Ақидату-әш-Шәйбәни"


1  لا تحويه الجهات الست كسائر المبتدعات - Имам Тахауи, ақида.
2  Ы. Алтынсарин: «Мұсылманшылықтың тұтқасы».
3  Әбу Ханифа (р.а.): «әл-Уасия» (өсиет).

0 пікір