"Бір қауым бір қауымды келеке-мазақ қылмасын"
"Бір қауым бір қауымды келеке-мазақ қылмасын"
8 ай бұрын 1464

Бисмилләһир рахманир рахим

 «Ей иман еткендер! Бір қауым, екінші қауымды мазақ қылмасын. Бәлкім олар бұлардан жақсы шығар. Сондай-ақ әйелдер, әйелдерді келемеждемесін. Бәлкім олар бұлардан жақсы шығар. Бір-біріңді міндемеңдер; жаман ат тағыспаңдар. Иман келтіргеннен кейін сүркей ат нендей жаман! Ал кім тәубе қылмаса, міне солар залымдар». («Хужурат» сүресі, 11 аят).

Алла Тағала аталмыш аятта адамдар арасында бауырмалдық пен бір-бірлеріне деген құрметті тірі ұстап тұрар кеңес айтуда. Соның бірі - өзгені келемеждемеу.

Құдайдан үміті бар әркімнің әлдебіреуді келеке-мазақ қылуы жөн емес, харам іс. Және де біреуді өзінің анегдоттарына қосу, оны күлкіге айналдыру күнә. Мұндай тірлікте жасырын менмендік бар. Өзін өзгеден жоғары санау, ал өзгені төмен көрушілік бар. Сондықтан да, Алла Тағала пенделеріне: «Бір қауым екінші бір қауымды келеке-мазаққа айналдырмасын» деп, тыйып салып отыр. Аяттың жалғасында: «Бәлкім олар бұлардан жақсырақ шығар» дейді.

Алланың назарында артықшылық - иманмен, ықыласпен және Аллаға жақындығымен өлшенеді. Артықшылық - дене-пішінмен, абыроймен немесе мал-дүниемен өлшенбейді. Хадис шарифте былай делінген:

«Шынында Алла Тағала сендердің дене-пішіндеріңе және мал-дүниелеріңе қарамайды. Ол сендердің жүректерің мен іс-амалдарыңа қарайды». («Сахих Мүслім»).

Бірде, сахаба Абдулла ибн Мәсъудтың сирағы ашылып қалып, сирағының жіңішке екендігі көрініп қалды. Бұған сол жердегілер күліп жіберді. Сонда Алла елшісі (с.а.у.) оларға: «Оның аяғының жіңішке екендігіне күліп тұрсыңдар ма?! Жаным қолында болғанға ант етейін! Оның бұл екі аяғы «мизан» таразысында Ухуд тауының салмағынан да ауыр болады» деп айтады. («Ахмәд», «Таялиси»).

Құран Кәрімде азғын мүшріктердің ізгі мүміндерді мазақ қылғандары жайында сөз еткен. Әсіресе, олар Біләл, Аммар сынды әлсіз мұсылмандарды келеке-мазақ қылушы еді. Сонда, Алла Тағала оларға қиямет күні есеп-қисап кезде қалайша таразының салмағы ауысып, бұл дүниеде мазақ қылушылар, енді о дүниеде мазаққа айналушылардың орнында боларынан хабар береді:

«Сондай азғындыққа түскендер иман еткен мүміндерге күлуші еді. Қашан мүміндер қастарынан өтсе, қас-көздерімен ишара жасап келеке қылатын. Үйлеріне қайтқанда (мүміндерге) күлісіп, мәз болушы еді. Мүміндерді көрген кезде «нағыз адасқандар - осылар» дейтін. Олар мүміндерге бақылаушы ретінде жіберілмеді ғой! Ал енді бүгін - мүміндер кәпірлерге күледі». («Мутаффифин», 29-34).

Сондай-ақ, дүниедегі қадірін мал-дүниемен өлшейтін және байлығымен өзін күшті санайтын, соның нәтижесінде өзінен басқаларды келеке, мазақ қылушы адамдарды Құран Кәрімде Алла Тағала сынға алып, былай дейді:

«Мал-дүние жиіп, оны (тоқтаусыз) санайтын, адамдарды шағыстырып, қас-көзімен ишара ете отырып мазақ қылатын адамға нендей өкініш!». («Хүмәзә», 1-2). 

Олай болса, Ислам дінінің «бауырмалдық» байланысты қорғау мақсатында «келеке-мазақты» тыйғанын біле жүрелік. Аллаға және ақырет күнінен сенетін мұсылманның өзгені келеке-мазақ қылуы және оны көңіл көтеру нысанасына айналдыруы, дінімізде құпталмайтын, харам іс екен.

Әлхамудилләһи Раббиль аләмин!

0 пікір