МЕН НЕЛІКТЕН «СӘЛӘФИЗМНЕН» КЕТТІМ? (3-бөлім)
МЕН НЕЛІКТЕН «СӘЛӘФИЗМНЕН» КЕТТІМ? (3-бөлім)
4 күн бұрын 946 islam.kz/
Самир Хусейн

 (Басы алдыңғы бөлімде: 2-бөлім) 

ШЫНАЙЫ ТЕРЕҢ ІЛІМ САУДИЯДА ЕМЕС.
 3 БӨЛІМ.

Шейх Салих әл-Фаузанның сабағына қатысуым 

(Сәләфилер арасындағы тобырлық ойлау мен сабақтағы тәжірибе туралы)

Сәләфилердегі бірізді ойлау (тобырлық ойлау) туралы пайымдарым, жұмыстағы ниеті түзу салафи бауырлардың Шейх Салих әл-Фаузанның сабағына шақырған кезінде тағы да айқындала түсті. Олар маған бұдан бұрын бұл сабақтардан қаншама білім мен рухани азық алып жатқандарын тамсана баяндаған еді. Мен Канададан аттанбас бұрын Шейх Салих әл-Фаузанға ерекше құрметпен қарайтынмын және бұрын аталып өтілген фиқһ бойынша еңбектерімен қатар, "Китап әт-Таухид" пен басқа да жазбаларға берген түсіндірмелерін оқыған едім. Алайда, сабағына қатысқанымда, оның дәрістерінің тым қарабайыр, бастауыш деңгейдегі сабақтар екеніне таңғалдым. Фиқһ саласына қатысты жүргізген дәрісі менің Шәфиғи фиқһінен оқыған алғашқы кітабымнан да төмен деңгейде, ал тәпсір сабағы болса, Шейхтің Құранды өте қарабайыр, жеңіл сөздермен тек өз ойынан баяндауы ғана екен. Әрине, егер ол сабақ жаңадан бастаушы шәкірттерге арналса, оған әңгімем болмас еді.

Келесі күні жұмысқа барғанымда, менімен бірге қатысқан сәләфит бауырлар кешегі сабақтың таңғажайып болғанын айтып, маған: "Шейхтің білімінің қаншалықты терең екендігіне куә болдың ба?!" деп таңдай қақты. Мен мүлде олай емес екенін және бұрынғы өткен дәуір ғұламаларының ілімімен салыстырғанда өте таяз, әрі жеңіл-желпі деңгейде болғанын айттым. Олар абдырап, айтарға сөз таппай қалды. Жанжал тудырғым келмегендіктен, әрі қарай тереңдемедім, алайда бұл жағдай маған соқыр тақлид (ойланбай соқыр еріп кету) пен "тобырлық ойлаудың" кезекті бір көрінісі екенін айқын көрсетті.

Сауд Арабиясынан кетуім және ілім жолының жалғасуы

(Сырқатқа байланысты Канадаға оралу және Саудия жеріндегі діни білімге көзқарасы)

Білім жолында ақиқатты іздеуді жалғастыруды қаласам да, Алланың жазмышы жетіп, 2016 жылы ауыр науқасқа шалдығуыма байланысты Сауд Арабиясынан кетуіме тура келді. Алланың қалауымен, осы алты қысқа жылда ілімде көп нәрсеге қол жеткіздім, бірақ бұл ілім жолында физикалық тұрғыда да, моральды тұрғыда да біраз денсаулығымды құрбан еткен екенмін.

Канадаға қайта оралғанымда, шынайы терең ілімнің - Сауд Арабиясында оңайлықпен қол жетпейтін деңгейдегі біліктілікті қажет ететінін толық түсіндім. Әрине, Сауд Арабиясында үлкен дін ғалымдары табылады және олар көбіне қып-қызыл (ярый) сәләфилерден гөрі әлдеқайда ашық ойлы болып келеді. Бірақ олардың әдетте магистранттар мен докторанттарға сабақ беретіндіктен, жеке дәріс оқуға уақыттары жоқ еді.

Мысыр еліне сапар және Әл-Әзһар университеті

(Каирдегі терең білім, ұстаздармен байланыс және Мәтуриди іліміне бет бұру)

Ар-Риядда жыл сайын өтетін халықаралық кітап жәрмеңкесінде бүкіл әлем ғұламаларының кітаптарын сатып алып, оқығаннан кейін, ілім жөнінен Сауд Арабиясынан да асып түсетін өзге де ілімге бай мұсылман елдері бар екеніне көзім жетті. Мені Әл-Азһар мен оның саң ғасырлық тарихы ерекше баурап алды, сол себепті Мысырға сапар шегуге бел будым. Және тағы да, Алланың арқасында Каирдегі ұстаздармен және шәкірттермен алдын ала байланыс орнаттым, соның септігімен сол жерге барғанда бірден білім жолына түсуге мүмкіндік туды, былайша айтқанда, дайындықсыз кірістім.

Жаз мезгілінен кейін Каирге қайта сапар шегіп, дәл осы жерде Хадис ілімдері мен Мәтуриди Ақидасы ілімдерін терең оқуға ден қойдым. Каир – нағыз таза ауаның лебіндей еді, себебі ондағы ілім иелері өзге мұсылман елдеріндегіге қарағанда әлдеқайда ашық ойлы әрі терең білімді болатын. Өйткені, Сауд Арабиясындағы жоғарғы оқу орындарындағы оқу бағдарламаларын Әл-Әзһар ғұламалары қалыптастырған еді. Әлі күнге дейін мен Әл-Әзһарды Ислам әлеміндегі білім алуға ең ұтымды, үздік оқу орындарының бірі деп есептеймін. Осы жүйедегі ұстаздардан алған тәлім-тәрбием де бұл пікірімді толық растады. Әл-Әзһар ілімін ұзақ жылдар бойы терең зерттеп білген адамды кездестірсем, оларды әрдайым ерекше құрметпен қабылдаймын.

Каирден кейін, мен Канадаға оралдым. Сол уақыттан бері Кәләм, Сопылық және философия бағыттарында ауқымды зерттеулер жүргізіп келемін, сонымен қатар Ислами ілімдерін жалғасымды түрде оқытып келемін.

Сәләфизмге көзқарасым және Сәләф салихиндерден айырмашылығы

(Сәләфизм мен сәләф салихиннің жолын ажырату, сәләфит дін ғалымдары ғана ақиқат деп ойлау, такфирге қатысты ескерту)

Ал сәләфизмге қатысты айтсам, менің Имам Ибн Тәймия, Имам Ибнул-Қаййим және тіпті қазіргі Сауд Арабиясындағы дін ғалымдарына тақлид ететін (айна-қатесіз еретін) жандарға еш қарсылығым жоқ. Егер сіз олардың ең сенімді ғұламалар екеніне және олардың Құран мен Сүннетке ең жақын екеніне шын ниетпен сенсеңіз, онда оларға еріңіз. Алайда, олар ғана ақиқат жолындағы жалғыз топ деп сенбеңіз, бұндай сенім қате де, қауіпті де. Сіз ихтиләфтың (пікір қайшылығының) бар екендігін мойындауыңыз қажет. Сіз Сүннниттік жолындағы басқа ғұламалардың ізіне ерген өзге мұсылмандарды (олар үмметтің көпшілігін құрайды) тек «Кәләм ілімін оқығаны үшін», «Бидғат мәселесі» және «Сопылық жолы» сияқты мәселелерде сізбен келіспегені үшін «Бидғатшы» немесе Кәпір деп атауға және оларға такфир жасауға (кәпірге шығаруға) құқығыңыз жоқ. Егер олай істейтін болсаңыз, сіз үмметтің ғұламаларының көпшілігіне қарсы шыққаныңыз, ал бұл Әһлус-Сунна жолынан айнып, хизбияға (бөлінушілікке) салынудың және ақыр соңында хариджиттікке барудың дәл өзі.

Мұхаммед ибн Абдул Уаххабты неге қабылдай алмадым 

Менің Мұхаммед ибн Абдул Уаххабты қабылдай алмауымның себебі де осы. Ол Ислам әлеміндегі дұрыс емес деп тапқан кейбір діни нәрселерге қарсы шығуға және ол нәрсенің бұрыстығын айтып уағыздауға толықтай ерікті еді. Алайда, оның мұсылмандардың көпшілігін кәпір санауы аздай, ихтиләф мәселелерінде онымен келіспеген мұсылмандарға қарсы зорлық-зомбылық жасауды мақұлдауы – нағыз қылмыс.

Сәләфизмнен үйренгендерім 

Алайда, мен өзімнің Сәләфи болған кезіме өкінбеймін де, ол кезеңді қор көрмеймін де. Бұл Алланың жазмышы еді. Сәләфизмнен бірәз нәрсе үйрендім, атап айтқанда:

  • жеке пікірден гөрі дәлелге басымдық беруді,

  • Ақида мен Тәухид ілімдерінің маңыздылығын,

  • Сүннеттің құндылығын,

  • Дінге енгізілген зиянды жаңалықтардан (бидғаттардан) сақтануды,

  • Ғұламалар мен ілімнің алғашқы қатарлы маңыздылыққа ие екенін,

  • Және алғашқы буын дін ғалымдарының, яғни, сәләф салихиннің (салиқалы Исламның алғашқы ізгі буыны) үлгісіне еріп, олардың жолымен жүрудің қажеттілігін ұғындым.

Алайда, қазіргі «Сәләфизм мен бұрынғы "Сәләф салихиннің жолына еру" – бұл екеуі екі бөлек ұғым, тек қана терең білім іздеген жандар ғана олардың аражігін айыра алады. Алғашқысы (яғни, қазіргі сәләфизм) – бұрыңғы сәләф салихиндердің дінді түсінулерінің бір ғана көрінісі/түсіндірмесі болса, соңғысы ('сәләф салихиннің жолына еру') – дінді түсінудің көптеген көрінісінен тұрады.

Білімді сәләфит ғалымдарына құрмет және тепе-теңдік

(Сәйкес келмесе де, білімділерге құрмет сақтау қажеттілігі)

Мен әлі де нағыз қазіргі сәләфизм бағытындағы ғұламаларын (уағызшыларын емес, нағыз білімділерін) жақсы көремін әрі оларға құрметпен қараймын, оның арасында менің ұстаздарым да бар. Мен олармен жақсылық жолында әрдайым бірігіп жұмыс істеуге дайынмын, тіпті кейбір мәселелерде келіспеушілігіміз болса да. Олар менің көзқарастарыма қарама-қайшы пікірде болса да, олар өз жолдарына жеткілікті білім мен ілім негізінде келген еді.

Алайда, менің тарапымнан оларға деген сый-құрметім, ымырам – олар мұсылман үмбетінің көпшілік ғалымдарын бидғатшы деп атау немесе өзге мұсылмандарды кәпір санау сияқты қауіпті тұзаққа түсіп кетпейінше, әрдайым сақталатын болады. Неге десеңіз, мені және мың жыл бойығы Сүннет ілімін ұстанған ғұламалар мен мұсылмандарды тозақтық деп есептейтін адамды қалай жақсы көріп, онымен бірге қалай жұмыс істей алмақпын? Мен мұны түсіне алмаймын. Бұл жерде мәселе, сәләфизмде емес, әңгіме - Пайғамбарлардың мұрагерлері болып саналатын ілім иелерін құрметтеу туралы болып отыр.

Өзін ешбір топқа жатқызбау және жан-жақты ізденіс

(Мәтуриди, Сопылық, Сәләфи көзқарастар арасындағы тепе-тең ұстаным)

Өзімді енді сәләфитпін деп санамаймын, әрі өзімді мәтуриди, әшғари, сопы немесе соған ұқсас басқа бір мектептің өкілі деп те есептемеймін. Мен сенемін (және көзім жетті): кімде-кім мәселені терең, жан-жақты зерттеп, сынсыз әрі көпшілікке ұнайтын тақлидтен бойын аулақ ұстаса, ақырында дәл осындай дүниетанымға келеді. Менің көзқарастарым Мәтуриди, Әшғари және Сопылық мектептерінің ауқымында болғанымен, арасында кейбір шәкірттерім менің бойымда Сәлафиттік және Әсәрийлік (الأثرية - хадисшілердің ұстанымы) ұстанымдарым да бар екенін білгенде таң қалысады. Мен жай ғана, ілімі, пайымдары және тақуалығы - бүкіл Ислам тарихында өмір кешкен ғұламалар тарапынан мойындалған және жалпы мұсылман қауымы тарапынан мойындалған ұлы ғұламалардың ұстанымы мен түсінігіне сүйене отырып, Құран мен Сүннетке амал етуге бар күшімді салып жүрген қарапайым мұсылманмын. Менің «шынайы Ислам дегендегі» түсінігім осы соңғы сөйлемде жатыр.

Өмірімдегі ілім жолындағы ұзақ сапарымда үйренген басты тағылымдарыма қысқаша шолуы 

Ілім іздеу жолындағы мен үшін ең маңызды болған кейбір түйген өмірлік сабақтарымды осы жерде қысқаша жинақтап ұсынамын:

  • Исламды шынайы түсінудің кілті – білім. Исламды оқып үйренбесеңіз, оны ешқашан толықтай түсінбейсіз. Бұл шындық.

  • Сәләф салихиндер (Исламның алғашқы ізгі буыны) – сөзсіз мұсылмандардың ең қайырлы буыны, оларға еруіміз қажет, алайда олардың қалдырған мұрасын түсіндіру оңай іс емес.

  • Ислам тарихында мың-мыңдаған ғұламалар өткен. Бұл ақиқат. Егер сіз тек бірнешеуінің ғана есімін немесе пікірін білсеңіз, сіз ғұламалар қауымының жалпы ілімі мен ойының қандай болғанын ешқашан толық түсінбейсіз.

  • Білімге ден қойыңыз, сонда оның шынайы иелері сізге танымал болады. Ешқашан белгілі бір тұлғаларға байланбаңыз, фанатизмге салынбаңыз. Бұл – секталардың жолы, ақиқат іздеушілердің емес. Мұсылман – әрдайым ақиқат іздеушісі. Халық Пайғамбарға тек жеке тұлғалық қасиеті үшін ғана ерген жоқ (ол да бар әрине), негізінде оның шынайылығы мен растығы Құранмен және мұғжизалармен айқын дәлелденгендіктен ерген еді.

  • Әрқашан ақиқатты ұстануды мақсат етіңіз, ол қандай болса да, оны қайдан тапсаңыз да. «Тобырлық ойдың» жетегінде кетпеңіз және ешбір адамның немесе ұйымның ұстанымына шектен тыс берілмеңіз (фанат болмаңыз). Шындық көбінесе әртүрлі пікір аласапыранының дәл ортасында жатады.

  • Егер сіз кейбір ғұламалар мен кітаптардан олардың көзқарастары "бидғат" деп қашқақтайтын болсаңыз, сіз өзіңіздің таныс көпіршігіңіздің (пузырь) шеңберінен ешқашан шыға алмайсыз. Шындық сіздің "көпіршігіңіздің" сыртында болуы әбден мүмкін, бірақ сол орамнан шығуға деген қорқынышыңыз сізді ілгері жылжудан тежеп тұрады.

  • Өзіңіздің жайлы аймағыңыздан тысқары шығатын ғұламалар арасындағы іліми ихтиләфті (діни мәселелердегі пікір қайшылығының барын) мойындауды әрі оны пайдалануды біліңіз. Бұл үмбет болуы табиғи болып табылатын ихтиләф мәселелеріне бола өз ішіндегі алауыздық пен жанжалдан құрып барады.

  • Кім болса да Құран мен Сүннеттен дәйек келтіріп, өз пікірінің дұрыстығын дәлелдегісі келеді. Кез келген адам сізге өзін Құран және Сүннет жолымен жүруші, өзгелер болса ондай емес деп сендіргісі келеді. Бұл мәлімдемелердің мәні шамалы. Егер сіз Құран мен Сүннеттің шын мәнінде не айтқысы келгенін терең түсінгіңіз келсе, оларды тиісті дәрежеде зерттеңіз – Араб тілі, Усул әл-Фиқһ, Хадис ілімдері, Фиқһ, Тәпсір т.б. ілімдерін оқыңыз. Ең болмағанда, Араб тілін міндетті түрде меңгеруіңіз қажет.

  • Ислам ғұламаларының қалдырған ұлы мұрасын, яғни, ірі кітаптарын оқыңыз, сонда сіз нағыз ілімнің не екенін түсінетін боласыз. Осыдан кейін сіз басқалардың діни мәселелердегі мәлімдемелерінің қаншалықты дұрыс екенін бағалау үшін сол алған біліміңізді бір өлшем (барометр) ретінде пайдалана аласыз. (Соңы).


Өзінің ақиқат пен ілім жолындағы ұзақ та, қажырлы сапарымен жазып бөліскен авторға да, оны қазақ тіліне аударып, қазақ тілді мұсылман оқырмандардың оқуына септігін тигізген islam.kz сайтына да мың алғыс.

 

0 пікір