Бидғаттың түрлері жайында
Бидғаттың түрлері жайында
8 ай бұрын 10514
Имам Жәләлуддин әс-Суюти (рахимаһуллаһ)

Бидғат деген, шариғатқа қарама-қайшы келетін іс-әрекет. Немесе бидғат - шариғатқа артық бір нәрсе қосып не одан бір нәрсені кемітіп орындауды тудыратын іс-әрекет.

Алдынғы буын Ислам ғұламаларының басым көпшілігі ол нәрсені (бидғатты) ұнатпайтын. Олар – шариғатта бұрын кездеспеген, кейіннен пайда болған нәрселерге үрке қараушы еді, тіпті ол нәрсе шариғат негіздеріне сай рұқсат етілген нәрсе болса да. Мәселен, Әбу Бәкір мен Әзіреті Омар Зәйд ибн Сәбитке: «Құранды бір кітапқа жинақташы», - деп айтқан кездерінде, Ол (Зәйд): «Сен екеуің қалайша Алла елшісі (с.а.у.) істемеген нәрсені істемексіңдер?!» деп (алғашқыда құптамай) қарсы шыққан еді.

Әбу Бухтәри былай деп әңгімелейді: «Бір адам сахаба Абдулла ибн Мәсъудқа: «Бір топ адам ақшам намазынан кейін мешітте отырады, арасында бір адам оларға: «Аллаға былайша тәкбір айтыңдар, Аллаға былайша сүбхан айтыңдар, Аллаға былайша әлхәмду айтыңдар» деп айтып отырады» - дейді. Сонда Абдулла ибн Аббас: «Егер, олардың солай істеп отырғандарын қайта көрсең, маған келіп, отырған орындарын білдір» - деп тапсырады. Әлгі топ жиналып отырғандарында, әлгі адам Абдулла ибн Аббасқа барып білдіреді. Абдулла ибн Мәсъуд оларға жақындап келіп:

«Одан басқа тәңір жоқ болғанға ант етейін, сендер әділетсіз түрде бидғат (жаңа нәрсе) шығарып отырсыңдар. Әлде сендер Мұхаммедттің сахабаларынан асып түстіңдер ме?!» - дейді. Сол сәтте Омар ибн Утба: «Алладан кешірім тілейміз (настағфирулла)» дейді. Абдулла ибн Мәсъуд сөзін әрі қарай жалғастырып:

«Жолмен тура жүріңдер. Одан ауытқымаңдар. Егер, оңға және солға алсаңдар, ұзақ адасасыңдар» - деп айтты.

Байқағаныңыздай, бұрынғылар (дінге байланысты) жаңа нәрселерден (бидғаттардан) өте сақтанатын. Тіпті, ағат бір бидғатқа түсіп кетпесін деп, ағаттығы жоқ бидғаттың өзінен де (сақтандыратын).

Шариғатқа қайшылығы жоқ бидғаттар мен жаңа нәрселер

(Дегенмен) Шариғатқа қайшылығы жоқ әрі шариғатқа артық бір нәрсе қосып, не одан бір нәрсені кем етер іс-әрекет болып табылмайтын жаңа нәрселер туындап отырды. (Бұрынғылар) ондай нәрселерді істеуді әбес көрмеді. Керісінше, олардың кейбірі  онда жаңа дүниелерді «Сауапты іс» деп санаған. Дұрысы да осы. Мысалы, риуаттарға қарағанда, алғашқыда адамдар Рамазан айында тарауихты әркім жеке-жеке оқитын. Сосын оны бір адам оқып, қалғандары оған қосылып (жамағат боп) оқи бастады. Әзіреті Омар оларды (бір имамға ілесіп оқитындай етіп) жинады. Кейін олардың солай істегендерін көріп, Әзіреті Омар: «Мынау неткен керемет бидғат еді (жаңалық еді)...» - деп ондай жаңалықты құптаған еді.  

Хасан Басрый да бір сөзінде:

«Қысас әңгімелер – бидғат (жаңа нәрсе). Неткен керемет бидғат! Қанша бауырлар пайдаланды. Қанша дағуат-насихатқа жауап берілді», - деген.

Бидғаттың түрлері

Кейіннен туындаған жаңалықтар екіге бөлінеді:

  1. Құп көрілген бидғат (жақсы бидғат).
  2. Әбес саналған бидғат (жаман бидғат).

Жақсы бидғатты істеудің рұқсат екендігін және ниеті жақсы кісіге ол үшін сауап болатындай ұнамды екендігін ғалымдар бір ауыздан мақұлдаған. Бұған – шариғат қағидаттарымен үйлесетін, оған қайшы келмейтін және оны істеу шариғи бір ағаттықты тудырмайтын барлық бидғаттар (жаңалықтар) жатады. Мысалы, мінбелердің жасалуы, мөлтек аудандардың, оқу орындарының, қонақ үйлерінің салынуы т.б. осы сияқты Исламның алғашқы кезеңінде болмаған барлық ізгілік түрлері. Бұндай дүниелер - шариғаттың жақсылықты жасау, тақуалық пен ізгілікке жәрдемдесу деген сияқты құндылықтарымен үйлесімді.

Сондай-ақ, жақсы бидғат ретінде саналатынар қатарынан мыналарды да атап өтсек болады: пайдалы шариғи ғылымдарды әртүрлі пәндерге бөлу, әр пәннің өзіндік ережелерін анықтап қою, Азиз Кітапты тәпсірлеу, Пайғамбардың хадистерін жинақтау, хадистердің мәтіндері мен келу жолдарын зерделеу, араб сөздерін зерттеп, түрлі ғылым тармақтарын шығару. Бұлардың бәрі - пайдасы анық, көркем нәрселер. Алланың үкімін білуге әрі Оның сөзін және Пайғамбарының сүннетін түсінуге жәрдемші. Бұлардың бәрі істелуі әмір етілген, шариғатта ағаттығы жоқ дүниелер.

Жаман бидғатқа келер болсақ, ол – шариғатқа қайшы келетін, оған қарама-қарсылықты тудырар дүниелер. Бұлар өз ішінде «харам бидғат» және «мәкруһ бидғат» болып бөлінеді. Кейде "жеңіл мәкруһтен" ары аспайтындары да кездесіп жатады. Әрбір фиқһ маманы иманы мен біліктілігінің деңгейіне қарай ол екеуінің (харам бидғат пен мәкруһ бидғат) арасын Алланың көмегімен ажырата алады.  

Жаман бидғаттар екі бөлікке бөлінеді:

Біріншісі – қасырет пен адасушылыққа жетелейтін сенімге қатысты бидғаттар.

Екіншісі – іс-амалдардағы жаман бидғаттар. Іс-амалдағы құпталмайтын жаман бидғаттар өз арасында: көпшілікке белгілі «харам», «мәкруһ» болған бидғаттар және көпшіліктің құлшылық, мінәжат, итағат, сүннет деп ойлайтын бидғаттар болып бөлінеді...

 

«Хақиқату әс-сүннәти уәль бидғати» атты кітаптан алынды.
Араб тілінен ықшамдап аударған: Абдусамат Қасым.

0 пікір