Жарамсыз сауда түрлері (әл-Бәйъуль Батыйль)
Жарамсыз сауда түрлері (әл-Бәйъуль Батыйль)
2 ай бұрын 1340
Проф. Доктор Уаһбәту әз-Зухәйли.

(Жарамсыз әрі заңды күші жоқ сауда-саттық келісімшартын арабша «әл-Бәйъуль Батыйль» дейді. Ауд.).

«Жарамсыз сауда» деп, сауда келісімшартының рүкіндерінің (іргелі-негіздерінің) бірі немесе «иниқат» шарттарының бірі бұзылған барлық сауда түрлерін айтамыз.

(Иниқат шарттарына: келісімге отырушылардың шарттары, келісімнің шарттары, келісім орындалатын жердің шарттары және келісім жасалатын нәрсенің (тауар) шарттары жатады – ауд.)[1].

Жарамсыз сауда түрлері көп. Атап айтсақ:

  1. Қолда жоқ нәрсені сату. Келісімшарт сәтінде жоқ болған тауарды сатуға болмайды. Ондай сауда келісімшарты жарамсыз. Мысалы, буаз малдың ішіндегі әлі туылмаған төлін сату, бақшадағы жеміс-жидектер мен еккен егіндерді шықпай жатып сату т.б. Сондай-ақ, буаз малдың ішіндегі әлі туылмаған төлдің болашақтағы төлін сату да (بيع نتاج النتاج) «жарамсыз сауда» түріне жатады.  Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Іштегі төлдің төлін сатудан тыйды»[2].  Және де: «Еркек малдың ұрығы мен ұрғашы малдың ішіндегі төлін сатудан тыйды»[3]. Сондай-ақ, «жемістердің жарамдылығы көрінбей тұрып (піспей тұрып) сатудан тыйды...»[4].  Хадистегі тыйым – тыйылған нәрсені сатудың жарамсыз екендігін білдіреді (яғни, сауданың жарамсыздығын білдіреді). Сол себепті, жемістер мен егіндерді өспей тұрып сату – жарамсыз болады (батыл сауда).
  2. Алушының қолына тапсыру мүмкін болмаған нәрсені сату. Бұндай сауда да жарамсыз саналады, мейлі ол зат меншігіндегі зат болса да, үкім сол. Мысалы, иесінің қолынан ұшып кеткен құсты сату, қашып кеткен асау малды сату, жоғалған затты сату т.б.
  3. Қарызды қарызбен сату. Мысалы: пәленшедегі (қарызға берген дүниемді) саған мынаншаға саттым десе (т.б. сондай-ақ, мысалы, сатушы мен алушы өзара «бір затты бір аптадан кейін бересін, мен де ақшасын бір аптадан кейін беремін» деп келіссе, бұл да «қарызды қарызбен сату» ұғымына кіреді, өйткені, зат – сатушының мойнында қарыз, ал оның ақшасы – алушының мойнында қарыз).
  4. Ғарар саудасы. Ғарар сөзінің тілдік мағынасы – сырты бүтін, іші түтін болған нәрсені айтады. Терминдік мағынасы: бар-жоқы нақты болмаған ықтимал заттарды сату (басқаша айтқанда, ықтималдылыққа сүйеніп сауда келісімін жасасу).  Бұл – жарамсыз сауда. Бұндай келісімшарттың шариғи заңдылығы жоқ... Әрине, мұнда ғарардың "өрескел" түрі назарға алынады. Ал, аз-маз, жеңіл-желпі ықтималдылықтың зияны жоқ. Мысалы, жаңғақтың ішіндегі дәнін сату (немесе пістенің ішіндегі дәнді сату) деген сияқты. Осы орайда, Ғарардың өрескел түріне қазіргі таңдағы лоторея билеттерін сатуды мысал ретінде айтсақ болады (алушы ұтам деген ұзақ ықтималдылыққа сүйеніп, белгілі ақшаға құр қағаз сатып алады)...
  5.  Нәжіс затты және нәжістенген затты сату. (Шариғатта рұқсат етілмеген заттарды сату). Мұндай сауда жүзеге аспайды, жарамсыз болады. Мысалы, шарап сату, доңыз саудасы, өлексе саудасы, қан саудасы т.б. Өйткені,  өлексе мен қан – мал-мүлік болып саналмайды. Шарап пен доңыз болса, ол екеуін пайдалану халал емес шариғатта...
"әл-Муъамәләтуль Мәлийәтуль Муъасыйра" атты кітаптан ықшамдап алынды. 
Аударған: islam.kz 


[1] У. Зухәйли: «әл-Уәжиз. 2/19 бет..
[2] Имам Бұхари, Имам Мүслім, Әбу Дәуід, ән-Нәсәии, Тирмизи т.б. хадисшілер риуат еткен.
[3] Абдурраззақ: «Әл-Мусаннаф». Абдулла ибн Омардан риуаят етілген.
[4] Имам Бұхари, Имам Мүслім, Әбу Дәуід, ән-Нәсәии және Имам Мәлік өзінің «Муаттасында» Абдулла ибн Омардан риуаят еткен.

0 пікір