Адам ата пайғамбар болған ба?
Адам ата пайғамбар болған ба?
4 ай бұрын 2684

Мәлімет Мәтуриди ғалымы Имам Бәздәуидің «Усулуддин» атты еңбегінен аударылып отыр.


Қыбла иелерінің көбі Адам ғалейһиссәләмның "пайғамбар" болғандығын айтады.

Ал Мұғтәзилиттердің кейбірі болса Оның пайғамбар болмағанын көлденең тартқан. Олардың пайымынша: «Алла Тағала Адамды жаратқан кезде, оны пайғамбар ретінде жіберетіндей ешбір адам жоқ еді, пайғамбар болар болғанда, ұл мен қыздары дүниеге келгенде пайғамбар болар еді. Оның үстіне, ол одан бұрын Аллаға қарсы келген-тін. Ол балалары дүниеге келмей тұрып күнә істеді. Ал Аллаға қарсы келуші адам - пайғамбар бола алмайды» дейді олар. Мұғтәзилиттер бұл түсініктеріне: «Шынында Алла Тағала Адамның қарсы келіп, адасқандығын баяндаған, бұл болса, пайғамбарларға тән сипат емес. Пайғамбарлар үлкен күнәдан пәк жандар. Мұнда ижма бар» деген ұстанымды арқау етеді. Мұғтәзилиттердің сенімінше пайғамбарлар барлық күнәдан пәк болулары тиіс.

Ал оны «пайғамбар» деуші көпшілік қыбла иелерінің дәлеліне келсек, оған дәлел Алла Тағаланың мына бір аяты:

«Шынында Алла Тағала Адамды, Нұхты, Ибраһимнің әулетін, Имранның әулетін әлемге таңдады» - дейді. («Әли имран», сүресі, 33). Пайғамбар деген, көпшіліктің арасынан таңдалған адам. Алла Адамды әлемдердің арасынан таңдадым деп тұр. Таңдаулы болу - пайғамбарлардың сипаты. Және де аталмыш аятта Алла Тағала Адам мен Нұхты «таңдау» ісінде бірге айтып отыр. Нұх ғалейһиссәләм - пайғамбарлардың бірі (демек Адам атаның да пайғамбар болғандығы шындық). 

Осы тұрғыда олар (мұғтәзилиттер): «Алла Тағала Ибраһимның ұрпақтары мен Әли Имранның әулетінен де таңдадым деп тұрған жоқ па? Олардың бәрі пайғамбар емес қой» деулері мүмкін. Бұған айтарымыз: олардың ұрпақтарының арасынан пайғамбарлар шықты. Исмаиыл, Исхақ екеуі Ибраһимнің ұрпақтары. Екеуі де пайғамбар тұғын. Мұса ғалейһиссәләм Имранның ұрпақтарынан, ол Имранның ұлы. Пайғамбар еді. Және одан да басқа ұрпақтарының арасынан көптеген пайғамбарлар туындаған болатын. Сондықтан да, аятта «таңдады» деген сөздің астарында араларынан шыққан пайғамбарлары айтылып тұр. Өйткені, сөз жалпы түрде қолданылып, бірақ жалқы түрде айтылып жатады (мұнда да солай).

Сондай-ақ, Адамның балаларының балалары, немере, шөпшек, неменелері дүниеге келіп жатты. Оларға Құдай заңын үйрету қажеттілігі туындады. Ол үшін пайғамбар керек. Осылайша, оның пайғамбарлығы балалары кішкене болған кезде айқындалды. Және де қасында әйелі Хауа бар еді. Хауа да, Адам да құдайдың заңдарын қажет етті. Құдай заңын жеткізер пайғамбар қажет. Осы жөнінен де Адам ата пайғамбар екені айқын еді. Өйткені, Адам ата, Хауа анадан абзалырақ, оның себебі Алла Тағала әйелдерден пайғамбар жібермеген. 

Мұғтазилиттердің «егер пайғамбар болуға лайықты болғанда, Аллаға қарсы келмес еді» деген уәждеріне келсек, бұған былай жауап береміз:

Адам атаның (пейіштегі тыйым салынған жемісті жеп) қарсы келуі - әдейі істелген іс емес, Құдайдың тыйымын ұмытқандықтан болған нәрсе. Алла Тағала Құранда: «Біз алдын Адаммен келіскенбіз. Бірақ Ол (Алланың тыйымын) ұмытты және біз онда табандылықты көрмедік» деп хабар береді. («Таһа», 115). Демек, Адам атаның жемісті жеп, Алланың тыйымын бұзуы - қателік еді және үлкен күнә емес еді. Оның ол қателігі оны пайғамбар болудан шығармайды. Өйткені, пайғамбарлар қателіктерден ада емес. Алла Тағала (Мұхаммед пайғамбарға да қарасты): «Алла сенің келешектегі және өткендегі күнәңді кешірді» деген болатын («Фәтх», 2 аят). (Мұндағы күнә сөзі абайсызда істелген қателіктерді білдіреді). 

Мұғтәзилиттердің «Адам ғ.с. Алланың тыйымына қарсы келмей тұрғанда пайғамбар емес еді, өйткені, ол біреуге пайғамбар болатындай айналада ешкім жоқ тұғын» деген сөздеріне айтарымыз: Адам ата жалғыз емес еді. Қасында Хауа ана бар болатын. Хауа анамыз да Алланың заңын үйретер пайғамбарды қажет қылады және Адам атаның өзі де пайғамбарға мұқтаж, өйткені екеуі Алланың үкімдеріне мұқтаж (сондықтан, Алла Тағала үкімдерді Адамға білдіреді, ал Адам ата Хауа анаға үйреткен, мұның өзі Оның Алланың елшісі болғандығының айғағы)1. 

 А. Қасым 


1  Имам Бәздәуи (рахимаһуллаһ): «Усулуддин». 99 бет.

0 пікір