Әбу Ханифаның ақидаға қатысты өсиетінің түсіндірмесі: Құран – Алланың сөзі. Ол жаратылмаған (4-ЕРЕЖЕ)
Әбу Ханифаның ақидаға қатысты өсиетінің түсіндірмесі: Құран – Алланың сөзі. Ол жаратылмаған (4-ЕРЕЖЕ)
10 жыл бұрын 14407
Абдусамат Қасым

Бисмилләһир рахманир рахим

 әл-Уасия, 4-ЕРЕЖЕ: 
«Құран – Алланың сөзі. Ол жаратылмаған»

 Имам Ағзам Әбу Ханифа (р.а.) былай дейді: Біздің сеніміміз бойынша,
1. Құран – Алланың сөзі және (ол) жаратылмаған. Ол Алланың уахиы, (Мұхаммедтке ғ.с.) түсірген (кітабы).
2. Ол (Құран) - Алла тағаланың өзі емес (сөзі). Одан бөлек емес (өзге емес). Ол - шынайы мағынада Алланың (сөйлеу) сипаты.
3. Ол  (Алланың сөзі) – қағазға (әріптер арқылы) жазылған, тілдерде (әріптермен дыбысталып) оқылған, көкейде сақтаулы, бірақ оларға енбеген  غَيْرُ حَالّ فِيهَا. 
4.Сия, қағаз (жасау), жазу адамның істері болғандықтан, олардың бәрі жаратылған. Ал, Алла Тағаланың сөзі жаратылмаған. Жазу, әріптер, сөздер, аяттар - Алланың сөзін жеткізу құралдары. Оған пенде мұқтаж. (Алланың кәләм) сипаты – Алланың өзінде (одан бөлек емес قَائِمٌ بِذاَتِهِ.).
5. Алланың сөзі аталмыш құралдар арқылы ұғынылады.
6. Кімде-кім Алла тағаланың сөзі жаратылған десе, Ұлы Алланың атымен ант етейін, кәпір болады (немесе Ұлы Алланы жоққа шығарғаны). Алла тағала байырғы болмысынан айнымайтын құлшылық иесі.
7. Оның сөзі Өзінен ажырамаған күйі (مِنْ غَيْرِ مُزَايَلَةٍ عَنْه ) оқылып, жазылған және сақталған.

 Түсіндірме: 

Әбу Ханифаның (р.а.): «Құран – Алланың сөзі. Ол жаратылмаған», - деген сөзінің мәні неде?  

- Алдымен мынаны айта кету керек: «Құран» деп айтқанда бірінші ақылға, мұсылмандардың қасиет тұтатын кітабының атауы келеді. Дегенмен, кейде Алланың сөйлеу сипатын, яғни, кәләм сипатын ұғындыру үшін де «Құран» сөзі қолданылып жатады. Жоғарыда осы соңғы мағынада айтылған. Осы тұрғыда Құран, яғни, Алланың сөзі – жаратылмаған.   

Алланың «сөйлеу сипаты» бар. Ол – мүтәкәллим, яғни, сөйлеуші. Оның сөйлейтін қасиеті өзге сипаттары секілді әзәли, бастауы жоқ, соңы жоқ, мәңгі және жаратылмаған. Егер, сипаттары кейіннен пайда болды, жаратылды десек, Алланы кемсіткен боламыз. Алла барлық кемшіліктен пәк. Сондықтан да, Құран Алланың сөзі және сөйлеу қасиетінің белгісі ретінде, жаратылмаған. 

Жасаған Алланың сөйлеуі адамдар сияқты әріптер мен дыбыстардан құралмаған. Ол өзіне тән сөйлеу қасиетіне ие. Мұны адамдардың сөйлеуімен салыстыруға келмейді. Аллаға ешнәрсе ұқсамайды.

-Бұл сөзді не себепті айтып отыр?

-Әбу Ханифаның (р.а) олай деуінің өзіндік себебі бар. Ертеректе мұсылмандардың арасында «Құран жаратылған ба, әлде жаратылмаған ба?» деген мәселе төңірегінде терең талас-тартыстар бой көрсетті. Соның ішінде Мұғтәзилит ағымдағы мұсылмандар: Құран жаратылған, Өйткені Алла «сөйлеу қасиетін» кейіннен жаратты, одан бұрын Алла «сөйлеуші» емес еді деп пайымдайтын. Мұндай түсінік Алланың пәктігіне нұқсан келтіретіні анық. Өйткені, бұрын сөйлеуші емес деудің астарында, Алла мылқау еді дегендік жатыр. Сол себепті Әһли сүннет ғалымдары қарсы шықты.  

-Мұғтазилит ағымдағы мұсылмандардың әлгіндей тұжырымды көлденен тартуына не себеп болды? 

Деректерге сүйенсек, мұғтәзилиттердің ондай тұжырым жасауына Ислам халифалығының қарамағында өмір кешіп жатқан кейбір жаман пиғылды християн теологтардың уәждері себеп болған екен. Юханна әд-Димәшқи есімді бір християн теолог мұсылмандарды тығырыққа тірейтін кейбір күмәнды пікірлерді жайып, олармен тартысу тәсілін дамытуға тырысты. Атап айтсақ, Құран Кәрімде «Иса – Алланың сөзі» деген аят бар. Енді осы аятты арқау етіп әлгі христиан мұсылмандарға:

- Алланың сөзі қадим ба? Яғни басы жоқ, соңы жоқ, мәңгі мә, жоқ па? - деген сұрақ қойды. Бұл сұраққа мұсылмандар:

- Ия, Алланың сөзі мәңгі, оның бастауы жоқ, соңы жоқ, қадим - деп жауап берді. Сонда әлгі христиан:

-Егер Алланың сөзі мәңгі болса, Иса да мәңгі болуы тиіс. Себебі, Құран: «Иса – Алланың сөзі» - дейді. Демек, Алланың сөзі болып табылатын Исаны мәңгі және жаратылмаған Құдай ретінде көруіміз ләзім – деп Исаның Құдай екендігін дәлелдеуге тырысқан.

Әлгі христианның қойған тұзағынан құтылу үшін мұғтәзилит ағымдағы мұсылмандар «Құран – жаратылған» деуге мәжбүр болған деседі. 

-«Ол (Құран) - Алла тағаланың өзі емес (сөзі). Одан бөлек емес...» - деген сөзін қалай түсінуге болады?

- Алланың сөйлеу сипаты Оның өзі емес. Сипаттары Алланың өзі десек, онда Алладан бөлек, өзге мәңгі құдай бар деген боламыз. Сондықтан, Алланың сипаттарын Оның өзі деп есептемейміз. «Ол – Алланың өзі емес» деген сөздің мәні осында жатса керек.

Сондай-ақ, өзге сипаттары секілді, Алланың кәләм, яғни, сөйлеу сипатын да Жаратушыдан бөліп-жарып қарауға болмайды. Алланың сипаттары Оның өзінде (قَائِمٌ بِذاَتِهِ) бар, одан бөлек емес. Себебі,  сипаттарды бөліп-жарып қарау - сипаттар бұрын жоқ еді, кейіннен пайда болды, жаратылды дегенді білдіреді. Бір сөзбен айтқанда «Алла өзгереді» деумен пара-пар. Өзгеріске ұшырау – Жаратушыға емес, жаратылғандарға тән қасиет. Алла қандай да бір өзгеріске ұшыраудан пәк. Жоғарыда ғалымның «...Одан бөлек емес» деуінің мәні осында.  

-«Ол қағазға (әріптер арқылы) жазылған, тілдерде (әріптермен дыбысталып) оқылған, көкейде сақтаулы, бірақ оларға енбеген (غَيْرُ حَالًّ فِيهَا.). Сия, қағаз (жасау), жазу адамның істері болғандықтан, олардың бәрі жаратылған. Ал, Алла Тағаланың сөзі жаратылмаған...», - деген сөзі нені білдіреді?

-Ертеректе бой көрсеткен теріс ағымдардың кейбірі (әл-Кәррамия): «Алланың сөйлеуі әріптер мен дыбыстардан құралады» - деп сендіруге тырысқан. «Бұнымен қатар Оның (Алланың) сөзі әріптермен дыбысталып, тілмен айтылады. Демек күнделікті көріп, ұстап жүрген, баспадан басылып шығарылған Құранның әрбір әріпі мәңгі, жаратылмаған деп пайымдаған.

Олардың мұндай тұжырымдары – қате. 

  • Біріншіден - Алланың сөйлеуі әріптер мен дыбыстардан тұрмайды. Бұл адамдарға тән ерекшеліктер.
  • Екіншіден – рас, Құран Алланың сөзі және сөйлеу сипатының белгісі ретінде және сөзі ретінде жаратылмаған. Бірақ осыдан келіп, ондағы арапша әріптер де, сия да, қағаз парақтары да мәңгі, олар жаратылмаған дей алмаймыз. Бұлардың бәрі – адамдардың іс-әрекетінен туындаған, жаратылған дүниелер. Құрандағы әріптер және жазулар, оны оқитын тіл, ондағы жазылған сөйлемдер бәрі Алланың мәңгі сөзін бізге білдіру құралдары. Солар арқылы біз Алланың мәңгі сөзімен танысамыз. Оларсыз біз Алланың сөзін білмес едік.  Ғалымның сөзімен айтар болсақ: «Жазу, әріптер, сөздер, аяттар - Алланың сөзін жеткізу құралдары. Оған пенде мұқтаж. (Алланың кәләм) сипаты – Алланың өзінде (одан бөлек емес قَائِمٌ بِذاَتِهِ)». 
  • Үшіншіден – «От» сөзін қағаз бетіне жазған адам, оттың өзі қағазға енді демейді. Өйткені оттың өзі қағазға енсе, қағаз жанып кету керек еді. Ол жерде тек «отты» әріптер арқылы жазып жеткізіп отыр. Алланың сөзі де осы сияқты. 

Қорытындылай келе айтарымыз, кімде-кім Алла тағаланың сөзі жаратылған десе, түбінде Ұлы Алланы жоққа шығарған болады. Өйткені, Алла тағала байырғы болмысынан айнымайтын құлшылық иесі. Ал, Алланың бойында сипаттары кейіннен пайда болды десек, Ол бір күйден, екінші бір күйге ауысты, өзгеріске ұшырады деген боламыз. Бұл түптің түбінде Алла жаратылды дегенге алып келеді. Алла тағала өзінің мәңгі, әзәли болмысынан айнымайды.

Әбу Ханифаның (р.а.) жоғарыда келтірген сөздерінен көбіне сол заманда бой көрсеткен ағымдардың теріс түсініктерін әшкере етуге бағытталғаны көрініп тұр. Ал, біз секілді қарапайым мұсылман үшін, бүгінгі айтылғандардың ішінен ең бастысы мынаны көкейге түйген жөн: «Әһлу сүннет сенімі бойынша, Құран Алланың сөзі және ол жаратылмаған». Қалғаны осы сөздің түсіндірмесі. Ең дұрысы – Аллаға мәлім! (Жалғасы бар).

Әбу Ханифаның бұдан бұрынғы өсиеттерін мына сілтемеден оқи аласыз:  http://www.islam.kz/kk/articles/aqida/   

Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Имам Нуруддин ас-Сабуни – Китәбуль Бидәя минәл Кифәя.
2.Фахрул Исләм Али әл-Бәздәуи – Шархул Фиқһил Әкбәр (Фиқһил Әкбәрдің түсіндірмесі, Ескі баспа, араб тілінде).
3.Алиюл Қари – Шархул Фиқһил Әкбәр. 1998 жыл, Бейрут.
4.Шархул Уасия. (Уәсияның түсіндірмесі, араб тілінде. Ескі баспа. (Авторы белгісіз)
5.әл-Уәсияның қазақша аудармасы. Қазақшаға аударған Қанат Жұмағұл. (Әбу Ханифаның ақидаға байланысты өсиеті. www.ummet.kz/)
6.Книга Имама Абу Ханифы «Аль-Уасия», с комментариямы. Автор: Абу Али аль-Аш’ари. Ислам-Тудей.
7.Әкмәлуддин Мұхаммед әл-Бәбәрти әл-Ханафи: Шархул Уасиятил Имәми Әби Ханифа (Имам Әбу Ханифа өсиетінің түсіндірмесі, араб тілінде). «Даруль Фатх»,2009 жыл.
8.Мула Хусайн ибн Искәндар – әл-Жәуһаратул Мүнифә... (Уасияның түсіндірмесі. Араб тілінде)

1 пікір