Қыл үстіндегі қауіпсіздік: Қазақстанның Қытайдың ырқына жығылғаны рас па?
Қыл үстіндегі қауіпсіздік: Қазақстанның Қытайдың ырқына жығылғаны рас па?
3 жыл бұрын 7296

Қытай су мәселесінде Қазақстанмен ғана келіссөз жүргізеді. Бұл жөнінде malim.kz ақпарат көзі ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлады.

«Мәлік Бүрлібаевтың сұхбаттарында бірлескен комиссия сарапшылардың пікіріне құлақ аспайды деп не себепті айтып жүргені түсініксіз. Қытай өз тарихында бүгінгі күнге дейін өзара трансшекаралық су айдындары  бар 18 елдің ешқайсысымен су бөлу жөнінде бірде-бір халықаралық шарт жасасқан жоқ. Алайда, Қытай су бөлу жөніндегі келіссөздерді тек біздің елмен жүргізетініне баса назар аудару қажет», – деп мәлімдеді экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов.

Бұдан бөлек, Қожаниязов трансшекаралық өзендерге байланысты қазақ-қытай комиссиясы жұмыс істеп жатқанын, осы уақытқа дейін 17 отырыс жасағанын айтты.

Бұған дейін профессор Мәлік Бүрлібаев сұхбаттарында трансшекаралық су ресурстарын пайдалануға байланысты құрылған қазақ-қытай бірлескен комиссиясының Қазақстан тарапының жұмысын бірнеше рет сынаған. Ол 2020 жылы Зона.кз сайтына берген сұхбатында Қазақстанның су мәселесінде Қытайдың ырқына жығылғанын, комиссия басшылары сарапшылар пікіріне құлақ аспайтынын айтқан.

«Қытаймен келіссөздер ауыр, қиын форматта жүрді. Ол алдағы уақытта да солай болады. Олар әркез себепті және себепсіз дискуссия жасап, келіссөздерді мағынасыз әңгімеге айналдырады. Олардың бұны әдейі жасайтыны түсінікті. Қытай трансшекаралық өзендердің бастауында отыр, сол себепті олар келіссөздердің шапшаң жүруіне мүдделі емес. Олар бірінші су ресурстарын игеріп алып, содан соң келіссөз жүргізбекші ме? деген мәселені ойлану қажет. Соңғы уақыттары Қытай Іле су бассейніне 40 су қоймасын, 250-ге жуық су мұнарасын салды. 500 мың гектар жерін сол сумен суаруда. Осы уақыт аралығында Қазақстанда су бөгеттері мен суару құрылғылары қиратылды. Егер Қытайдың ұстанымы шын мәнінде осындай болатын болса, онда Қазақстанды үлкен қиындықтар күтіп тұр. Көп жерде біз өзіміз кінәліміз. Мысалы, өзен суының сапасы өзен ағынының сандық сипаттамаларына байланысты екенін бәрі біледі. Жай сөзбен айтқанда, судың сапасын саннан бөлек қарастыруға болмайды. Біз не істедік?  Қытайлардың ырқына жығылдық. 2011 жылы бұрынғы қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшім Қазақстан үкіметінің атынан қытайлармен трансшекаралық өзен суларының сапасын қорғау және қоршаған ортаны қорғау туралы үкіметаралық келісімдерге қол қойды. Салдарынан судың сапасы жалпы келіссөздер күн тәртібінен шығарылып, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі комиссияға берілді. Енді бұл екі комиссияның арасында өзара байланыс жоқ», – деген Бүрлібаев.

Қазақстанның су қауіпсіздігі мәселесі бұрыннан айтылып келеді. Бірақ, осы уақытқа дейін ресми биліктің аталмыш мәселені шешуге байланысты қандай қадам жасағаны белгісіз. Қазірдің өзінде Батыс Қазақстан облысы су мәселесінде Ресейдің Саратов және Волгоград облстарына тәуелді.

0 пікір
Мұрағат