Құдасына бүйрегін сыйға тартты
Құдасына бүйрегін сыйға тартты
9 жыл бұрын 3444 aktobetimes.kz

Ақтөбе облысында бүйрек алмастыру отасы жасалып, ер кісі сырқат құдасына өз бүйрегін “сыйлады”. 

Бұл туралы aktobetimes.kz-ке сілтеме жасап NUR.KZ хабарлайды.

Қарағандыдан ота жасатуға келген Рустам Мухарлямовке ешбір жақынының бүйрегі сәйкес келмеген. Тек құдасы Қайырбек Түлеубаевтың бүйрегі жарамды болып шыққан. Мұны естіген құда бір бүйрегін беруге бірден келісімін берген.

“Ең бастысы ештеңеден қорықпау керек. Отадан кейін халім жақсы. Жақын адамыңа көмектесу мүмкіндігі бар болса, қол ұшын беру керек. Бізде осындай тамаша дәрігерлер барына разымын”, – дейді Түлеубаев.

Екінші құдасы толықтай айыққанша 15 күн емханада жатады. Оның да жағдайы жақсы.

“Шешек ауруына шалдыққанда бүйрекке кері әсері тиіп кетті. Мен бір жарым жыл бойы гемодиализбен жаттым. Аптасына үш рет төрт сағаттан. Одан кейін тәулік бойы жұмыс істей алмай қаласың. Қарағандыда компанияны басқарамын. Аптасына 3-4 тәулікті сырқатыма бола бос өткізетінмін. Гемодиализден кейін сүйектерім сырқырап, өзімді нашар сезінетінмін. Ем алу үшін Ресей мен Германияға да бардым. Германияда емге 20 мың евро жұмсадым. Алайда еш нәтиже болмады. Мәскеуде бүйрегімді алмастыру отасын жасатпақ едім, Ақтөбеде де жақсы жасалатын болып шықты”, – дейді Мухарлямов.

Рустам екі жыл бойы донор іздеген.

“Менің туысқандарым арасында ешкімнің бүйрегі сәйкес келмейтін болып шықты.  Қан тобы бойынша 13 сәйкестік табылуы тиіс. Құдаммен араласып жүргелі 20 жыл болды. Ол отаға өзі келісім берді. Құдам менен 5 жасқа үлкен. Қазір өзімді жақсы сезінемін”, – дейді Рустам.

1 пікір
Мұрағат