Ел жаңалықтары: Абай - 170 жыл
Ел жаңалықтары: Абай - 170 жыл
9 жыл бұрын 4538 Baq.kz

9-11 қыркүйекте республикалық Абай оқулары өтеді

Семей қаласында және «Абай-Шәкәрім» мұражай кешенінде мектеп оқушылары арасындағы XVI Республикалық Абай оқулары және I Республикалық жыршылар байқауы өтеді. 

9-11 қыркүйек аралығында Семей қаласында және «Абай-Шәкәрім» мұражай кешенінде (Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы) еліміздің мектеп оқушылары арасында XVI Республикалық Абай оқулары және I Республикалық жыршылар байқауы өтеді.
Аталған байқауға 14 облыс пен Астана және Алматы қалаларының жалпы білім беретін мектептерінің, дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған мектеп-интернаттардың 5-11 сынып оқушылары Абай оқуларының және жыршылар байқауының өңірлік кезеңдерінің жеңімпаздары қатысады. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Туады ерлер Ел үшін...» І Республикалық қазақ батырлық эпосы жыршыларының байқауы 9-10 қыркүйекте өтеді.

Байқаудың салтанатты ашылуы Семей қаласының Мәдениет үйінде өткізіледі. Қатысушылар екі номинацияда: «Қайратты туған ер еді...» – қазақ батырлық эпостарын жатқа орындау сайысында және «Алатаудай айбатың, Ер екенсің айтулы» – қазақ батырлар жыры бойынша білім сайысында бақ сынасады.

Ұлы ойшылдың 170 жылдығына арналған XVI Республикалық Абай оқулары 10-11 қыркүйекте өтеді.

Абай оқуларының салтанатты ашылуы Абай ауданы орталығының (Қарауыл селосы) Мәдениет үйінде өтеді. Абай оқулары үш номинацияға бөлінген: «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» - Абай мен Шәкәрімнің шығармаларын жатқа оқу байқауы; «Көңілім әнді ұғады» - Абай мен Шәкәрімнің әндері мен күйлерін орындау; «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» - жас дарындар байқауы. 
Жеңімпаздар І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен, мақтау қағаздарымен және сертификаттармен, сонымен қатар арнайы жүлделермен марапатталады. Аталған іс-шаралар аясында оқушылар Абай ауданындағы тарихи орындармен: М.Әуезовтың туған ауылындағы мұражай-үйімен, Абайдың Жидебайдағы мұражай-үйімен танысады. Олар үшін Еңлік-Кебектің ескерткішінде, Шілікті кезеңінде, Үңгіртаста театрландырылған қойылымдар ұйымдастырылады.

Іс-шараның бастамашысы – Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі.

 

ҚМДБ «Мектепке жол» акциясы бойынша 5253 отбасына көмек көрсетті

Биыл ҚМДБ тарапынан «Мектепке жол» акциясы бойынша еліміздегі 5253 отбасына көмек көрсетілді. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының игі бастамасымен жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында еліміз бойынша мешіттерде «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылып келеді. Бұл туралы діни басқарманың баспасөз қызметінен хабарлады. 

«Биыл ауыл, аудан, қала, облыс мешіттерінің ұйытқы болуымен тұрмысы төмен, ата-ана қамқорлығынан айырылған, жетімдер мен көпбалалы 5253 жанұяға оқуға қажетті құралдар мен әр оқушыға 15-20 мың теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсетілді» делінген баспасөз хабарламасында. 
Атап айтқанда, қайырымдылық шара аясында Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 1572, Алматы қаласында 672, Астанада 669 балаға көмек көрсетілсе, Қарағандыдан 386, Қызылордадан 338, Тараздан 321 бала қайырымдылық акциясына қатысқан. Сондай-ақ, Алматы облысы бойынша 282 бала мен Семейдегі 200 бала көмек алған. «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыс, өңірлердегі 19 өкілдігінде ұйымдастырылды. 
Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы қатысқан игі іс-шара жыл сайын жүзеге асатын дәстүрлі ізгі жобаға айналды. Діни басқарма осынау сауапты бастамаға үлес қосып, демеушілік жасаған дін жанашырларына, мешіт жамағаттарына, жекелеген азаматтарға алғыс айтады. 

Фото: ҚМДБ баспасөз қызметінен.

0 пікір
Мұрағат