Қазақстанда ислами инвестициялық АІ агенті пайда болады
Қазақстанда ислами инвестициялық АІ агенті пайда болады
1 сағат бұрын 65 Материалды көшіріп басқанда islam.kz сайтына гиперсілтеме берілуі міндетті

ITS биржасы жаңа құралдарды дайындап, Парсы шығанағының қаржы институттарымен келіссөздер жүргізіп жатыр.Бұл жайында islam.kz порталы forbes.kz ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді.

2027 жылдың бірінші тоқсанында ITS биржасы инвесторларға шариғат талаптарына сәйкес келетін құралдардан портфелдер іріктеуге көмектесетін АІ-агентті іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл туралы алаңның басқарушы директоры Александр Диаковский хабарлады. Ол сервистің клиентпен түсінікті тілде сөйлесетінін, оның инвестициялық бейінін анықтайтынын және шариғат нормаларына сәйкес келетін құралдардың портфелін ұсынатынын нақтылады. AI-агентті PAIDAX брокерімен, Ailat шариғаттық скрининг компаниясымен және исламдық қаржы жөніндегі сарапшы Мұрат Қылышбаймен бірлесіп әзірлейді.

Агент қалай жұмыс істейді

Пайдаланушы агентке инвестициялық мақсатын, сомасын және салым мерзімін көрсету үшін сұрау сала алады. Сервис қажетті деректерді нақтылайды және клиенттің тәуекелге қатынасын анықтауға көмектеседі. Осы ақпараттың негізінде алгоритм стратегияны таңдайды және портфел бойынша ұсынысты қалыптастырады.

Бұл ретте тілдік модел пайдаланушымен арадағы диалогқа ғана жауап береді. Инвестициялық профил CFA Institute ұсынымдарына негізделген жеке алгоритмді есептейді. Ол тәуекелге көзқарастың алты аспектісін, оның ішінде қаржылық білім мен тәжірибені, инвестордың басымдықтарын, нарықтық ауытқуларды қабылдауды және құлдырау кезіндегі мінез-құлықты ескереді.

Сарапшы түсіндіріп өткендей, алгоритм клиенттерді үш санатқа бөледі: консервативті, орташа және агрессивті. Егер инвестордың жауаптары бір-біріне қайшы келсе немесе тәуекелдің әртүрлі бағалары сәйкес келмесе, жүйе неғұрлым сақтық нұсқасын таңдайды

Портфелге шариғи іріктеуден өткен акциялар, сукук, яғни, әдеттегі облигацияларға балама ретінде пайдаланылатын исламдық бағалы қағаздар, ақша нарығының қорлары мен алтын кіре алады. Нақты құралдың шариғат нормаларына сәйкестігі туралы шешімді Ailat компаниясы қабылдайды. Егер қағаз бұл мәртебеден айырылса, ITS оны қордан алып тастайды.

Активтерді бөлу нәтижесі клиенттің профиліне байланысты болады. Мысалы, ұсынылған моделдік құрылымда консервативті инвестор үшін акциялардың үлесі 35% -ды, қалыпты инвестор үшін - 60% -ды, агрессивті инвестор үшін - 80% -ды құрайды. Портфелдің қалған бөлігін сукук, ақша нарығы қорлары мен алтын арасында бөлу болжанып отыр.

Портфелді іріктегеннен кейін агент инвестициялық тапсырманы қалыптастырады. Бірінші кезеңде клиент оны PAIDAX брокерінің интерфейсінде растауы тиіс. Брокер қаражат пен шектеулердің бар-жоғын тексереді, содан кейін орындау үшін ITS-ке өтінім жібереді.

ITS ислам инвестицияларын қалай дамытады

АИ-агенттің бірінші нұсқасын 2027 жылдың бірінші тоқсанында іске қосу жоспарланып отыр. Оған дейін ITS және PAIDAX пайдаланушының сұрауынан мәмілені орындауға дейін барлық тізбекті толассыз тестілеуді жүргізуі тиіс.

Бұдан ары агент портфелді дербес жинап, оны инвестициялық стратегияға және нарықтық жағдайдың өзгеруіне сәйкес активтердің арақатынасын өзгерте алады. Бұдан басқа, ITS Парсы шығанағы елдерінің ірі қаржы институттарымен келіссөздер жүргізуде және 2027 жылдың бірінші тоқсанында тіркелген кірістілігі бар өтімді құралдар желісін іске қосуды жоспарлап отыр.

Қазір алаңда Alif компаниясының долларлық сукук шығарылымы саудалануда, сондай-ақ, ITSX брокері жұмыс істейді. Бұдан бөлек, биржада ITSS әлемдік акцияларына ETF, SPSK сукукына ETF, SPRE алтын қорлары мен исламдық жылжымайтын мүлік қоры ұсынылған. Сарапшының мәліметінше, ITS Shariah индексі іске қосылғаннан бері 34% -дан аса өскен, ал дивидендтерді қайта инвестициялауды ескергенде оның өсімі 40% -дан асты.

Сарапшы Мұрат Қылышбай әлемдегі исламдық қаржы нарығы 2025 жылы 6,5 трлн. долларға жетіп, бір жыл ішінде 9% -ға ұлғайғанын айтты. ICD және LSEG болжамы бойынша 2030 жылға қарай оның активтері 10,5 трлн доллларға дейін өсуі мүмкін. Қазіргі уақытта исламдық қаржы өнімдері 98 елде ұсынылған.

LSEG деректері бойынша 2025 жылдың соңында шариғат нормаларына сәйкес келетін акциялардың жиынтық құны шамамен 40 трлн доллар немесе акциялардың әлемдік нарығындағы капиталдың 24% -ын құрады. Исламдық инвестициялық қорлардың мөлшері бір жыл ішінде 37% -ға өсіп, 223 млрд. долларға дейін жетті

LSEG дерегіне қарағанда, Қазақстан Орталық Азиядағы ислам қаржысының ірі нарығынаа айналған. 2025 жылы осы өңірдің ислами қаржы секторының активтері 962 млн долларға бағаланды, оның 660 млн долларға жуығы қазақстандық екі банкке тиесілі.

 

0 пікір
Мұрағат