Қазақстанда қанша адам соқырлық дертімен тіркелген
Қазақстанда қанша адам соқырлық дертімен тіркелген
3 жыл бұрын 2282

Қазіргі уақытта компьютер, планшет, смартфон және өзге де гаджеттер қызмет барысында ғана емес, өмірімізге түбегейлі дендеген таптырмас көмекші құралға айналғаны белгілі. Алайда, пайдасы орасан болғанымен гаджеттердің күрделі проблемалардың көзі екені де аян, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Компьютерлендіру ғасырында қазақстандық оқушылардың көру қабілеті айтарлықтай төмендеп келеді. Дәрігерлер егер тиісті шара қолданылмаса, онда бүгінгі оқушылардан офтальмологиялық патологиясы және мүгедектік пайызы тым жоғары жастардың тұтас буыны қалыптасатынын айтып дабыл қағуда.

Статистика қазірдің өзінде жаға ұстатарлық деңгейде – мектеп табалдырығын өте жақсы көру қабілетімен аттаған бірінші сынып оқушыларының 100 пайызының мектеп бітіргенге дейін тек 20-30 пайызында ғана көру қабілеті жақсы сақталады екен. Ал оқушылардың 70-80 пайызында көру жүйесінің түрлі бұзылыстары, ең алдымен, миопия (алыстан көрмеу) байқалады. Мектепте балалар уақытының көп бөлігін жыл өткен сайын күрделене беретін мазмұнды оқу бағдарламасын меңгерумен өткізеді, ал сабақтан бос уақытта гаджеттерге деген құштарлық жағдайды одан сайын күрделендіре түседі. Жаһандану ғасырында офтальмологияда тіпті, компьютер, планшет және смартфондарға деген тәуелділіктен туындаған жаңа диагноздар пайда болған, мысалы, «компьютерлік визуалды синдром».

Бұл проблема тек Қазақстанға ғана емес, әлемнің көптеген елдеріне де тән. Алыстан көрмеу немесе миопия, жалпы алғанда, планетада ең көп кездесетін көру қабілетінің бұзылуы, қазір адамзаттың төрттен бір бөлігі аталмыш дерттен зардап шегеді. Егер ауру осы қарқынмен дамитын болса, онда мамандардың пікірінше, келешекте әлем халқының үштен бірі көзілдірікке тәуелді болады. Миопия көбінесе, мектеп жылдарында дами бастайды, өйткені, бұл кезде балалар көп уақытын оқулыққа арнап, көз майын тауысуына тура келеді.

Көз ауруын байқамай, асқындырудың соңы – су қараңғы соқырлық. Көзіндегі қысымнан кез келген адам глаукомаға шалдығуы мүмкін. Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институты Нұр-Сұлтан қаласындағы филиал директоры Айгерім Төлетова су қараңғылық дейтін бұл дерттің дәрігерге уақытылы қаралмауы салдарынан болатынын айтады.

Көз ауруын байқамай, емделмей жүре беретіндер бар. Глаукоманың, жас ерекшелігіне байланысты дамитын макулодистрофияның, гипертониялық және диабеттік ретинопатияның, дегенеративті миопияның, көздің қабыну ауруларының, шала туған балалардың ретинопатиясының бірден бір себебі дәрігерге уақытылы қаралып, емделмеуінде жатыр. Көздің жиі қызаруы, жасаурауы компьютер, смартфонға деген құштарлыққа байланысты болуы мүмкін. Көз – үлкен ағзаның кішкентай ғана бөлігі. Десек те, егер жалпы ағзаның жағдайы жақсы болса, көздің де жағдайы түзеледі. Егер ағзада созылмалы аурулар немесе қажетті дәрумендер мен қоректік заттардың жетіспеушілігі байқалса, бұл көзге де тікелей әсер ететінін ұмытпау керек. Сонымен қатар, қазір қолында смартфоны, алдында ноутбугі, компьютері жоқ адамды кездестіру қиын. Бар жұмысымыз осы техника түрлерімен тікелей байланысты болғандықтан, еш ажырамаймыз. Мұның соңы «компьютерлік визуалды синдромға» алып келеді. Ол көздің құрғауымен, қабынуымен, талып шаршауымен, рефракцияның күшеюімен байқалады. Ал, бұл өмір сүру сапасына айтарлықтай әсер етеді, - дейді ол.

Елімізде соқырлық дертімен тіркелген 56 000 адам бар

Ресми мәліметтер бойынша, елімізде соқырлық дертімен тіркелген тұрғындар саны 56 000-нан асады, оның 18 000-ы бала. Соқырлықтың негізгі себептері – глаукома, дегенеративті миопияның асқынуы, гипертониялық және диабеттік ретинопатияның асқынуы. Әлем елдеріндегідей, Қазақстанда да көз ауруларының кең тараған түрлері қатарында – катаракта, глаукома, рефракция ақаулары (миопия), жас ерекшелігіне байланысты дамитын макулопатия тұр.

Айгерім Серікбайқызы сәбилерде болатын туабітті соқырлық жағдайына бірнеше себеп барын айтады.

Сәбилердегі соқырлық туабітті көз ақауларына байланыста болады, яғни, көру жүйесінің туабітті патологиясы, тамырлы қабаттың туабітті ақауы, ұрықтағы көзішілік қабынудың асқынуы. Сонымен қатар, қазіргі таңда шала туған балалардың ретинопатиясы да жиі кездеседі. Егер шала туған балаларда ретинопатия дер кезінде анықталып, уақытында емделмесе, бұл да нәрестелерде кездесетін соқырлықтың себебі болуы мүмкін. Жалпы, балалар арасында кең тараған көз аурулары қатарында рефракция ақаулары (миопия, гиперметропия, астигматизм), қылилық, көз бетінің (қабақтың, конъюнктиваның) қабыну аурулары (блефарит, конъюнктивит) алға шығады, - дейді дәрігер.

МӘМС-те көз ауруларын емдету тегін

Елімізде Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі енгізілгелі бері түрлі консультациялық-диагностикалық тексерулер, жоғары технологиялық медициналық қызметтер, күрделі оталардың кейбірі қолжетімді. Алайда, халық МӘМС аясында көз ауруларын емдетуге, күрделі ота жасатуға болатынынан хабарсыз. Глаукоманың түрлі кезеңдері, көздің алдыңғы және соңғы бөлігінің күрделі патологиялары, катаракта, көз бұршағының орнынан қозғалып кету жағдайлары, көздің туабітті ақаулары сияқты т.б. көз ауруларына қатысты жасалатын жоғары технологиялық медициналық көмек, күрделі оталар МӘМС бойынша ауруханаларда халыққа қолжетімді.

Айгерім Төлетова МӘМС аясында ота жасатқысы келетін пациенттерге оның жолдарын түсіндіріп берді.

Отаға дейінгі дәрігердің консультациясы-кеңесі, анализдер, түрлі аппараттарда тексеру және т.б. шаралар тегін жасалады. Ең алдымен, пациент міндетті түрде жергілікті емханаға барады. Қажетті зерттеулерден өткеннен кейін ауруханаға жатқызу бюросының порталына тіркеледі. Портал таңдалған ауруханаға түсетін күнді автоматты түрде анықтайды. Пациентке ауруханаға жатқызу талоны және қажетті анализдердің нәтижесі беріледі. Осы құжаттармен талонда анықталған уақытта науқас таңдалған ауруханаға келіп, қарсы көрсетілімдер болмаған жағдайда ауруханаға жатқызылады. Айта кету керек, 2020 жылы тек Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалында МӘМС бойынша шамамен, 4000 адам емделіп шықты, бәріне жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетілді, - деді ол.

«Шөберелерімді көре алмай кететін болдым...»

Дәрігер әр пациентке қатысты емдеу әдісі ерекше жасалатынын атап өтті.

Біз республикалық маңызы бар аурухана болғандықтан, күрделі патологиялармен жиі бетпе-бет келеміз. Есте қаларлық жағдайлар да өте көп. Ауруханамызға бірде 96 жастағы ақсақал жүгінді. Екі жанарының сөнгеніне бірталай жыл болған екен. «Шөберелерімді көре алмай кететін болдым-ау» деген алаңы да бар. Клиникамызда ақсақалдың көзіне ота жасалды. Жасы келген атаның отасы да өте күрделі еді. Соңында ем нәтижелі болып, ақсақалдың батасын алғанбыз, - дейді ол.
Көз дәрігеріне жылына бір рет қаралу керек

Мамандар көз дәрігеріне жылына бір рет қаралып тұру жеткілікті екенін айтады. Әрине, азаматтың қандай да бір тіркелген диагнозы болса, тексерулердің жиілігі дәрігердің ұсыныстарына байланысты болады. Ал, жалпы, саламатты өмір салтын ұстану, көз гигиенасын сақтау, қажетті жағдайда дәрігердің нұсқаулығын уақытылы орындау – көз ауруларының алдын алудың негізгі шарты саналады.

Көзге мектеп қабырғасынан-ақ тиісті деңгейге жағдай жасалмаса, мұның түбі офтальмологиялық операцияға жол салады. Ал, мұндай ота ең қымбат оталардың қатарында. Көру қабілетін бала кезден қорғау, оқушыларға уақытылы профилактика мен терапия жүргізу арқылы ғана болашақта қазақстандықтардың жаппай миопиясының алдын алуға болады.

0 пікір
Мұрағат