Елімізде азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы құрылды (видео)
Елімізде азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы құрылды (видео)
8 жыл бұрын 3101 24.kz

Ал оның бас ассамблеясына Қазақстан төрағалық етеді. Бұл туралы бүгін елордада өткен азық-түлік қауіпсіздігі және ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі Ислам ынтымақтастығы ұйымы министрлер конференциясының VII сессиясында белгілі болды. Қазақстан азық-түлікпен қамтамасыз етуде жоғары әлеуетке ие. Соңғы 5 жылда ұн мен астық экспорттау бойынша мемлекетіміз алдыңғы қатарда көш бастап тұр. Сондықтан құрылған ұйымның штаб-пәтерінің Астанада орналасуы кездейсоқ емес. Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы қолайлы көлік-логистикалық маршруттарды құрып, азық-түлік қорын қалыптастыруды көздейді. Бұл қадам арқылы бағаның шарықтауына жол бермеу міндеттерін орындайды. Сонымен қатар, ұйымға мүше елдер арасында азық-түлік жеткізуде шығын азаймақ. Ұйымға әзірге 31 мемлекет кірді. Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымын құру бастамасын алғаш рет 2011 жылы Нұрсұлтан Назарбаев көтерген болатын. Елбасының сессияға қатысушыларға жолдаған үндеуін ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов жария етті. Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі: - Ұйымның тұрақты жұмыс органы Астанада болады. Хатшылықтың бас директоры болып Қазақстан Республикасынан Ержан Жалмұханов мырза сайланды. Көрсетілген тағайындаулар Елбасының бастамасын жүзеге асыру үшін өте маңызды болып табылады. Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы өз жұмысын жақын уақытта бастайтын болады. Ахмад Мохамед әли әл-Мадани, Ислам даму банкінің президенті: - Келісімге қол қоймаған өзге елдерді ұйымға мүше болуға шақырамыз. Олар жақын уақытта қатарымызға қосылатынына сенемін. Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі жалпы әлем үшін маңызды. Қазақстан бұл салада қарқынды жұмыс жүргізіп келеді. Біз сіздердің бастамаларыңызды қолдауға дайынбыз. Ауыл шаруашылығындағы түрлі мәселелерді шешу енді осы ұйымға жүктеледі. Сонымен қатар, басқосуда су шаруашылығы саласындағы екі жобаны іске асыру үшін Ислам даму банкінен қаражат тарту туралы келісімге қол қойылды. Бөлінетін қаржы – 75 млн доллар. Бұл ақша ауылдық елді мекендерді ауызсумен қамтасыз етуге, құбырларды жаңғыртып, су стансасын салуға жұмсалмақ.

 

0 пікір
Мұрағат