Қазақ тарихы Мысырда паш етілді (фото)
Қазақ тарихы Мысырда паш етілді (фото)
8 жыл бұрын 5489

Сәуір айының 28-жұлдызында Қазақстан үшін тарихта үлкен әріптермен жазылатын айтулы оқиға орын алды. Мысыр Араб Республикасы Жоғары білім министрлігіне қарасты әл-Бақури оқу орнында жерлесіміз теолог, дінтанушы, ғылым зерттеушісі Мәлік Төлебайдың ұйымдастыруымен қазақ тарихын баяндайтын Қазақстан бұрышы ашылды. Өзінің тамырын XX ғасырдың II ширегінен бастау алатын аталмыш білім ордасы заманға сай мамандар даярлаудан әлемдегі жетекші  оқу орындарының бірі болып саналады. Ол жерде білім алушылар, өз кезегінде, ғасырымыздың, қай салада болмасын, бетке тұтар ұстаздарынан дәріс алу мүмкіндігіне ие. Атап айтар болсақ:

  1. Құқық саласының докторы, профессор, әлемде өзіндік орны бар, белгілі адвокат Махмұд Сақа;
  2. Мысыр елінің бұрынғы муфтиі, шариғат ілімдерінің докторы, профессор Наср Фарид Уәсил;
  3. Ислам ғылымдарының ішінде хадис ілімінің докторы, профессор, әл-Азһар университетінің бұрынғы ректоры Омар Хашим;
  4. Мысыр елінің муфтийі, шариғат ілімдерінің докторы, профессор Шауқи Ғұлам, т.б.

Екі ел арасында достастық символының бір бөлшегі ретінде ашылған Қазақстан бұрышы білім ордасының көркіне көрік қосып тұрғандай. Бұрыш өз кезегінде қазақстанның ежелгі және осы заманғы сәулет өнеріне бай мешіттері бейнеленген суреттерді және тарихымызды баяндайтын мүсіндерді қамтиды.

Әл-Бақури білім ордасының ректоры, доктор, профессор Ахмет Мұхаммед Рифат және дінтанушы Мәлік Төлебай

Ғимараттың 1-қабаты. Түркістан қаласындағы тарихи мекендер: Қожа Ахмет Йассауи және Арыстанбаб кесенелері. Бас қаламыз Астананың сәнін келтіріп тұрған Әзірет Сұлтан және Нұр Астана мешіттері

Ректордың Қазақстанға деген ыстық ықыласы ретінде өз кабинетінің жанынан арнайы орнатқан бұл сөреге әртүрлі мүсіндер қойылды. Жүк тасымалы бойынша туындаған аздаған проблемаларға байланысты сөрені толтыру керек болған заттар, өкінішке орай, әлі де елімізде.

Тағы бір қуанарлық жайт университетке кірген сәтте ғимараттың ең негізгі жарнама теледидарынан қазақстан жайлы бейнероликке көзіңіз түседі.

Иә, қазақ дәстүріне, салтына және де әдет-ғұрпына мүлдем жат араб әлемінде аз да болсын Елімізді танытатын бұрыш жасау, әрине, оңай іс болмағаны анық. Бұл берекелі де киелі істе Мәлік ұстаздың шәкірттері де аянып қалмады. Атап айтатын болсақ: Нәрібек Бағлан, Өмірбек Mағжан, Қырықбаев Айбек бауырларымыз өз кезегінде 2 қабатты безендіріп тұрған стендтерді жасауда атсалысқан болса, қазақтың тарихынан сыр шертетін бейне роликті Асқаров Бақытжан жасады.

Көрме соңында екі ел арасында достастықты нығайтуда өз үлесін қосқаны үшін Мәлік Төлебай құрмет грамотасымен және ректордың арнайы сыйымен марапатталды.

Әл-Бақури білім ордасы қазіргі таңда «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетімен тығыз байланыста. «Нұр-Мүбарак»  университетін тәмәмдаған әрбір студент өз білімін осы жерде жалғастыру мүмкіндігіне ие.

«Отаның үшін еңбек етсең, халықтың сүйген ұлы боласың» демекші жұрт дегенде жұмылып, ел дегенде егілетін, қайда жүрсе де Қазақстанымыздың атын шығарып жүретін бауырларымыз көбейе берсін.

0 пікір
Мұрағат