Астанада азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы құрылады
Астанада азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы құрылады
8 жыл бұрын 2640 Baq.kz

Сәуір айының 28-і күні Астана қаласында Азық-түлік қауіпсіздігі және ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі Ислам ынтымақтастығы ұйымы министрлерінің конференциясының жетінші сессиясы өтеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Көшербаев айтты.

"Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымын құру бастамасын 2011 жылы Ислам ынтымақтастығы ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-сессиясында мемлекет басшысы көтерген болатын. Екі жылдан кейін ИЫҰ-ға мүше мемлекеттердің 30 сарапшысы Астана қаласында өткен үкіметаралық эксперттік отырыста жарғылық құжаттың жобасын келісті. Бүгінде құрылғалы отырған ұйымның жарғысын ұйымға мүше 24 мемлекетті бекітіп, қол қойды. Енді 28 сәуір күні Астана қаласында Азық-түлік қауіпсіздігі және ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі Ислам ынтымақтастығы ұйымы министрлерінің конференциясының жетінші сессиясы өтеді. Конференция шеңберінде азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымы (АҚИҰ) Бас ассамблеясының құрылтайшы сессиясы өткізіледі", - дейді Е. Көшербаев.

Вице-министр жаңадан құрылып жатқан ұйымның алдағы жоспарларымен де бөлісті.

"Аталған ұйым мүше мемлекеттерге ауыл шаруашылығын, ауылдық жерлерді, азық-түлік қауіпсіздігін және биотеxнологияны тиімді дамытуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, әр түрлі аспектіде теxникалық ноу-xоу және тәжірибе беріп, тұрақты әлеуметтік байланысты қамтамасыз етуді көздейді. Одан бөлек топырақтың сорлануы, орман алқаптарының азаюы және шөл-шөлейт мәселеріне қатысты сұрақтарды шешуге бағытталмақ. Азық-түлік қауіпсіздік саласында бағалау және мониторинг жүргізуді жоспарлап отыр. Мұнымен бірге сәйкесінше теxнологиялармен алмасу арқылы ортақ ауыл шаруашылығы принциптерін координациялап, жүзеге асыруды жоспарлауда", - дейді ол. 

0 пікір
Мұрағат