Қарағаш ауылында мешіт ашылды
Қарағаш ауылында мешіт ашылды
9 жыл бұрын 3831

Бүгінгі күні Солтүстік Қазақстан облысында мұсылмандардың рухани дәстүрін дамыту жолында жұмыс істеп тұрған 65 мешіт бар. Қасиетті жұма күні  тағы бір мешіт халық игілігіне берілді. Тайынша ауданындағы Қарағаш ауылында Жұмжұма молда атындағы мешіттің ашылу салтанатына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Маямеров, Солтүстік Қазақстан облысының әкімінің орынбасары Айдарбек Сапаров және еліміздің белгілі қоғам қайраткерлері қатысты.

Елбасы биылғы 11 қараша күнгі Қазақстан халқына Жолдауында: «Тұрақтылық пен келісім дегеніміз не? Ол отбасылық әл-ауқат, қауіпсіздік, баспана. Бейбітшілік – ол әке мен ана қуанышы, ата-аналар денсаулығы және біздің балаларымыздың бақыты», – деді. Олай болса, дініміз тұрақтылық пен береке–бірліктің рухани тірегі. Көп ұлтты Қазақстан елінің тыныштығы мен ынтымағын нығайтуға діннің өзіндік үлесі зор. Сондықтан имандылық ордасы ешқашанда көптік етпейді.

Бұл мешітті Қазақстан Республикасы Парламенті сенатының депутаты, осы ауылдың тумасы Жабал Ерғалиұлы салдырды.

Меймандар бұл мешіттің діни ахуалдың тұрақтылығын сақтау, исламның шынайы құндылықтарын дәріптеу және халқымыздың рухани дамуына ықпалы зор болатындығына сенім білдірді. 

СҚО «Қызылжар» орталық мешітінің баспасөз қызметі

0 пікір
Мұрағат