Әлем бойынша діни саладағы ең басты проблема
Әлем бойынша діни саладағы ең басты проблема
6 жыл бұрын 3616 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Мәскеу қаласында "Әлемдегі діни бостандық. Диалогқа жол" тақырыбында халықаралық жиын өтті. Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының, әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарының, Еуроодақтың, сондай-ақ, ислам, христиан, будда және иудаизмнің көрнекті өкілдері қатысқан айтулы шараны Ресей Федерациясы жанындағы діни бірлестіктермен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес төрағасы әрі РФ президенті әкімшілігінің жетекшісі Антон Вайно мәлім етті. Сонымен, оның айтуынша, бүгінгі таңда әлем бойынша діни саладағы ең басты проблема ар-ождан бостандығына қатысты құқықтың сақталмауында жатыр. Әсіресе, түрлі саяси әрі діни факторларға байланысты қарулы қақтығыс жүріп жатқан аймақтарда діндарлардың құқығы жиі аяққа тапталады. Сондай-ақ, түрлі экстремистік әрі деструтивтік ағымдарға жол бермеу мақсатында зайырлы мемлекеттер тарапынан қолға алынып жатқан шаралардың шикілігі де өз кезегінде діни ахуалға теріс әсер етуде. Яғни, билік тарапынан асыра сілтенген радикалды шаралар да ең әуелі діндарлардың құқығының сақталмауына жол ашып отыр. Сонымен қатар, әлемнің әр түкпіріндегі діни азшылықты құрайтындардың зорлық-зомбылық пен қуғын-сүргінге ұшырап отырғаны да оларды халықаралық қорғау тетіктерінің әлсіздігін көрсетіп отыр. Сондай-ақ, кейінгі кезде интеграция мен ғаламдасуға, миграциялық процеске байланысты бас көтерген исламофобиялық әлеуметтік жат құбылыс та мұсылмандардың құқығын шектеп отырғаны жасырын емес. Дінді желеу еткен түрлі саяси науқандар да ең алдымен діндарларға таяқ болып тиюде.

0 пікір
Мұрағат