Таяу Шығыс және Қытай
Таяу Шығыс және Қытай
4 жыл бұрын 4484 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Адамзаттың бестен бірін асырап отырған Қытайдың соңғы ширек ғасырда өз жұмысшыларының жалақысын төрт есеге дейін көтеруге қол жеткізгенін таңдана жазыпты ағылшын экономисі Ричард Вольфф. Бұған қоса, Біріккен Ұлттар Ұйымы келтірген дерекке қарағанда, Қытайдың билік тізгінін ұстаған коммунистік партиясы 850 млн ел тұрғынын кедейлік қамытынан шығара алған. Тек өз экономикасы мен әл-ауқатын жақсартып қоймай, әлемнің көптеген елдеріне млн-дап, млрд-тап инвестиция құйып, тұралап қалған экономикасына серпін беруде. Әлбетте, бұл арада Қытайдың қандай мақсатты көздегені турасында сөз болып отырған жоқ. Бұл өз алдына бөлек басқа тақырып әрі кезінде Қытайдың ғасыр жобасы атанған «Бір белдеу – бір жол» деп аталатын тарихи Жібек жолының осы заманғы жаңғыртылған нұсқасына қатысты талай жариялаған талдау материалдарымызда кеңінен жіліктеп талдап бергенбіз. Сөз жоқ, Қытайдың дамуы өз кезегінде оның ықпалын арттыратын фактор ретінде ескеріледі: Қытайдың даму моделі АҚШ-тың агрессивтік сипаты басым капиталистік жүйесіне қарсы қоятын баламалы үлгі ретінде қарастырылуда. Қызды-қыздымен Қытай екінші дүниеүзілік соғыстан кейін жарты әлемді «ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында» ұстаған АҚШ-ты ығыстырып, әлемдік нөмірі бірінші супердержава атанады деп алдын ала жаһанға жар салып жүрген сарапшылар пікірі қаншалықты шындыққа сәйкес келеді? Сарапшылардың бұл жорамалын тынышы қашқан әрі ірі державалар арасындағы ойын алаңына айналған Таяу Шығыс мысалымен түсіндіріп, тарқатып көрейік. Соңғы жылдары бұқаралық ақпарат құралдарында сарапшылардың аузымен АҚШ-ты Ресей мен Қытай Таяу Шығыстан ығыстырды деген пікірлер жиі айтылып жүр. Күллі Еуразия құрлығындағы мұнай шикізаты мен газдың мол қоры шоғырланған (әлемдік мұнай мен газдың шамамен  65%-ы) Таяу Шығыстың төрткүл дүниенің төрт тарабына шығуға қолайлы географиялық ендікте орналасуы да аталған аймақтың стратегиялық маңызын арттыра түседі. Оның үстіне, Таяу Шығысқа географиялық орналасуы жағынан АҚШ-қа қарағанда Қытай мен Ресей жақын орналасқан. Бұл да аталған екі державаның аталған аймаққа ықпал етуде маңызды рөл ойнайтынын айта кету керек. Десе де АҚШ Таяу Шығыста негізгі мақсаты мен мүддесін жүзеге асыра алды. Бас-басына атап берсек:

  1. Таяу Шығыстағы өзінің ең сенімді серігі Израилдің қуатты мемлекетке айналдыра алды;
  2. Йемендегі соғысты жалғастырады;
  3. Иранды санкция астында қалдырып, күшеюіне жол бермеуге тырысады;
  4. Саудияда, Иракта және Ауғанстанда әскери әлеуетін сақтап қалуға тырысады;
  5. Сирияда 20-ға тарта әскери базасын ашып алды;
  6. ОПЕК-ті ықпалын кемітіп, мұнай бағасын өз бақылауына алуға талпыныс жасайды;
  7. Парсы шығанағындағы әскери контингтентін арттырады.

Ал аталған аймақта соңғы жылдары ықпалы артып келе атқан Қытай Таяу Шығыста саяси амбициясынан гөрі прагматикаға негізделген экономикалық мүддесін алға шығаруымен ерекшеленеді. Бұл сөзімізге Таяу Шығысқа Қытайдың құйған инвестиция мөлшері 123 млрд долларға жуықтап қалғаны куә бола алады. Қытайдың Таяу Шығыстағы жетістектерінің мынадай сырлары бар:

  1. Батыс елдері секілді Таяу Шығыс елдерін отарлаған кезі жоқ әрі империялық кеудомсоқтық танытпайды. Бұған қоса, Қытай аталған аймақта «өркениеттер қақтығысына» - будданы исламға қарсы қоюға жол берген емес. Батыс елдері секілді. Мәселен, иудаизмді исламға қарсы қою, крест жорығы секілді.
  2. Батыс елдері секілді «берсең - қолыңнан, бермесең – жолыңнан» дейтін принципті емес, «береген қолым – алаған», яғни, тең құқылы сауда-саттық пен экономикалық байланыс құруға талпынады. Яғни, Қытай қанша дегенмен азиялық менталит болғандықтан мұндай қатынасты батыс жұрты түсіне бермеуі мүмкін.
  3. Сыртқы саясатындағы «мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықта» Маркстің немесе басқасының идеологиялық көзқарасын таңбайды.

Осы айтылғандардан бөлек Қытай ықпалын арттыру үшін ешуақытта батыс елдері секілді стратегиялық аймақтарды милитаризациялау (экономикада әскери секторды пайдалану) арқылы жүзеге асырмайды. Есесіне, тарихи тамыры бар Жібек жолы секілді ғаламдық жобаларға басымдық береді. Тарихтағы ең ірі инфрақұрылымдық жобаға Қытай әлемнің 80 елінде 400 млрд-тай инвестиция құйып тастапты. Әлбетте, әскери-өнеркәсіп кешені құрылымдық экономиканың бір бөлшегі болып табылатындықтан қару-жарақтың әлемдік нарықтағы экспортының үлесі 36% құраса, соның 5,2%-ы ғана Қытай еншісіне тиесілі екен. АҚШ-қа немесе батыс елдеріне қарағанда Қытай ресурсқа ие болу үшін түрлі сылтауды алға тартып, санкция салмайды. Қытай ешкіммен бәсекелеспейді, алайда, ірі державалар Қытаймен бәсекелесуге тура келеді. Өйткені, Қытай арнасына сыймаған ішкі әлеуетін өзге елдерді жүзеге асырып, өзінің де, өзгелердің де дамуына жағдай тудырады. Мәселен, әлемде Қытай секілді несие берген бірде-бір ел жоқ: интернеттегі статистикалық мәліметтерге үңілсеңіз, бұған көзіңіз жете түседі: әлемнің 150 еліне 1,5 трлн сомасында ссуда мен коммерциялық несие беріп тастаған. Қытай АҚШ-ты алмастыруға тырыспайды да, қайта АҚШ-пен қандай да бір қақтығысқа жол бермеуге тырысады. Тіпті, өзінің экономикалық мүддесіне қайша келсе де Иранға қарсы АҚШ-тың санкциясына қосылды. Мұнда да Қытайдың АҚШ-тағы бизнесі зардап шекпесі үшін барды. Яғни, бұл шешімінде де прагматикадан ауытқыған жоқ. Есесіне АҚШ тарапынан Иранға санкция салуының бір ұшы осы Қытайдың Ирандағы ресурсқа апаратын жолын кесіп, дамуын тежеуге саяды. Қытай АҚШ-тың Таяу шығыстағы мақсаты мен мүддесіне келетін қандай да бір әрекетке барудан сақтанады. Барынша бейтарап: өткен жылдың желтоқсан айында Парсы шығанағында Қытай-Иран-Ресей әскери жаттығу өткізгенін АҚШ-қа қыр көқрсетуі деп бағалағандардың аузына құм құйды - артынша АҚШ-пен одақтас Саудиямен де Қытай әскери жаттығуын өткізді. Қытай Палестина дағдарысында да бейтарап қалып отыр: Палестина мемлекетінің құрылуын қолдайда, сонымен қатар, АҚШ-тың аталған аймақтағы мүддесін жүзеге асыратын Израилмен де арақатынасы жақсы – израилдік әскери құрал-жабдықтарды сатып алғанымен қоймай, 2015 жылы қытайдың Shanghai International Port өнеркәсібі Израил аумағындағы Хайфа айлағын пайдалану туралы келісімге келгенін ұмытпаңыздар. Қытай экономикасы жетістігінің анау айтқандай бәлендей құпиясы жоқ: жең ұшынан жалғасқан сыбайласқан жемқорлыққа қарсы ымырасыз күрес пен коммунистік партияның экономикалық жобаларға қатысты стратегиялық шешімдері бұл елді алып державаға айналдырды. Мәселен, қаражатты офшорға шығармайды, т.б. Есесіне ел тұрғындарын кедейлік қамытынан шығаруға жұмсайды, елді дамытуға арналған түрлі жобаларға құяды, т.б. Осы орайда әлемдегі алпауыт компаниялар мен трансұлттық корпорациялардың табысын тасқаяқтай қағыстырып шотқа салатын беделді Fortune Global 500 рейтингісі бойынша энергетика, банк ісі, телекоммуникация, теміржол секілді экономиканың негізгі күретамырлары болып табылатын табысы аса жоғары 15 компания мемлекет меншігінде екенін айта кетпеске болмайды. Қытай осылайша ең алдымен әлеуметке бағдарланған «социалистік элементі бар реформаларымен» аты озды. Қытай «Бір белдеу – бір жол» ғаламдық жобасына қатысушы елдерге қарыз бергенін жоғарыда айтып өттік. Forbes журналы өткен жылы Қытайдың соңғы 18 жылда бірқатар елдің жалпы сомасы 9,8 млрд долларға жететін қарызын кешірген. Соның ішінде айдаладағы Кубаның да қарызын кешірген. Ал Еуропалық одақ қайтты? Құрамындағы Греция дағдарыста қалғанда қарызын кешіре алмады.

(ықтимал жалғасы бар)

0 пікір
Мұрағат