Ислам әлеміндегі дәстүрлі билік жаңа альянсқа ауысуы мүмкін
Ислам әлеміндегі дәстүрлі билік жаңа альянсқа ауысуы мүмкін
4 жыл бұрын 3253 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Бүгінгі таңда әлемдегі ықпалды үш мұсылман мемлекеті, атап айтқанда, Түркия, Малайзия және Пәкістан елдері арасындағы қатынас бірыңғайда жаңа белеске көтеріліп келеді. Экономикалық мүддеден бұрын геосаяси сипаты басым қатынастың астарында ислам әлемін барынша бәсекелестікке төтеп беретін ықпалды күшке айналдыру мұраты жатқанын аңғара аласыз. Енді-енді қалыптасып келе жатан аталмыш альянстың беталысынан ислам әлеміндегі биліктің дәстүрлі араб орталығынан өзге күштерге ойысқанын да байқайсыз. Тек аталған үш мемлекет қана емес, сонымен қатар, арабтардың ықпалды елдері терроризмге демеу болды деген желеумен дипломатиялық қатынасын үзіп, байкот жариялаған Катар да альянстың қатарын толықтырып отыр. Осылайша аталған альянстың құрылуына өз кезегінде әлемнің әр түкпірінде өршіп кеткен исламофобиялық жат құбылыспен күресуді алдына мақсат етіп қойды: радикалды ұлтшыл үнді билігінің жергілікті мұсылмандарға қарсы зорлық-зомбылығына, Израилдің палестиналықтарды өз жерінен ығыстыруға негізделген басқыншылығына және исламофоия етек алған батыстағы әлеуметтік жат құбылысқа қаншалықты тойтарыс бере алады? Оны уақыт көрсетеді. Десе де аталған үш ел тарапынан алғашқы қадамдар жасалуда: 2019 жылдың қыркүйек айының соңында Нью-Йорк қаласында Біріккен Ұлттар Ұйымының 74-ші бас ассамблеясында Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған, Малайзия премьер-министрі Махатхир Мұхаммед және Пәкістанның премьер-министрі Имран Хан кездесіп, батыстағы исламофобияның арынын басу үшін ағылшын тілінде хабар тарататын телеарна ашуға келіскен болатын. Алайда, енді-енді қалыптасып келе жатқандықтан альястың бұл бағыттардағы стратегиясы әлі қабылдана қойған жоқ. Десе де ислам әлеміндегі күштердің арасалмағында Саудия бастаған араб елдерінің дәстүрлі ықпалы жоғары. Ислам ынтымақтастық ұйымында Саудияның қас-қабағын бағатын араб елдерінің қарасы көп. Соған қарамастан жаңа альянстың түзіліп келе жатқанын сарапшылар жоққа шығармайды. Естеріңізде болса, осыдан аттай бес ай бұрын сайтымыздың жаңалықтар таспасында жарияланған «Мұсылман елдерінің бірыңғай криптовалютасын жасауды ұсынды немесе Куала-Лумпур саммиті төңірегінде бірер сөз...» (сілтемесі: http://islam.kz/kk/news/alem/musylman-elderinin-biryngai-kriptovalyutasyn-jasaudy-usyndy-nemese-kuala-lumpur-sammiti-tonireginde-birer-soz-12885/#gsc.tab=0) талдау материалымызда мұсылман елдерінің бүгінгі таңда орын алып отырған ислам әлеміндегі өзекті мәселелерді талқылауға арналған келелі жиынның Малайзия астанасында өтуінің өзі көп нәрсені аңғартқан болатын. Тек мұнай шикізатына арқа сүйеп келген, орта ғасырлық «ортадоксалды» көзқарасынан көп ұзай қоймаған араб монархтарынан қайран жоғын түсінген өзге сүнниттік елдер сол жиында батыстың ықпалын кеміту мақсатында ислам әлемін цифрландыру секілді мәселені көтеріп, күн тәртібіне шығаруы да тек мұнай шикізаты арқылы билігін ұстап тұрған араб монархтарынан көш ілгері альянсты құруға алғашқы талпынысы десек те болады. Алайда, Пәкістан басшысының Куала-Лумпурдегі саммитке ел экономикасына қыруар қаражат құйып отырған Қытайдың қас-қабағын бағып қатыса алмай қалғанын кезінде айтып өткенбіз. Олай дейтініміз, Қытай билігі Пәкістанның бұл қадамын Шыңжың Ұйғыр автономиялық аймақты жаппай қытайландыруға қатысты өзінің саясатына қырын қарағаны деп қабылдауы да мүмкін. Бұдан бөлек, Пәкістанға бұл саммитке қатыспауы үшін Саудия билігі де қысым жасаған еді. Алайда, Пәкістанға ең алдымен өзінің мүддесін қорғау үшін бұл саммиттің маңызы зор болатын: негізінен аталған альянстың бар назары Үндістан мен Пәкістан арасындағы даулы аймаққа, яғни, Кашмир мәселесіне ауып отырғанын айта кету керек. 2019 жылдың қараша айында Түркия Кашмир мәселесіне қатысты халықаралық жины өткізгенін естеріңізге сала кетеміз. Бұл алқалы жиынға Пәкістан сенаторы Шерри Ремен қатысты. Ал 2020 жылдың бас кезінде Пәкістанған сапары кезінде Рееп Тайып Ердоған Пәкістан парламентінің мінберінде тұрып жарты сағатқа созылған сөзінде Кашмир мәселесін 25 рет аузына алды. Ердоған Кашмирді бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде ағылшындар мен француздарға қарсы түріктердің Галлиполи үшін болған күресімен салыстырды. Осыған байланысты үнді билігі Үндістандағы Түркия елшісін шақыртып, елдің ішкі ісіне қол сұқты деп айыптады. Малайзия премьер-министрі Махатхир Мұхаммед те биліктен кетер кезінде «Үндістан Кашмирді басып алды» деп айыптап мәлімдеме жасады. Ал Саудия мен Біріккен Араб Әмірлігі Кашмирді Үндістанның ішкі шаруасы ретінде қарастырады. Бұған қоса, тақ мұрагері Мұхаммед бен Салманның тікелей ықпалымен Саудия және Үндістан арасындағы соңғы жылдары қарқын алып келе жатқан экономикалық байланысқа негізделген мүддесін қорғау үшін Саудия билігінің Үндістандағы мұсылмандар басындағы мүшкіл жағдайға көз жұма қарап отырғанын айта кету керек. 2019 жылы Саудия тақ мұрагерінің Үндістанға сапарында үнді экономикасына осы уақытқа дейін болмаған мол мөлшерде инвестиция құйды. Бүгінгі таңда әлемнің әр түкпірінде түрлі саяси, әлеуметтік, нәсілдік, діни кемсітушілікке ұшырап, қыспақта қалған исі мұсылманның құқығын қорғауға Ислам ынтымақтастық ұйымы қауқарсыздық танытып отыр. Күллі әлемдегі зорлық-зорлық көрген мұсылмандарға жәбір-жапа көрсеткендерді айыптаудан аса алмай, тек сөз жүзінде қалатын мәлімдемелермен шектелуде. ИЫҰ-ның оларға қарсы қолданар қандай да бір саяси тетігі жоқ десе де болады. Оның үстіне, аты бар да заты жоқ аталмыш ұйымнан қайран жоғын Малайзияның бұрынғы премьер-министрі бастаманы өз қолына алып, саммит өткізуінен де байқайсыз. Осы орайда, Түркияның да, Малайзияның да, Пәкістанның да идеологиялық және стратегиялық мақсат-мүдделері бір арнада тоғысады. Оны жоғарыда айттып өттік. Ал Катардың аталған одаққа Түркия арқылы тартылып отырғанын айта кетпеске болмайды. Әу баста Түркия мен Катардың әріптестігін Катарды әлемнен оқшауламақ болған Саудия мен Біріккен Араб Әмірлігіне қарсы таразы басын теңестіретін тандем деуге келеді. Екі ел де аймақта сүнниттердің саяси ұстанымының бір болғанын қалайды. Мәселен, Стамбұлдағы Саудия елшілігінде қастандықпен өлтірілген саудиялық журналист Жамал Кашшогидің өліміне тақ мұрагерінің қатысы бар деп айтылады. Әлбетте, әлемнің көптеген елдерінде, соның ішінде Саудия билігі ресми түрде террористік ұйым ретінде таныған «Мұсылман бауырлар» қозғалысының саяси ұстанымын құптайтын саудиялық журналистің өліміне қатысты барынша әділ тергеу жүргізуді талап еткен Түркия билігінің «Мұсылман бауырлар» қозғалысының саяси ұстанымын құптайтыны да Саудиялық монархтарға ұнамайды. Сәлафшылдық идеологияға жұлдызы қарсы болғаны үшін әрі бұл қозғалыстың тек Мысырда ғана емес, сонымен қатар, Саудия мен Біріккен Араб Әмірлігінде де кеңінен етек алуынан қауіптенген Саудия билігі «Мұсылман бауырлар» қозғалысын террористік ұйым ретінде таныды.

0 пікір
Мұрағат