Саудияның ядролық амбициясын саясиландырудың астарында не жатыр (жалғасы)
Саудияның ядролық амбициясын саясиландырудың астарында не жатыр (жалғасы)
4 жыл бұрын 3145 islam.kz-ке гиперсілтеме берілуі міндетті

Басы мына сілтемеде: https://islam.kz/kk/news/alem/saudiyanyn-yadrolyq-ambitsiyasyn-sayasilandyrudyn-astarynda-ne-jatyr-14018/#gsc.tab=0

Сарапшылардың көбісі бірнеше жүздеген ядролық оқтұмсыққа ие Қытайдың (Қытайда энергия қажеттілігінің 4,2%-ы ядролық энергияға тиесілі) Саудияға бұл тарапта көмек көрсетуінің астарында әлемдік ядролық орталыққа айналу арқылы прагматикалық негізде экономикалық пайда табу жатқанын алға тартып отыр. Бүгінгі таңда Қытай аумағында 45 атом электр стансасы жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек, тағы 12-сі салынып жатыр. Оның үстіне, Қытайдың ядролық индустриясы шапшаң қарқынмен дамып келеді. Сол себепті, бір-біріне жұлдызы қарсы болса да Саудияға да, Иранға да бұл салада, дәлірегі, энергетикалық саланы әртараптандыру мақсатында көмек көрсетіп жатыр. Халықаралық стандарттарды белден басып. Осы орайда Саудия мен Қытайдың ядролық сектордағы қатынасы 2012 жылдан бастау алатынын айта кету керек. Аталған жылы Қытайдың Саудиядағы ұлттық ядролық корпорациясы филиалының ашылуынан басталған еді. 2016 жылдың қаңтар айында Қытай басшысының Саудияға ресми сапары барысында газбен салқындатылатын жоғары температуралы реактор құрылысына техникалық және экономикалық тұрғыдан дайындықты пысықтайтын өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. 2017 жылы корол Абдолла атындағы атом және жаңғыртпалы энергия жөніндегі ғылыми орталықтың қызметкерлері аталмыш реактормен жұмыс істеуді үйрену үшін Қытайға келген болатын. Сол жылы Қытай билігі уран кен орнын игеру бойынша саудиялық геологиялық қызметімен өзара түсіністік туралы тағы бір меморандумға қол қояды. Мұндай құжат ядролық технология саласында жұмыс істейтін қытайдың инженерлік компаниясы мен саудиялық компания арасында да бекітіледі. Мұндағы мақсат суды тұшшыландыру үшін ядролық реакторды дамыту болатын. Ал баллистикалық қаруға келетін болсақ, 2018 жылы Саудия билігі қуатты қаруға қол жеткізуді мақсат етіп отырғанын жариялап, мұндай қаруға отын алуға ден қояды. Десе де сарапшылардың топшылауынша, Қытай Саудияның ядролық әлеуетін көтеруге мүдделі емес. Өйткені, бұл Қытайдың түпкі мақсатына (Саудияның ядролық салада тәуелсіз болуына) сай емес. Қытай жоғарыда айтылған себептерден (әлемдік ядролық орталыққа айналу арқылы прагматикалық негізде экономикалық пайда табу) бөлек, Саудияның ядролық бағдарламасының жүзеге асуына аталған елден өзіне мұнайдың жетуін қауіпсіз ету үшін көмектеседі. Жалпақ тілмен түсіндірер болсақ, Қытай аса ірі мұнай кені бар елден ағыл-тегіл ағылып жатқан мұнайдан қағылмауы үшін осындай қадамдарға бару мәжбүр. Ертең алда-жалда АҚШ-пен арада соғыс бола қалған күнде Саудиямен арадағы бұл күретамырдың үзіліп қалмауына мүдделі. Саудия ядролық бағдарламасын толыққанды жүзеге асыруға, дәлірегі, өзінің мейлі қандай мақсатта болса да ядролық әлеуетін көтеруге бірнеше ондаған жыл кетеді. Бұл бағытта талай қиындықтармен бетпе-бет келетіні сөзсіз. Сол себепті, Саудияғы бұл тарапта ұзақ мерзімге сырттан көмек ауадай қажет. Израилдің ұлттық қауіпсіздік кеңесінің баяндамасында айтылғандай, Саудия өзінің ядролық амбициясы үшін сыртқы күштерді тартқан күннің өзінде ядролық энергетика саласындағы бағдарламасын жүзеге асыруға бірнеше ондаған жыл кетеді. Десе де Саудия уранды жоғары деңгейде байытуға қол жеткізу үшін бейбіт немесе әскери мақсатта уранды пайдаланудың алғашқы кезеңіне кірісіп кетті. Саудия, жоғарыда айтып кеткеніміздей, ядролық бағдарламасында америкалықтармен олардың шектеу талаптарына байланысты ынтымақтастық орнатудын бас тартқанымен тек белгілі бір аяда ғана бұл салада көмек бере алатын Қытайдан бастап өзге де ядролық державалармен ынтымақтастық орнатуға дайын. Өзінің ядролық бағдарламасын қайткен күнде де жүзеге асыру үшін. Әлбетте, Қытай Саудияның бұл бағыттағы амбициясын толыққанды қанағаттыра алмайды, Қытай – Саудияның ядролық бағдарламасының бастапқы кезеңінде ынтымақтастық орнатқан уақытша «әріптес» ел. Бейнелеп айтқанда Қытай Саудия үшін бұл салаға дендеп енудің алғашқы баспалдығы ретінде ғана рөл атқарады. Саудия, жоғарыда айтып өткеніміздей, ядролық бағдарламасын жүзеге асыру үшін тек Қытаймен ғана емес, сонымен қатар, Пәкістан, Солтүстік Корея секілді мемлекеттердің көмегіне жүгінуден де тартынбайды. Ядролық технологияны игеру мақсатында.

(жалғасы бар)

0 пікір
Мұрағат