Саудияның ядролық амбициясын саясиландырудың астарында не жатыр
Саудияның ядролық амбициясын саясиландырудың астарында не жатыр
4 жыл бұрын 3372 islam.kz-ке гиперсілтеме берілуі міндетті

Саудия билігінің елдің солтүстік-батысында Қытайдың екі компаниясының көмегімен уран кенін өңдеу барысында алынатын концентратқа арналған кәсіпорын ашатыны туралы батыстық бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазып жатыр. Бұл жайында islam.kz порталының сараптамалық материалын назарларыңызға ұсынамыз. Дәлірегі, әл-Ула қаласы маңындағы шөлде аталмыш кәсіпорынға қатысты құрылыс жұмыстары жүріп жатқанын жазыпты The Wall Street Journal мерзімді басылымы. The Wall Street Journal Саудияның энергетика министрлігіне арнайы сұрау салған екен, алайда, мақалада айтылған аумақта ядролық отын дайындалатын, «сары пирог» деп аталатын уран кенінен алынатын материалға арналған кәсіпорын құрылысы туралы ақпаратты теріске шығарды. Десе де Саудияның энергетика министрлігі қытайлық компаниялармен ел аумағынан пайдалы қазба қыртысын игеру туралы келісім-шартқа отырғандарын жоққа шығармады. Соның ішінде уран кенін де қамтитын бұл жоба ел экономикасын мұнай шикізатынан құтқару әрі ел экономикасын әртараптандыру мақсатында қолға алынып жатқанын жеткізіпті. Осы орайда энергетика министрі Әбдіәзіз бин Салман 2019 жылдың қыркүйек айында болашақта уран өндіруді көздеп отырғандарын мәлімдеген болатын. Осы орайда аталған ел аумағында зерттеу мақсатында тұңғыш ядролық реактор құрылысы корол Әбдіәзіз атындағы ғылым және технология орталығының ықпалымен 2018 жылдың қараша айында басталғанын айта кету керек. Бұған ел билігінің 2017 жылдың шілде айындағы бейбіт мақсатта қолданылатын атом жобасын мақұлдаған шешімі түрткі болды. Мұндағы мақсат Саудияны мұнай шикізаты тәуелділігінен құтқару болатын. Батыс агенттіктерінің есебі бойынша Саудия билігі 2030 жылға дейін жаңғыртпалы энергия көздері есебінен 9,5 гигаватт электр энергиясын өндіруді алдына мақсат еткен. Осы мақсатта аталған ел аумағында 16 ядролық реактор құрылысын жүргізу жоспарланған болатын. Саудияның ядролық жобасы бүгінде негізгі одақтасы АҚШ-та байбалам салатын тақырыпқа айналып, саяси сипат алып келеді. АҚШ билігі саудиялық ядролық жобаны саясиландыруының астарында аталған араб елінің Қытаймен экономикалық мүдде тұрғысынан жақындасуы себеп болып отыр. Қытайдыңи арнасынан аса бастаған Таяу Шығыстағы ықпалын мейлінше тежеу үшін Саудия аумағындағы қытайлық компаниялармен бірігіп қолға алынған түрлі жобаларды тоқтатуға мүдделі. Сонымен қатар, Саудия билігі электр энергиясы мен су тұшшыландыру мақсаттарында қабылдаған ядролық бағдарламасын қажет болған жағдайда әскери мақсатта да қолдануы мүмкін екенін жасырмайды. Мәселен, өзінің аймақтағы бәсекелесі Иран ядролық қару жасаған жағдайда. Дәлірегі, 2018 жылы тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман осындай мәлімдеме жасаған болатын. The New York Times мерзімді басылымының жазуынша, америкалық барлау қызметі дайындаған құпия баяндамада Саудияның ядролық бағдарламасында Қытаймен ынтымақтастық орнатқаны айтылған. Ал Джордж Вашингтон атындағы университет оқытушысы Атеф Әбдіжауад саудиялықтардың Қытай көмегімен ядролық қару жасауға талпынысына қатысты бірнеше дәлел барын алға тартып отыр. Атеф Әбдіжауадтың Raseef22 ақпарат көзіндегі түсіндірмесіне сенсек, мұндай айғақтарды ұсынатын қайнар көздердің біріншісіне Саудия аумағындағы күн электр стансасы орын тепкен әл-Абайния елді-мекені мен әл-Ула оазисін қамтитын екі аудандағы саудиялықтар мен қытайлардың әрекетін қадағалаған америкалық барлау қызметіндегі мәліметтерді жатқызса, екіншісінде АҚШ-тан өзге әлемнің кез келген елімен ядролық сала бойынша ынтымақтастық орнату туралы Саудияның саясатына қатысты есепті сұратқан Өкілдер палатасының барлау дерегі жөніндегі арнайы комитетке сілтеме жасаған. Ал үшінші қайнар көз ретінде Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікті атаған. Бұл ұйымның есебінде Саудия мамандары өз аумағында 10 мың шаршы милде уран кенін игеріп жатқандығы айтылған. Осы орайда мынадай сауал туындайды: Саудия ядролық бағдарламасы бойынша неге америкалықтармен емес, қытаймен ынтымақтасып отыр? АҚШ ядролық салада Саудияға бірқатар шектеу қойып отыр. Яғни, ядролық бағдарламасын тек бейбіт мақсатта қолдануды талап етіп, уран өндірісіне және уран концентрациясына қатысты шектеулерді енгізбек. Ал енді Қытайды Саудиямен ядролық бағдарлама бойынша ынтымақтасуға не итермелейді? Екіншіден, Қытайдың Саудияның ядролық қаруға ие болуына қаншалықты көмектеседі?

(жалғасы бар)      

0 пікір
Мұрағат