ҚКП-ның 100 жылдығында Қытайдағы кедейлік жойыла ма?
ҚКП-ның 100 жылдығында Қытайдағы кедейлік жойыла ма?
2 ай бұрын 602 Естай Божан

Қытай әлемнің екінші ірі экономикасын құраушы ел болғанымен, кедейлер саны жағынан да әлемдегі алдынғы орындарға жайғасады. 2021 жылы Қытай Коммунистік партиясының құрылғанына 100 жыл толады. Бұл жайында qazaqtimes.com ақпарат көзінің материалынан оқып біле аласыздар.

Қалың шаруаны кедейліктен құтқарып, жарқын өмірге жеткізуге берген компартияның уәдесіне де 100 толады. Осыдан бұрын Қытай басшысы Ши Жинпиң (Си Цзиньпин) партияның 100 жылдығында елдегі  абсолютты кедейлікті жою мақсатын қойған болатын. Дегенмен, ғасырлық уәдені бір жылда орындау күмәнді түйткілдер тудырады.  Ши Жиньпин ішкі саясатта не үшін кедейлікті жоюды басты күнтәртіпке қойып отыр? ҚКП-ның ауыл саясатының басты қиындықтары қандай? «Қытай халқын кедейліктен құтқару» ұраны қашанға дейін жалғасуы мүмкін? Төменде осы сұрақтар төңірегінде қаузап көрелік.

Компартияның уәдесі

Мәліметтерге қарағанда, Қытайда әлуметтік жағдайы төмен тұрғындар ауылды жерде, олардың жылдық орташа кірісі 1700 АҚШ долларын шамасында. Қытай халқытың басым көбі ауыл тұрғындары екенін ескерсек, кедейлікте өмір сүріп жатқан қытайлықтардың саны аз емес екенін шамалауға болады. Үкімет жыл сайын кедейлікті жою мақсатында 80 млрд АҚШ доллары қаржы бөліп, түрлі бағдарламалар қабылдап, қалаларға ағылған тұрғындарды ауылдарына қайтаруға, өнімді өндірістерге жұмылдыруға тырысып жатады. Бірақ... Бірақ, Қытайдың билік партиясының тарихын зерттеген шетелдік зерттеушілер «ҚКП тарихы қытайлық егінші-малшыларды алдау және ақыр соңында оларды құрбан ету тарихы» деп санайды. Айталық, Калифорния мемлекеттік университетінің профессоры Сұң Йоңи осындай көзқараста. Оның айтуынша, ҚКП Мао дәуірінен тартып миллиондаған егіншілерді алдап келеді. Айталық, Мао «Қытайды азат етіп», фермерлерге жер беріп, жер реформасын жасауға уәде еткен. Оның уәдесіне ілесе миллиондаған кедей шаруалар қызыл армияға қосылып ҚХР-ын құрып шықты. Алайда, компартия уәдесін орындамады, жер бөлінгеннен бірнеше жыл өткен соң, ҚКП фермерлерді барлық жерлерінен мемлекетке қайтарды және оны әлі күнге дейін берген емес. Расында да, ҚКП Қытай билігін ұстағаннан тартып, «Қарқынды даму» (Қытайда «Зор секіріп, ілгері даму» деп аталады), «Британияны, АҚШ-ты қуып жету», т.б. көптеген әсіре саясаттарында ең алдымен егінші-малшы, шаруалардың «алдынғы шепке айдап салып отырды». Қалалар салу мен оларды дамытуда тәжірибесіз кезінде ҚКП ауылдағы шаруалар арқылы мыңдаған қалаларды асырай отырып, түрлі саяси, мәдени төңкерістер кезінде тағы да олардың мүддесі ескерусіз қалып отырды.

Неге маңызды күнтәртіпке енді

Қазіргі Қытай басшысының ауылды жерлердегі шаруаларды кедейліктен арылтуды маңызды күн тәртіпке қоюы, бір есептен заңды да. Бұл Шидің компартиядағы карьерасымен қатысты. Бір кездері өзінің коммунистік, социалистік көзқарастарын шыңдау үшін «негізгі сатыға» (шаруашылық өңірлерге) түсіп қызметтік карьерасын қайта құраған Ши адал шаруалардың қолдауын тауып, тез көтерілген. Ол биліктің ең төменгі сатысынан тартып жинаған ең көп тәжірибелері сол кезеңдермен тығыз байланысты. Қытайда қазір қалалардағы халық санының тығыздығы өз алдына бір ауыр проблемаларға айналуда. Ауыл-қыстақ тұрғындарының әлеуметтік жағдайын көтеру саясатына бұл да әсер етті. Былайша айтқанда, ауылдан қалаға бағытталған ішкі иммиграция, қалалардағы инфрақұрылым, тұрғын үй, медициналық орталықтар мен білім беру мәселелерін қиындатты. Миллиондағы иммигранттар қалаларда тұрақты баспанасыз, жертөлелер мен жерасты түнелдерін паналауына тура келді. Олардың балалары қалалық тіркеуде, тіпті, тұрақты тіркеуде де болмағандықтан мектептерге қабылдауда қиындыққа тап болды, медициналық көмек беруде жүйеге келген жоқ. Қытай қалаларындағы шетелдік туристер қалалардағы иммигранттардың жағдайының қаншалықты ауыр екенін бір қарап-ақ тани қояды. Ішкі Қытайдағы қай қалада болмасын, буыншақ-түйіншектерімен авто-стансалар мен вокзалдарды толтырып жүрген иммигранттарды көреді. Міне, бұл жағдайға қарап, үкімет үлкен дағдарыс алдында кедейліктен арылту бағдарламасын қабылдады емес, қабылдауға мәжбүр болды деуге болады.

Қалаларға ағылған шаруалар. Фото: ROBYN BECK

Бірақ, Қытайдағы шаруалардың әлеуметтік жағдайының төмендігін қазіргі саясат түбегейлі шешеді деп сену қиын. Қытай басшысының карьерасында қабылдаған эстетикасы мен идеалистік көзқарасына сәйкес бұл дағы уақыттық шара екенін түсінуге болады. ҚКП 100 жылда шеше алмаған мәселе қысқа уақытта шешім таба қоюы екіталай.

0 пікір
Мұрағат