Пластикалық шөлмектің қолайлы түрі жасалды
|
Австралия компаниясы сөмкеңізге салып жүруге өте қолайлы шөлмекті жасап шығарды. Оның артықшылығы жалпақтығында. Сөмкеңіздегі кітаптардың, дәптерлердің, планшеттің арасына салып жүруге қолайлы осынау палстикалық шөлмек қатты материалдан жасалғандықтан ыдыс-аяқ жуатын машинаға салып жууға болады. Бұл жобаның авторлары оның ең басты артықшылығын атап, экологияның одан ары нашарламауына септігін тигізетінін тілге тиек етіп отыр. Нақтырақ айтқанда, бір жолғы пластикалық шөлмектерден қоршаған орта қатты ластанып отыр. Ал мұндай шөлмектерді бір жолғы пластикалық шөлмектер секілді тек бір-ақ рет пайдаланып, лақтырып тастамайсыз. Оны әлденеше рет қолдануға болады. Бұл өз кезегінде бір жолғы пластикалық шөлмектердің қоршаған ортаның ластауын азайтады. Өткен жылдың өзінде әлемде 600 млрд-тан аса бір жолғы палстикалық шөлмек сатылған екен. Мәселен, Америкада әр секунд сайын сусын толтырылған 1500-ге жуық бір жолғы шөлмек пайдаланылады екен. Олардың тек жиырма пайызы ғана қайта өңдеуден өтеді. Бұған қоса, бір жолғы палстикалық шөлмекті пайдалану ауыз судың бағасының да көтерілуіне себеп болып отыр. Экологиялық жағынан таза палстикалық шөлмектің қалыңдығы – 30 мм. Бұл шөлмектің үш түрі бар: 750 мл (А5 форматтағы қағаз көлеміндей – 148 х 210 мм), 1,25 литрлі (А4 – 210 х 297 мм) және тағы 1,25 литрлі (216х279 мм). Аталмыш шөлмек алдағы бір-екі ай қарсаңында саудаға шығарылады. Мұндай шөлмектің құны – 22 доллар.