Иран өз кемесіне шабуыл жасалған жағдайда соғыс ашатынын мәлімдеп, сес көрсетті
|
Йемендегі заңды билікке, дәлірегі, сүниттерге қарсы бас көтеріп, бүлік шығарған шиттік хусит тайпасына гуманитарлық көмек жөнелткен Иран жүк тиелген кемелеріне шабуыл жасалған жағдайда осыған себеп болған мемлекетке соғыс ашатынын мәлімдеп, сес көрсетті. Дәлірегі, Иранның Қарулы күштері штабының бастығының орынбасары, генерал Масғұд Жазейри осындай мәлімдеме жасады. Бұл жайында «Fars» ақпарат көзі хабар таратты. Сондай-ақ, Иран билігі Сауд Арабиясы мен АҚШ-қа қарата: «Иранның өз-өзін шектеп ұстауының да шегі болатынын» ескертті. Естеріңізге сала кетейік, үстіміздегі жылдың мамыр айының 11-і күні Иранның оңтүстігіндегі «Бендер-Аббас» айлағынан Йеменге, дәлірегі, шиттік хусит тайпасына гуманитарлық көмек жөнелтілген болатын. Генерал осы кемені меңзеп отыр. Халықаралық қауымдастық пен әлем жұртшылығы Ираннан «Йемендегі бүлікші тайпаға қару-жарақпен көмектесіп отыр», - деп күдіктенеді.