Америка саммитіне Венесуэла президентінің сыңары келді
Америка саммитіне Венесуэла президентінің сыңары келді
10 жыл бұрын 2817

Жуырда Панамада өткен қос Америка құрылығын жайлаған мемлекеттердің елбасылары қатысқан айтулы жиынға Венесуэла президенті Николас Мадуроның өзі емес, оның сыңары келген. Қауіпсіздік үшін. CNN телекомпаниясы испан тілділерге арналған YouTube бөлігінде осы тақырыпқа қатысты видеоны орналастырған екен. Венесуэла президентінің елден ерекшеленіп, мұндай сақтыққа не үшін барды деген сауалға келсек, оның жауабын өз сөзінен табамыз. Ол талай рет өзіне қарсы қастандық жасайтындардың көп екенін мәлімдеген болатын. Сөз реті келгенде айта кетейік, жарты ғасыр бойы, яғни, тұп-тура елу жыл бойы кездеспеген екі ел (АҚШ пен Куба) басшылары осы жиында жеке кездесіп, бірқатар мәселелерді қозғады. Бұл жайында AFP ақпарат көзі хабар таратты. Тоң жібіп, сең қозғалғандай болған екі ел арасындағы салқын қатынасты оң жолға қою осы саммитттің күн тәртібінде өткір тұрған мәселелердің бірі болды. Осынау тарихи кездесу кезінде екі ел басшылары бір мәмілеге келіп, елшіліктерін ашуға қол жеткізді. Тараптар, сонымен қатар, эмбаргоны (қару-жарақ тыйымын) алып тастау және Кубаны террористерге демеушілік жасаушы мемлекеттер тізімінен сызып тастау мәселелері де көтерілді. Қосымша дерек ретінде айтарымыз: Америка саммитінде 33 елдің басшылары қатысты, барлығы 35 елдің делегациясы келді.

0 пікір
Мұрағат