Әкелер мен балалар: Саудия Израилдің үстінен "мұздай су құйып" жібергендей болды
Әкелер мен балалар: Саудия Израилдің үстінен "мұздай су құйып" жібергендей болды
6 жыл бұрын 9170 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Саудия билігі Израилдегі АҚШ елшісінің Тел-Абиб қаласынан Құдысқа көшкенін теріс қабылдады, яғни, америкалықтар мен израилдіктердің бұл әрекетін мойындамайтынын ресми түрде мәлімдеді. Бұл нені білдіреді? Саудия Құдыстағы АҚШ елшілігін ресми мойындамағандықтан аталған елшіліктің қызметін заңсыз деп таниды. Заңсыз деп таныған соң онымен қандай да бір қатынас орнатпайды деген сөз. Ол ол ма, Саудия билігі Израилді, тіпті, мемлекет ретінде мойындамаған емес. Израилдегі АҚШ елшілігінің ел астанасынан Құдысқа көшірілуін палестиналықтардың құқығын шектейтін әрекет ретінде бағалап отыр. Онсыз да жауыр бола бастаған тақырыпты неге қаузап отырсыздар, деп айып етпеңіздер. Мұның екінің бірі мән беріп, назар аудармаған мынадай жағы бар: естеріңізде болса, осыдан біраз уақыт бұрын сайтымыздың жаңалықтар таспасынан Саудияның тақ мұрагері Мұхаммед бен Салманның жуырда исі мұсылманды өзіне қарсы қоятын мәлімдеме жасағанын, онда еврейлердің де тарихи отанына, яғни, атажұртына қақысы барын мәлімдегенін  бірнеше мәрте хабарлаған болатынбыз ("Тақ мұрагері палестиналықтарды ата жауына жығып берді", "Тақ мұрагері исі мұсылманды өзіне қарсы қоятын мәлімдеме жасады"). АҚШ-тың Нью-Йорк мегаполисінде еврей қауымдастығы жетекшілерімен кездесуінде, тіпті, палестиналықтарға жеки сөйлеп, олардың өздеріне берілген келіссөздерден бас тартып, талай мүмкіндікті уысынан шығарып алғанын бетіне басып, жазғыра сөйлеген болатын. Әкесі Салман бен Әбдіәзіз әл Сауд өзі тікелей жетекшілік еткен министрлер кабинетінің мәжілісінде қабылданған шешім бойынша АҚШ-тың Израилдегі палестиналықтардың наразылығын тудырған әрекетін айыптаса, баласы Мұхаммед еврейлерді ашық қолдап отыр. Баласы израилдіктерді дем беріп, желпіндіріп қойса, тақ мұрагерінің өздеріне қолдау көрсеткеніне масаттанып тұрғанда әкесі келіп, олардың үстінен мұздай су құйып жібергендей болды. Әлбетте, әкелер мен балалар тақырыбы монарх пен тақ мұрагері арасында алғаш көтеріліп отырған жоқ. Ұрпақтар арасындағы келіспеушілік қашаннан бар, бұрыннан бар, болашақта да қайталанатын тақырып. Мәселе сонда, билік басындағылардың бір көзқараста болмауы ең алдымен өз халқын орға жығатын қайшылыққа апарып соқтыруы мүмкін. Екіншіден, Саудияның сыртқы саясаттағы имиджіне айтарлықтай нұқсан келтіреді. Ол өз кезегінде елдің экономикалық, әлеуметтік жағдайына салқынын тигізеді. Тарқата берсең, осылай тізіліп кете береді. АҚШ-тың жақын одақтасы бола тұра Саудияның мұндай позиция ұстануы екі елдің қарым-қатынасына қаншалықты салқынын тигізеді. Бұл өз алдына бөлек тақырып. Бізді толғандыратыны, төрінен көрі жақын қарт монарх пен болашағы алда жас мұрагердің арасындағы саяси тартыстың аймақтағы жағдайға қалай әсер ететіні. Онсыз да палестина мәселесі ушығып тұр: мамыр айының 14-і күні болған израилдік қауіпсіздік күштерімен кезекті қақтығыстан (Газа секторындағы) 60-тан аса палестиналық изриалдік арнайы жасақтың оғынан мерт болды. 2000-нан аса палестиналық түрлі деңгейде жарақат алды. 

0 пікір
Мұрағат