«Яхьяның (а.с.) бес міндеті»
«Яхьяның (а.с.) бес міндеті»
1 жыл бұрын 3157

Хайри әл-Ашғариден (р.а.) Имам Ахмад пен Тирмизидің риуаят еткен хадисінде ардақты Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай деген: «Аллаһ тағала

(Закарияның (р.а.) баласы) Яхияға (р.а.) бес бұйрық берді: Осы бес бұйрықты орындауды және Исрайл ұрпақтарына осы бес бұйрықты жеткізіп орындауларын талап етуді тапсырды. Яхия (р.а.) бұл тапсырманы кешіктіре жаздаған еді. Осы сәтте Иса (а.с.) өзінің атқаруы керек міндетті ескеріп, Яхияға (р.а.):

«Аллаһ тағала саған бес бұйрық орындауыңды және осы бес бұйрықты Исрайл ұрпақтарына жеткізуді бұйырды. Бұл міндетті орындауға шамаң жете ме? Жоқ, әлде бұл міндетті мен қолыма алайын ба?» – деп сұрады. 

Яһия (р.а.):

«Сен бұл істі менен гөрі тезірек орын дайтын секілдісің. Осы міндетті тиісінше атқара алмай, азапқа ұшыраудан қорқамын» – деді. (Осыны айта салы сымен дереу іске кірісті). Елді Құдыс мешітіне жинады. 

Мешіт жамағатқа лық толды. Ол сөзін былай бастады: «Шынында, Аллаһ тағала маған бес бұйрық тапсырды. Осы бес бұйрықты орындап, сіздерге жеткізуімді бұйырды. 

Біріншісі: 

Бір ғана Аллаһқа құлшылық жасап, Жаратушыға серік қоспау. Аллаһқа серік қосқандардың кімге ұқсайтынын білесіздер ме? Бір ауқатты адам өзінің мал-мүлкіне қарау үшін бір қызметші жалдады делік. Оған: «Мынау менің үйім, мынадай міндеттерді орындауға тиістісің» – дейді. Қызметші құп алып, өз жұмысына кіріседі. Қожайынның тамағын жейді, суын ішеді, берген киімдерін киеді, соның үйінде тұрады. Уақыт өте келе жұмысқа келгенде енжарлық танытып, істің аяғын ақсата бастайды. Өзі тұратын үйді, жұмсалып жатқан ақшаның кімдікі екенін ұмытып, сый-құрметті қожайынға емес, басқаларға көрсетуді шығарады. Тіпті, қожайыны есінен шығып, басқалардың алдында құрақ ұшатын болады. Үйіңде тұрып, асын ішіп, төсегін тілетін, өз қожайынын танымайтын, алғысын басқаларға бағыштайтын қызметшіні ешкімнің де қаламасы анық. Қарамағындағы қызметкер жұмысын дұрыс атқармаса, бастық оны орнынан қуып, жалақысын тоқтатып тастайды. Өйткені, өзіне бағынбағанды қаламайды. Басқаларға жасалған сый-құрметтің өзіне жасалмағандығына налиды. Адам екеш адам міне осындай. Ал енді күллі ғаламның жаратушысы Аллаһ тағала өзіне, жаратқан құлының бағынбағанын, алғысын басқаға білдіргенін құптай ма? Алайда, Аллаһтың мейірімінің молдығы соншалықты өзін танымаған, рахметін білдірмеген, тіпті, өзіне қарсы шыққан құлдарын жер бетінен тып-типыл етіп, жоқ қылып жіберген емес. Баршамызды Аллаһ жаратты, барша жаратылыс Аллаһтың мүлкі. Айналамыздағы барлық жаратылыс, ырыс-берекелер – Аллаһтың қалағаны. Баршамыз Аллаһқа қызмет етеміз, жақсы көреміз. Оған деген сый-құрметімізді құлшылығымызды жасау арқылы таныта аламыз. Аллаһтың рызық-несібелерін игілігімізге жаратып, Аллаһқа серік қосушы пенделердің қатарынан болмауға тырысамыз. Аллаһ – біздің жаратушымыз, рызық берушіміз. 

Екіншісі:

Ұлы Аллаһ тағала намаз оқуымызды бұйырды. Шындығында, Аллаһ тағала намаз оқып тұрған құлына оң көзбен қарайды. Пенде жүзін оңы мен солына бұрмайынша, Аллаһ тағала одан назарын алмайды. Намазға тұрған сәтте дұрыс тұрыңдар. (Денеңізбен, рухыңызбен, жүрегіңізбен, жан-тәніңізбен тіп-тік болып тұрыңдар. Оң мен солға жалтақтамаңдар.) Аллаһ өзіне құлшылық қылған пендесінің амалын берекетсіз қалдырмайды. Аллаһ нұрлы ілімімен барлық нәрселерді біліп, естіп тұрады. 

Үшіншісі: 

Аллаһ сіздерге ораза ұстауды бұйырды. Ораза ұстаған кісі киімінде жұпар иісті мискі бар адамға ұқсайды. Оның жұпар иісі барлығымызға жағымды емес пе? Алайда, ораза тұтқан құлдың аузынан шыққан иіс Аллаһтың құзырында жұпар иісті мисктен де артық. 

Төртіншісі: 

Аллаһ сіздерге садақа, зекет беруді бұйырды. Зекет пен садақа адамды ақыреттегі қиыншылықтардан, ауыр жазалардан құтқарады, оның жаннатқа кіруіне жол ашады. Бұл мына мысалға ұқсас. Бір адамды дұшпандары қолға түсіріп, қолдарын артына қайыра байлап, басын кесу үшін ашық алаңға алып келеді. Дәл осы сәтте біреу:

«Бұл адамды еркіне қоя беріңдер! Қарызы болса қайтарып, жазасы болса құнын төлеймін» – деп ажалдан құтқарып алады. Міне сол сияқты зекет, садақа да ақыреттегі ең қиын сәтте араша түседі. 

Бесіншісі: 

Аллаһ сіздерге Өзін зікір етуді бұйырды. Әрдайым Аллаһты есінен шығармаған адамды басқа ойлар мазалай алмайды. Оған ештеңе де зиян бере алмайды. Өйткені Аллаһты зікір ететін иманды құл мықты қорғанның ішіне кіргендей, дұшпанының жамандығынан құтылады. 

Алайда Аллаһпен бірге болып, оны тілінен, ойынан шығармаған адамды шайтан аңдумен болады. Әрдайым оның осал тұсын іздеп, құрығына ілігер сәтін күтеді. Дөп келсе, дереу күнәлі істерге жетелейді. Тіпті, оны имансыз, дінсіз, құлшылықсыз ету үшін адасушылыққа итермелейді. Мұндай кесапатты дұшпанның жаманшылығынан құтылғысы келген құл Аллаһтың зікірімен мықты қамалдың ішіне кіреді. Аллаһпен бірге болады. Тілін Аллаһ деуге бұйырады. Жүрегін қорғау үшін ол жүректі шынайы иесіне тапсырады. 


Нұрлан Сайлауұлы, Еркебұлан Ыбырайымұлы: "Намаз діннің діңгегі!".

0 пікір