Нұх пайғамбар мен қауымының топан су алдындағы монологы (өлең)
Нұх пайғамбар мен қауымының топан су алдындағы монологы (өлең)
3 жыл бұрын 4085
Меруерт Бақдәулетқызы

"Нұх (ғ.с.): "Раббым! Расында мен елімді күндіз-түні шақырдым. Бірақ шақыруым, олардың қашуын ғана арттырды" /"Нұх" сүресі, 5-6-аят /.

"Ғасырдың артта қалған адамысың,

Сен-сиқыр, жалғандықтың қадамысың.

Бұл Нұхтың айтқанына құлақ салма,

Біздерге нағыз Тәңір-таза мүсін.

Кедейсің, соңнан ерер саналы жоқ,

Сен, Нұх, бізден артық тазамысың?!

Әкелсең, әкеле бер азабыңды,

Көрейік сен жіберген қаза, мұңды.

Біз болсақ бетке ұстары еліміздің,

Көрерміз алар дейсің жаза кімді?!

Қайдағы топан сумен қорқытасың,

Біз әркез естіп өскен ғажап үнді.

Уағыздап ғасыр бойы сен келесің,

Қорқытып ақырет пен тозағыңды.

Кемеңді көк өгізге жегемісің?!

Айтушы болма мұндай мазағыңды!

Әй, Нұх, бұл салмақсыз сөзің мынау,

Білмейсің кімге көрді қазарыңды.

Соңыңнан салпаңдаған қу кедейлер,

Уағызың тоздырған-ау ажарыңды.

Тірліктің тұтқасындай біз қаламыз,

Жайнатып гүл-өмірден базарыңды".

Пайғамбар насихатын тастамады,

Ұлы Хақ болды оның басты амалы.

Әйелі дінсіздердің жақтаушысы,

Айтылды жәбірлеумен астам әні.

Алланың сынағына сабыр сақтап,

Жоқ еді дінсіздерге басқа амалы.

Ғасырлар өтті талай сағымданған,

Үмітке айналумен жағымды арман.

Құлады шектен шыққан шыңырауға,

Жазалы күн де жетті бағымды алған.

"Әй, Нұх, түсің мынау, ісің мынау,

Айта бер бізге әңгіме тұщымдылау.

Сен бірақ біздің көзге көрінесің,

Бір түрлі, жынды, бәлкім, қысымдылау.

Тірліктен түңілдіріп бізді нең бар,

Аулаққа жүз шақырым жүрсін бұл-ау!"

Құдайсыз қу қауымдар паңданғасын,

Білді Нұх ізгілікке жалғанбасын.

Үш ұлы, азын-аулақ кедей ерді,

Ашиды іші күйіп, қалғанға шын.

Мейлі, олар жамандасын, жалғандасын,

Бұрмады насихаттан алған басын.

Пайғамбар өткен сайын мазақ етіп,

Байланды басыбайлы жалғанға шын.

Күн жылап, жылдар өтті жәбірленген,

Қуаты еселенді Тәңір берген.

Тандырдан су қайнады, жаза жетті,

Хақ Тәңір топан суға әмір берген.

Жылады адамзат та күнәсынан,

Қанды жас ақты жүрек-жырасынан.

Аллаға қарсы келу-оңбайтын іс,

Қоршады азап жер мен күн астынан.

Адасқан қауымдардың жыры мұңды,

Жоқ еткен жер бетінен зұлымыңды.

Топан су алдындағы бұл адасу,

Ашады құпиялы құлыбыңды.

Адамның айтқанына құлдық  ұрып,

Алладан артық санар ұлы кімді?!

Нәпсімен құндақталған тозақ отқа,

Саларсың көзді жұмып, құрығыңды.

Нәпсіге ауыр келер жәннат баққа,

Қадам бас ерте ойлап ұлы күнді.

Ұлы Хақ болар мәңгі тірегіміз,

Құраны-хикмет толы ұлы үнді.

Рухыңа сіңіре біл бұл ұғымды!

 

0 пікір